
Екінші таймда алаңға шыққан Дастан Сәтпаев да ойынды құтқара алмады
Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу турнирі аясында Қазақстан құрамасы Уэльспен кездесіп, 1:3 есебімен жеңіліп қалды.
Бұл – Қазақстанның топтық кезеңдегі алғашқы ойыны. Матч Уэльс астанасы Кардифф қаласында өтті.
Есеп ойынның небәрі 9-минутында ашылды. Қазақстанның айып алаңында болған қарбаласты уэльстіктер ұтымды пайдаланып, Дэниэл Джеймс гол соқты.
Ал, 32-минутта Асхат Тағыберген пенальтиден мүлт кеткен жоқ. Қазақстандық команданың шабуылы кезінде доп Уэльс ойыншысының қолына тиіп, төреші 11 метрлік айып добын белгілеген. Матчтағы жалғыз мүмкіндікті команда капитаны 100% пайдаланды.
Екінші тайм басталғаны сол екен, алаң иелері бұрыштама добын көтеріп, Бен Дэвис Заруцкий күзеткен қақпаға екінші голды соқты. Ал, 90-минутта уэльстік Рабби Матондо таблодағы көрсеткішті 3:1-ге жеткізді.
Еске салайық, матч алдында болған баспасөз конференциясында Қазақстан құрамасы бас бапкерінің міндетін атқарушы Али Алиев Уэльстен ұпай алуға тырысатынын айтқан еді. Ол өз сөзінде команданың джокері бар екенін мәлімдеген. Алайда, бұл матчта біздің ұлттық құрамаға ешбір джокер көмектесе алмады. Тіпті, «Челси» сапына ауысатын Дастан Сәтпаев та 75-минутта алаңға шыққанымен, жарытып ойнай алмады. Алдыңғы шепте жүрген Абат Айымбетовке де доп жетпей жатты.
Енді үш күннен кейін Алиев шәкірттері сырт алаңда Лихтенштеймен ойнайды.