Атағы жоқ «алтын» мектеп
Атағы жоқ «алтын» мектеп
2,881
оқылды
Жетісай қаласындағы Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясын халық «Алтын» мектеп деп атап кеткен. Өйткені білім ордасынан соңы 7 жылда 299 «Алтын белгі», 125 «үздік аттестат» иегері шыққан. Ал биыл бітірген 63 оқушының 30-ы алтын белгі, 21-і үздік аттестат иегері атаныпты. Зерделі шәкірттеріне білім дарытқан оқу ордасының жыл сайын жақсы көрсеткішке жетуінің сыры неде? Зерттеп көрдік. Қиырдағы білім ордасы 1986 жылы 1 176 оқушыға арналып салынған. «Гимназия» статусы ұжымға оңай жолмен келген жоқ. 1995 – 1999 жылдарда эксперимент алаңы ретінде бастауыш сыныптардан бастау алып, 1999 – 2001 жылдар аралығында гимназия сыныпты мектеп, 2001 – 2009 жылдарда көп салалы мектеп-гимназия, ал 2009 жылдан бастап «мектеп-гимназия» статусына ие болды. Қазір мектеп-гимназияда барлығы 2005 оқушы білім алады. Байқап қарасақ, білім ордасының басқа мектептерден ешқандай ерекшелігі жоқ. Жыл сайын 1-сыныпқа жақын аудандардағы оқушыларды қабылдап, қарапайым мұғалімдер сабақ өтеді. Алайда мектептің Ұлттық бірыңғай тестілеудегі нәтижелері күллі Қазақстанды таңғалдырып отыр. 2003-2022 оқу жылдары аралығында мектеп-гимназияны 1 240 жас түлек аяқтап, олардың 1 194-і ҰБТ сынағына қатысып, орта балл 104,11-ді құрап, 444 оқушы «Алтын белгі», 224 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанып, 773 бітіруші 100 балдан жоғары нәтиже көрсетіп, 925 шәкірт мемлекеттік грант арқылы жоғары оқу орындарына түскен. Білім ұясын 34 жылдан бері басқарып келе жатқан директор Өмірхан Қозыбақ мұндай нәтижеге қолжеткізу талай жылдан бергі жұмыстың нәтижесі екендігін айтады. Бұл мектептің тағы бір ерекшілігі, басқару жүйесі заман талабына сай.
– ҰБТ сынағына дайындалуда, «Алтын белгі» мен үздік аттестатты көбірек алуымызда ешқандай құпия немесе жасырын сыр жоқ. Біздің мектепте апта сайын 10-11 сынып оқушыларынан байқау сынағы алынады. Төмен балл жинаған оқушылармен жеке жұмыс жүргізіледі. Әр жыл сайын пән мұғалімдері жаңа сұрақтармен толықтырып, жаңа тест нұсқаларын кіріктіріп отырады, – дейді мектеп директоры.
  ТЕМІРДЕЙ ТӘРТІП ОРНАҒАН Мектеп-гимназияның тағы бір ерекшелігі – математика пәнін оқытуға айрықша назар аударады. Бұл – тек осы пәнге артықшылық жасау емес. Математика арқылы өзге сабақтарды оқытудың да сапасын арттыра түсуді мақсат етеді.
– Мен 11 жыл Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназияда білім алдым. Мектепті «Алтын белгіге» бітіріп, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетін тәмамдадым. Менің 2 әпкем де осы мектепті «Алтын белгіге» бітірген. Тіпті біз қосымша репититорға барып оқыған жоқпыз. Өйткені қарапайым отбасыдан шықтық. Мектеп түлектерінің жоғары нәтижелерге қол жеткізуінің сыры – тәртіпте. Өйткені біз 1-сыныптан бастап Б.Момышұлы атамыздың: «тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген сөзін жаттап өстік, – дейді осы мектептің түлегі Ұлжан Тағай.
Оның айтуынша, мектепте білімнен бұрын тәртіпке баса мән беріледі. Себебі тәртіпсіз алған білім мәнсіз. Сабақ таңғы 8-де басталса, мектеп директоры мен ұстаздар оқушыларды таңғы 7-ден бастап күтіп алады. Күн сайын мектеп формасын тексереді. Мектепте телефон ұстауға қатаң тыйым салынған. Сондықтан балалар алаңдамай тек қана сабақ оқиды. Мұғалімдер де өздерін жан-жақты дамытып, үнемі әртүрлі семинарлар мен курстарға қатысып отырады екен.
– Мектеп-гимназияға кадр қабылдау кезінде көптеген талаптар қойылып, білімі мен біліктілік деңгейі тексеріледі. Педагогикалық кадрларды іріктеу, міндеттерді ұтымды үйлестіру және тәрбиелеу – табысты мектептің негізгі кілті. Бұл – менің негізгі ұстанымдарымның бірі. Соңғы жылдары мектебімізге өзіміздің аудандағы университет пен колледждерде жұмыс істеп жатқан кадрларды тартып жатырмыз, – дейді Өмірхан Қозыбақ.
Мектеп түлектері арасында әлемнің беделді жоғары оқу орындарына жолдама алып жатқандары да бар. Олардың алды «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алып, дүниенің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүр. Атап айтатын болсақ, Жандос Байқоңыров, Мұхтар Барлыбаев, Диас Көшербаев Англияда, Бекжан Адамбеков Новосибирскіде, Мұхаммеджан Сейітжаппарұлы Түркияда, Рауан Надиров Португалияда, Уәлихан Қалтұрсын Малайзияда, Бағдаткүл Ақылбекова, Тұрсын Әлішер Швейцарияда. Ал Нұржан Оңалтаев қазір Францияның астанасы Парижде «Schlumberger» мұнай компаниясының қаржы саласының атқарушы директоры. Бұл түлектердің бір парасы ғана.
– Биыл мектеп бітірген 2 түлегіміз Мәскеуге оқуға түсті. Арнайы әдістемеміз жоқ. 5-6 сыныпта мұғалімдер әр пән бойынша бөліп алған сыныбын мектеп бітіргенше тұрақты оқытады. Директорымыз жоғары сыныптың мұғалімдеріне 1,5 жүктеме беріп, соның нәтижесін талап етеді. Сабақ түске дейін болады, ал түстен кейін мұғалімдер оқушыларға қосымша сабақ өтеді, – дейді директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Сәкен Жұмақов.
Оның айтуынша, ҰБТ жақындаған кезде балалар түн ортасына дейін мектепте дайындалады. Бүкіл ұжым осы процесті ұйымдастырып, тіпті балалардың кешкі асын ата-аналар өздері кезектесіп әкеліп жүріпті. Директор әр оқушымен, әр мұғаліммен жеке жұмыс істейді.   «АЛТЫН БЕЛГІ» САУДАҒА ТҮСПЕЙ МЕ? Мектептің жетістігін естіген жұрттың пікірі екіге бөлініп жатыр. Бірі мектептің нәтижесіне қуанып жатса, екіншісі «қарапайым мектептің ҰБТ-да мұндай нәтиже көрсетуі мүмкін емес» деп сенбей отыр. Ел көңіліндегі алаңды түсінуге толық негіз бар. Өйткені Қазақстанда соңғы төрт жылда «Алтын белгі» алғандар саны 4 есе өскен. ҰБТ-да шекті балл жинай алмаса да, мектепті алтын белгіге бітірген оқушыларды көріп жүрміз. Осыдан 5 жыл бұрын «Алтын белгіні» алу алынбас асу болатын. 11 жыл бойы табеліне бір 4 түсірмеген түлектер ҰБТ-да бір балл жетпей қалғаны үшін «Алтын белгіден» қағылатын. Бірақ білім саласындағы жүйе өзгеріп, «Алтын белгіні» мектеп тағайындап, ҰБТ тек мемлекеттік грант конкурсына қатысу құралы болғалы «алтын» түлектер де аяқ астынан көбейді.
– Былтыр мұғалімдер «Алтын белгіге» үміткер балаларды бір жерге жинап бейнебақылаумен тест тапсыртайық деген ұсыныстар айтқан. Қоғамда той жасау да, көлік міну де бәсеге айналды. Сол сияқты ата-аналар өз эгосын қанағаттандыру үшін өз беделін салып жүріп баласына «Алтын белгі» алып береді. Мұны жоққа шығара алмаймыз. Қабілеті жетпесе де осындай атақ алған оқушылар бар, – дейді шымкенттік ұстаз Өмір Шыныбекұлы.
Білім саласының сарапшысының пікірінше, Назарбаев зияткерлік мектептері сияқты дарынды балаларға арналған мектептер еліміздің түкпір-түкпіріндегі жай мектептердің қаймағы болып жүрген оқушыларды іріктеп әкетеді. Сосын сол балалардың арқасында мектептің атын шығарады.
– Сондықтан Б.Момышұлы атындағы мектепке де осындай күдікпен қараймын. Айналасындағы қабілетті балаларды жинап алмай ма? Кейбір мектептер 10-11 сыныптарға тек ҰБТ-ға кіретін пәндерді ғана оқытады. Сол себепті бұл мектепті жақсылап тексеру керек. Мектеп шынымен жоғары нәтиже көрсетіп жатса «дарын» статусын беру қажет. Бірақ мектептің жасақталуын, ұжымын толықтай тексеруіміз керек, – дейді Өмір Шыныбекұлы.
Осы сауалды директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарына қойып көрдік. Сәкен Жұмақов мектепке оқушылардың 1-сыныптан бастап қабылданатынын айтты.
– Биыл 200 бала бірінші сынып табалдырығын аттайды. Қабілетті балаларды іріктеп алмаймыз. Оқимын деген балаға есігіміз ашық. Жетісайдың жанындағы ауылдардан да оқушылар келіп оқиды, – дейді Сәкен Жұмақов.
Осылайша мектеп түлектері мен мұғалімдер қауымы табанды еңбектің арқасында жоғары нәтижеге қол жеткізгендерін айтты. Алайда еліміз бойынша ҰБТ-да көш бастаған мектептің арнайы мәртебесі жоқ. Басшылық «дарын мектебі» статусын алуға әрекет жасаған. Бірақ Мақтаарал ауданында дарын мектебі бар. Сондықтан облыс бір ауданға бір дарын мектебі жетеді деп отыр.