Қазақстан табысы жоғары елдер тобына жақындап қалды. Мұндай пікірді Премьер-Министрі Олжас Бектенов «Ілгерілеуге бастаған алты жыл: Қазақстан орнықты даму жолында» деп аталатын мақаласында айтты.
Алға сүйреген алты жыл
528
оқылды

Үкімет басшысы соңғы алты жылда Қазақстанның Қазақстан коронавирус пандемиясынан бастап жаһандық геосаяси шиеленістерге дейінгі көптеген сын-қатерге қарамастан, экономикалық дамуда елеулі нәтижелерге жеткенін атап өтті.

Қазақстан қол жеткізген көптеген жетістіктің мемлекет тізгінін Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алған алты жылдың еншісінде екенін тілге тиек еткен, Үкімет басшысы мақаласында жалпы ішкі өнім, инвестиция, экономиканы әртараптандыру қатарлы көптеген мәселеге тоқталды. Мақалада Қазақстанның ЖІӨ  көлемі 2024 жылдың соңында 288 млрд долларға жеткені,  жан басына шаққанда 14 мың доллардан келетіні айтылған. Мемлекет басшысы мұнайдан тыс салаларды дамытуға басымдық беріп, экономиканы әртараптандыруды кезек күттірмейтін маңызды міндет ретінде айқындаған еді. Нәтижесінде, 2019-2024 жылдар аралығында өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 31,4%-ға, құрылыста 96,3%-ға өсті. Жалпы, өнеркәсіп құрылымында өңдеуші кәсіпорындар өз үлесі бойынша өндіруші сектормен теңесті.

«Тек 2024 жылдың өзінде өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 1,3 триллион теңге болатын 180 инвестициялық жоба іске асырылды. Нәтижесінде, аталған секторда соңғы онжылдықтағы ең жоғары көрсеткішке – шамамен 6% өсімге қол жеткізілді. Алты жыл ішінде машина жасау секторындағы өндіріс үш есе өссе, өнеркәсіптік өндірістің жылдық орташа өсімі 20,3%-ды құрады», – деп жазды О.Бектенов.

 Мақалада 2018 жылы елімізде 30 мың дана жеңіл автомобиль құрастырылса, қазір оның көрсеткіші жылына жердің саны 134 мың данаға дейін жетті. Сол сияқты жүк автомобильдері бойынша да алты еседен астам – 7,1 мың бірлікке дейін, автобустар бойынша жеті есеге, яғни – 2,9 мың бірлікке дейін, арнайы техника шығару шамамен үш есеге, яғни 711 бірлікке дейін өсім тіркеліпті. 

Президент тапсырмасы бойынша мұнай-газ химиясын қарқынды дамыту қолға алынды. Еліміз шикізатты экспорттаудан оны терең өңдеуге біртіндеп бет бұруда. Полимерлер, композиттік материалдар, химиялық реагенттер өндіріліп жатыр. Мұның барлығы әртүрлі салада сұранысқа ие қосылған құны жоғары өнімдер. Ірі жобалардың бірі – Атырау облысында іске қосылған KPI зауыты бүгінде полипропилен өндірісін жолға қойды. Зауыт өзінің қуаттылығы жағынан Орталық Азиядағы осындай өндіріс орындарының ішіндегі ең ірі кәсіпорын саналады.

«Астықтың былтырғы рекордтық өнімі ауыл еңбеккерлерін мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін көрсетеді. Алты жыл ішінде агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға 2,5 триллион теңге бөлінді, бұл ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 1,8 есеге, яғни 8,3 триллион теңгеге дейін өсуіне ықпал етті. Ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтылған бір адамға шаққанда еңбек өнімділігі бес жыл ішінде екі есе өсіп, 4,2 миллион теңгеге жетті. Ал азық-түлік өндірісінің көлемі 2,1 есе ұлғайды.

Отандық тауар өндірушілерді қолдау – Мемлекет басшысы басымдық берген негізгі бағыттың бірі. Осы орайда ұлттық даму институттары Қазақстан экономикасына салынатын инвестиция көлемін ұлғайта түсуде. Тек 2025 жылдың өзінде «Бәйтерек» холдингі арқылы 8 триллион теңге инвестиция салынады, ал 2027 жылға қарай Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұл сома 10 триллион теңгеге дейін ұлғайтылады», – делінген  мақалада.

Премьер-Министр алты жыл ішінде шетелдік инвестицияның да тұрақты келіп жатқанын атап өтті. «Серпінді дамуға қажетті маңызды шарттардың бірі – шетелдік инвестициялар Қазақстан экономикасына тұрақты тартылуда. Мұны шетелдік кәсіпкерлер тарапынан көрсетіліп отырған еліміздің экономикалық әлеуетіне деген үлкен сенім мен жоғары рейтингтер растап отыр. Атап айтқанда, 2024 жылы Қазақстан Moody's агенттігінің «Тұрақты» болжамымен өз тарихындағы ең жоғары Baa1 рейтингіне ие болды. Халықаралық S&P, Fitch рейтинг агенттіктері де Қазақстанның несиелік рейтингін инвестициялық сенімділік деңгейінде растады.

Соңғы алты жыл ішінде экономикаға 130 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция­лар тартылды», – делінген мақалада. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен жүзеге асырылған саясаттың нәтижесінде түрлі жетістіктер  мол болғанын атап өткен автор инфрақұрылым мәселесіне  ерекше тоқталды. 

«Президенттің басшылығымен еліміздің инфра­құрылымын ауқымды жаңғырту жұмыс­тары жүргізілуде.

Ұзақ жылдар бойы жылу энергетикасы секторына тиісті көңіл бөлінбей келді: республика бойынша инфрақұрылымдық желілердің тозу деңгейі 65%-ға, ал жекелеген өңірлерде тіпті 90%-ға жетті. Қазір энергетика және коммуналдық салалардағы дағдарыстың ауыр кезеңін еңсере алдық. Егер 2019 жылы жылу көздерінің орташа тозу деңгейі 71%-ға жетсе, қазір оны 61%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік туды. Бұл жұмыс жалғасатын болады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша былтыр 86 мың шақырым инженерлік желіні жаңғыртуды, сондай-ақ жаңа қуат көздерін іске қосуды көздейтін Ұлттық жоба іске асырыла бастады. Бұл технологиялық апаттар санын 20%-ға қысқартуға, еліміздегі энергетикалық және коммуналдық секторлардың тозу деңгейін орта есеппен 40%-ға азайтуға, генерацияны 7 ГВт-тан астам арттыруға мүмкіндік береді», – деп жазды. 

Оның жазуына қарағанда  2019 жылдан бері электр энергиясын тұтыну 14%-ға өсіп, шамамен 120 миллиард кВт/сағ құрады. Халық санының өсуіне, сондай-ақ жүргізіліп жатқан индустриялық даму және цифрландыру саясатына сәйкес энергия тұтыну одан әрі арта түседі деген болжам бар. Сол себепті Президент тапсыр­масы бойынша ядролық энергетиканы дамыту қолға алынды. Үкімет басшысы алғашқы АЭС құрылысының ауданы анықталғанын, тағы екі станса салу үшін құрылыс орындарын анықтау жұмыстары басталғанын атап өтті. 

Жалпы, мақалада құрылыс индустриясы,  жол құрылысы, сервистік  нысандар жұмысы, елімізідің экспорттық әлеуеті, газдандыру, халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету,  инфрақұрылымды жаңарту, төтенше жағдайларға  даярлық, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауды күшейту,  білім беру нысандарын  жаңғырту  қатарлы бағыттарда атқарылған жұмыстардың нәтижесі  көрініс тапты. Үкімет басшысы мақаласын: «Көріп отырғанымыз­дай, соңғы 6 жыл ішінде атқарылған жұмыс аз емес, бірақ алда бұдан да ауқымды міндеттер тұр. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тегеурінді басшылығымен Қазақстан үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, өзінің орасан зор әлеуетін толық іске асыратынына сенімдімін», – деп аяқтаған.