Игі жақсы­лар­дың ке­лелі кеңесуін өмірге енгізе білген орта – нағыз па­­­­расатты орта. Бүгінде осы ортаның бірі Құрылтай болуда.
Саналы қоғамға – соны серпін
244
оқылды

Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,

Сенат депутаты:

Жақсы әдет әдепке айналуға тиіс

Елдің кезек күт­­тір­­мес өзекті мә­­се­ле­лерін тал­қы­лап, ұлт­тық мүд­деге сәй­­кес рет­­теуде Құ­рылтай жиынының рөлі ар­тып келеді. Биыл­­ғы жылы ал­ды­­мен қо­ғам­дық-саяси ре­фор­малардың бары­сы сараланып, ауқымы кең мәселелер талқыға түсті. Эмо­цияның ықпа­лы­на берілмей, байсал­ды әрекет етіп, дұрыс ше­шімге келу­дің бір жолы – ақылдасу, кеңесу. Өзекті мәсе­ле­лерді анықтау – нәтижесі тиімді тәсілді табуға мүм­кіндік беретін процесс. Игі жақсы­лар­дың ке­лелі кеңесуін өмірге енгізе білген орта – нағыз па­­­­расатты орта. Бүгінде осы ортаның бірі Құрылтай болуда. Парасатты­лық, байсалдылық таныта ал­ма­сақ, сыни, креативті, жүйелі тұрғыдан ойлануға қауқарсыздығымыз күшейе түспек. Осы­ған дейінгі Ұлытау, Түркістан, Атырауда көтерілген мүдделі мәселелердің іс-жүзінде шешілуі туралы есе­бі ал­қа­лы жиынның тарихи маңызын аша түсті. Мем­ле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қо­ғам­­ды алаң­датқан идеологиялық тұрғыдағы пі­кірлерге қолдау білдіріп, өз көзқарасымен бөлісті. Оның ішін­де қоғамдық әдепті реттеу тақырыбы бойынша әр­қайсымызға жауапкершілікті сезінуге шақырды. Өйт­кені арамыздағы бір-біріне тіл тигізу, ар-ұя­тына қол сұғу, ғайбат сөйлеудің, жала ақпараттарды тара­ту­­дың кері әсері бәрімізге түсінікті. Әлеуметтік же­лілер, БАҚ хабарлары ар­қылы бауырлас ағайын­дар­дың бір-біріне көр­сетіп жатқан қия­натын, жа­лалы сөздерін, күндес­тік пен қызғаныш сезім­дер­ден туындайтын іс-әрекеттерді естіп, білгенде көңілің құлазиды. Бүгін­де ел ішіне іріткі салатын популизм емес, жасампаз плюрализм керек. Әрбір ке­зеңнің өзек­ті мәселелерін адамдар үшін түсінікті болғанда қол­ға алу жетістікке жеткізеді. Қазіргі тарихи кезең­де­гі шешілуі қажет жағдайлардың бір парасы әсем Көк­шенің төрінде қаралды, қайта­ла­нып, шеге­леніп айтыл­ды. М.Әуезов: «Елдік мүдде туралы осы сендер ой айттық қой, жаздық қой дей­сіңдер, қайталап айтып отыру керек, үйдің тө­бесінен тамшылай аққан су-екеш су да іргеде жат­қан қара тасты тесіп өтеді, қайталап айтып оты­рыңдар» деген екен. Расында, ұлттық рухқа сүйе­ніп, на­мысқа тырысып, ерік-жігермен атқарылар істерді үнемі еске салып отырудан тек ұтарымыз анық. Өзімізді жақсы жағ­дайда сезінуіміз үшін жүре­гімізді мейірлендіретін Отан қажет. Оған өзара құрметпен, сыйластықпен қарау арқылы үлес қоса­мыз. Қоғамға кесапаттық, біреуге қиянат жа­сау­дан, отбасына зиян келтіруден ақылмен қор­қа білген де дұрыс болар. Ағылшын философы Герберт Спен­сер сөзімен айтқанда, «өз қоғамыңды құр­­меттеу – өзіңді құрметтеу». Әлеу­меттік же­лідегі әлеу­меттік өшпенді­лікті насихаттай­тындай жаз­баларды оқимыз. Осыдан болар, «айтуға бол­ғанмен, естуге болмайтынды» жазушыларға сеніп, жақ­­сы­лық­ты айтушылар­ға күмәнмен қарай­тын бол­дық. Қол­дап сөйлегенді жарамсақтық деп, ке­­кетіп, та­балап, ғайбат сөйлегенді батырлыққа балау­дың түп­кі зиянын толық сезіне бермейміз. Әри­не, әрбір сұрақты көтеру дұрыс, ал оны жан-жақ­ты талқылау одан да маңызды. Кездесулерде кей­бір азаматтар «ащы да болса шын­дықты айта­мын» деп бос кө­пірме сұрақтарды қозғайды. Ал бер­ген жауапты тың­дай бермейді. Желіге жазған­дары­ның дұрыс емес екенін түсін­дірейін деп кезде­суге шақырсаң келмейді. Оларға тек өздерін көрсету және өзінің кәсіби маман алдында кім болып көрін­гені де ойландырмайды. Осын­дайда Әбіш Кекіл­баевтың: «Аузымызды ашсақ, қай­дағы бір реніштер мен кикілжіңдерді төңіректеп кетуге үйірміз. Бәл­кім, ол да заңды шығар. Қан­ша деген­мен қанағаттан гө­рі ренішке сылтау әлі де болса көбірек қой. Оның үсті­не, біз жергө­гімізден саяси реализмнен гөрі әлеу­­меттік опти­мизм­ге көбірек бау­лынғанбыз», – деп жазғаны еске түседі.

Адамдар қарапайым ақиқатты елемегеннен көп қиналыс шегеді. Әрбір сөзді орнымен пай­далана білу­дің пайдасы зор. Мысалы, «әділдік», «әді­лет­сіздік» сөздерін жиі қолданамыз. Бұл да саяси жаң­ғырудың жетістігі. Алайда ол сөзді дұрыс пайда­лану­дамыз ба? Оны ойлана бер­мейміз. Әркімнің әділдік туралы өз түсінігі бар. Біреудің әділдігі екінші үшін әділетсіздік болып шығуы әбден мүмкін. Бұл орайда сөзді лингвис­тикалық тұрғыдан емес, әдептік тұрғыдан қабылдағанымыз жөн. Әділетті сезімсіз шындықты шындық деп қабылдау қиын. Әділдік деген – ар-ұят­тың тазалығы. Ауыздан шыққан «ащы шындықтың» шын мәнінде шын­дық екенін кім анықтайды? Ол қоғамдық әдепке сай шындық па? Әлде өзіндік пайымдағы алдамшы шындық па? Жұртқа жақсы көрінуден гөрі жақсы атты болуға ұмтылыс бәрі­мізге керек. Ақылмен, біліммен, таза ниеті­мен, адал қызметімен өмір сүргендер жақсы атымен қала­ды. Көңіл аулап, жалаң популизммен ақиқат алаңынан көрінгісі келетін­дердің мақсаты – жақсы адам болып көріну. Қоғамды тұрақты жай­лы қоғам ететін алдымен сол қоғамның мүшелері. Дәлірек айтқанда, әлеу­мет­тік және рухани, әділ адам­дар. Санасы биік кемел адам сабырлық таны­тып жақсылықты көреді. Санасы төмен әлсіз адам өзін күшті көр­сету үшін әркімнен кемшілік тереді. Қазақтардың бір-бірін түрткілеуі отар­лық сананың қалдығы. Өзіне сенімді мықты адамның біреуге тиі­се­тіндей не қақысы бар?

Абай ақын «біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең іс­тің бәрі бос» деген да­налық сөзі арқылы бірлікті, өза­ра құрметті нығайтпасақ, істеп жат­қан ісіміздің бе­рекесі болмайтынын айтқан болатын. Берекеміз кет­се, неміз қалады? Әрбір қазақстандық бір-бірін құр­­меттей білсе, бізді ала­тын сыртқы жау да, ішкі дау да бола қоймас. Елді ұйытатын мәде­ниет, тіл, дін бұзылмауы керек. Ендеше дәстүрдің тозығын қал­­дырып, озығын оздырайық. Заманауи жақсы әдет­терді әдептерге айнал­дыру ар­­қы­лы таза, әді­лет­ті, адал ниетті қоғам қалыптастыруға бар­шамыз үлес қосайық.

Аманжол ӘЛТАЙ, 

Ұлттық құрылтай мүшесі, 

Мәжіліс депутаты:

Астанадан Абай орталығы салынса игі

Тозығы жеткен, аядай тар, ескі ны­­­сандарды сырып тастап жаңа­дан көп­функционалды мәдениет ны­­­­са­нын салу керек. Оларда мін­детті түр­де ән-күй үйірмелері жұ­мыс іс­те­ге­ні ләзім. Сонымен қа­тар бізде бір­­неше ай­мақта облыс, қала, аудан атау­лары бір-бірін қайталайды. Мысалы, Қос­та­най облысы, ау­даны және қала атауы бар. Осыны Қостанай об­лысы, Ахмет қа­ла­сы, Міржақып ау­да­ны десе қандай жарасымды. Сон­дай-ақ Ас­та­надан «Абай орта­лы­ғы» салынуы керек. Оған «Абай әлемі» ғы­лыми зерттеу институты мен шығармашылық одақтар топ­тас­ты­рылса деген ұсынысымыз бар. Секцияда айтылған тағы бір ұсы­ныс елімізде «Тұлпар күні» бел­гіленіп жан-жақты, кең кө­лемде ата­лып өтуі қажет. Қазақ ки­носынан ұят қашып барады. Ки­ноп­ро­катқа шығарар алдында ли­цен­зия берудің талаптарын қатаңдату ке­рек. Әке-шешесін қарт­тық­тың салмағы түскен ша­ғын­да қарттар үйіне итере салған без­бүй­рек балалары ата-ана­сына өз табыс­тары­нан алимент төлеуге тиіс.

Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ, 

Ұлттық құрылтай мүшесі,

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы:

Тіл мәселелерін талқылайтын алаңға айналды

Құрылтайға қатысушылар қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, оның мемлекеттік тіл ретіндегі тиісті тұғырына көтерілуіне қатысты алаңдаушылық білдіріп, ұсыныстарын ор­таға салды. Соның бірі – Президентің тапсырмасымен іске асып жатқан қазақ тілін ғы­лым тілі ретінде дамыту мәселесі. Бұл – өте үлкен міндет. Ал енді осыны нақты іске асыру аясында қорғалып жатқан ғылыми жұмыстардың белгілі бір көлемін міндетті түрде мемлекеттік тілде болуын қамтамасыз ету қажет. Одан басқа, жоғары оқу орын­дарында дайындалып жатқан жас мамандарға арналған оқулықтардың қазақша жа­зылуы, білім беру жүйесіндегі тіл мен әдебиеттің оқытылу әдістемесін жетілдіру сияқты бір­қатар өткір мәселе талқыға түсті. Бұл жерде, ең бастысы, Ұлттық құрылтай тіл мә­селелерін ашық талқылауға мүмкіндік беретін ортақ алаңға айналғанын айтқымыз келеді.

Мақсат ЖАБАҒИН, 

Ұлттық құрылтай мүшесі,

Ұлттық биотехнология орталығы адам 

генетикасы зертханасының меңгерушісі: 

Шетелдік жас ғалымдарды тарту керек

Бірінші мәселе – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылымды гранттық қаржыландыру мерзімдерін бес жылға дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмасына биыл төрт жыл толып отыр. Президент бұл тапсырманы Қазақстан халқына Жолдауында бер­ген болатын. Ол өз сөзінде үш жылдық қаржыландыру іргелі ғылымның дамуын тежейтінін атап өтті. Осы тапсырманы іске асыру мақсатында Мәжіліс және Сенат депутаттары заңнамалық деңгейде тиісті жұмыстар жүргізіп, ғылым саласындағы заңнамаға өзгерістер, атап айтқанда, Ғылым және технологиялық саясат туралы заңның 34-бабын енгізді. Алайда бұл норма іс жүзінде әлі күнге дейін толық орындалмай отыр. 

Екінші мәселе – Ғылым және жоғары білім министрлігінде ағымдағы мәселелерді шешу мақсатында тұрақты түрде жұмыс топтары құрылып отырады. Алайда бұл жұмыс топтарын қалыптастыру тәртібі, мүшелерін іріктеу қағидаттары, олардың қызметінің регламенттері мен шешімдерін бекіту тәртібі ресми түрде ешбір нормативтік құжатта бекітілмеген. Мұндай жұмыс топтары, мысалы, гранттық қаржыландыруға арналған конкурстық құжаттаманы немесе бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған техникалық тапсырмаларды әзірлеуге тартылады. Бұл жағдай сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін туындатуы мүмкін. Ғылым және технологиялық саясатты заң аясында реттейтін нормативтік негізі бар Ұлттық ғылыми кеңестер мен Ұлттық ғылым академиясы бар. Министрлік осы құрылымдардың әлеуетін толық пайдаланып, кезекті жұмыс топтарын жасақтай бермей, ғылыми саясатты қалыптастыруда осы институттарға арқа сүйеуі қажет.

Үшінші мәселе – жас ғалымдардың біліктілігін арттыру жолдарына қатысты ұсыныс. Қазір «Болашақ» бағдар­ламасы мен ғылыми тағылымдамалар отандық жас ғалымдардың шетелде кәсіби дамуына мүмкіндік беретін маңызды тетік саналады. Алайда бұл – біржақты бағыттағы жол, яғни Қазақстаннан шетелге ғана жол ашылған. Осыған байланысты Қазақстанға шетелдік дарынды жас ғалымдарды (PhD дәрежесін алған зерттеушілер, постдокторанттар, жас ассистент-профессорлар) уақытша мерзімге нақты зерттеулер жасауға, 6-12 айға тартуға бағытталған арнайы бағдарлама әзірлеуді ұсынамыз. Олар отандық ғылыми ұйымдарда бірлескен зерттеулер жүргізіп, практикалық дәріс өткізіп, мақала жазып, жергілікті жас ғалымдарға халықаралық ғылыми тәжірибені меңгеруге, кәсіби деңгейін кө­теруге, байланыс орнатуға үлкен мүмкіндік береді. Мұндай тәжірибе ғылымды дамудың драйвері ретінде қарайтын ел­дер­де сәтті жүзеге асырылып келеді. Қазақстан да осындай халықаралық тәжірибені бейімдей отырып, шетелдік жас ғалымдарды тарту арқылы өз ғылымының әлеуетін арттыра алады, халықаралық деңгейге шығара алады.

Қалыйма ЖАНТӨРЕЕВА, 

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы 

атқарушы хатшысының орынбасары,

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты:

Азаматтық қоғам институты ретінде нығайды

Бурабайда өткен Құрылтай бұрынғы өткен Құрылтайлардан да өзгеше болды. Біріншіден, Көкше төріндегі жиын Құрылтайдың азаматтық қоғам институты ретінде нығайып, ширай түскенін байқатты. Қай Құрылтай болмасын ұлт бірлігін мақсат тұтады, қоғамның көкейінде жүрген түйінді сұрақтар ортаға тасталып, ақылдасу алаңының күн тәртібіне еніп, уақыт өте келе нәтижесі көрініп, осылайша ұлтқа деген тиімділігімен Құрылтайдың маңыздылығы артып, қажеттілігі өтеледі. Ұлытаудағы өткен Құрылтайдан соң Республика күнінің белгіленуі, «Еңбек адамы» тұжырымдамасының бекітілуі, Түркістандағы, Атыраудағы жиыннан соң «Адал азамат» тақырыбының ұлттың рухын оятуы, заңның үстемдігінің салтанат құру жолындағы қабылданған зорлық-зомбылыққа қарсы, вейптер жөніндегі, вандализмге қарсы, есірткі тасымалы мен өндірушілер бойынша, ойын бизнесі лудомания жөніндегі, мемлекеттік наградалар туралы қабылданған заңдар Құрылтай жұмысының тиімділігін көрсетіп отыр. Жақында ғана Түркістанға Ерекше мәртебе берілуі, оның құқықтық негізінің қалануын ел болып, жұрт болып сезінудеміз.

Ал Бурабайдағы Құрылтайда жиынтық проблемалардың ішіндегі салмағы ауырларының бірі экономиканың дамуына тікелей әсер ететін бюджеттің кіріс бөлігін толықтыратын салық саясаты, қосымша құн салығы туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі нақты шықты. Өйткені салық жөнінде мәселелер мемлекеттің, ұлттың қаржы қорын молайтуға септігін тигізетіні астарлы түрде жеткізілді. Дәл қазір қызу талқыдан түспей тұрған, тез шешуді күтіп, өзектілігімен өзекті жарып тұрған мәселелер Бурабайда қозғалды. Президент елдің ішінде жүрген пікірлерді де ескеріп, ойын жайып салды. Әсіресе, салық төлеушілердің кәсіптерін бірнеше бөлшектеп салықтан жалтару тәсілдерін жасайтындарынан хабары бар екенін де ашық ортаға салды. Ой түйінінде мемлекетшілдікті бірінші орынға қою қажеттігін меңзеді. Әділ әрі тиімді салық жүйесін құруды тапсырды.

Әлеуметтік мемлекет екеніміз Конституциямызда жазылғанын, бюджеттің жартысынан астамы әлеуметтік төлемдерге кететінін, бұл тұста әлеуметтік көмекті тек мұқтаж жандар алуы тиіс деп нүкте қойды. Қайырымдылық деп қор ашып, қалтасын толтыруға әрекет етушілердің алаяқ­тығын тоқтататын, бейберекет коучтарды реттейтін заңнамалық құжат қажет екенін айт­ты. Діни ұйымдардың жұмысына келгенде ұлтты ұйыстыру басты мақсат деп тұжырымдады. Құрылтай мүшелерінің көтерген мәселелеріне нақты тоқталды. Түрмеге тоғылғандар жөнінде адвокат Айман Омарованың ұсынысына тоқталып, негізгі меже жазалау емес түзету, түрмедегі жүкті, балалы әйелдер туралы заңнамаларға өзгерістер қажеттігіне, ең бастысы қоғамның сауығуы маңыздылығына үлкен мән берді. Адасу бар жерде айығу бар екені – шынында да рас дүние. Құрылтай жұмысының негізі өзара түсіністік пен адамдардың бір-біріне деген құрметіне не­гіз­деліп, сананы жаңғыртуды көздейді. Тағы бір мәселе, түсіріліп жатқан фильмдерді сүзгіден өт­кізу жөніндегі ойы өте орынды. Қаржысы барлар кино түсірумен айналысып жатқаны жа­сырын емес, оның қандай идеологиялық сипаты, қоғамға қандай пайдасы бар, қаншалық тәр­биелік мәні бар екенін зерделеу міндеті – тиісті мемлекеттік органдарды ойландыратын мәселе. 

Мейір ЖАСЫН