Спорттың қандай түрі болмасын қарапайым ауылдан шыққан балалардың республикалық, азиялық, тіпті әлемдік додаларда топ жарғаны көп.
Чемпиондар ауылдан шығады
312
оқылды

Өкінішке қарай, ауыл спортын дамыту мәселесі талай мінберде көтерілгенімен,  бірен-саран болмаса, шалғай ауылдардағы  жағдай әлі де мәз емес. Материал­дық-техникалық базасы мен арнайы спорт залдарының жетіспеушілігі шалғай ауылдарда бұқаралық спорттың кенжелеп қалуына себепкер болып отыр. Бюджет қоржынынан қомақты қаржы қарастырылып, ауыл спортын жандандыруға басымдық беріліп жатқанымен, бірен-­саран ғана үй түтін түтетіп, ­тіршілік ­белгісінен хабар беретін ауылдарда спортты гүлдендіру туралы әңгіме  қозғау да артық. 

Ауылдар осындай елең-алаң күй кешіп жатқанда ондағы қолда бар әлеуметтік нысандарды бос ұстамай, жұмысын жүргізу де оңайға соқпайды. Дегенмен осының өзінде қара домалақ ауыл балаларын спортқа бейімдеп, чемпиондар өсіріп жатқан жат­тықтырушылардың ел ішінде бар екенін атап өтпеске болмайды. Зеренді ауданына қарасты Ақкөл ауылында 60-қа жуық бала еркін күрес секциясына қабылданып, бозкілемнің үстінде палуандыққа тәрбиеленіп жатқаны бүгінгі тақырыбымыздың арқауына айналмақ... 

Қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы  Жақсылық Үшкемпіров шыққан биікке жеткізуді мақсат еткен жаттықты­рушылардың бірі – Нұрбек Қаржанов. Кейіпкеріміз  шалғайда жатқан қарапайым ауыл балаларын спортқа баулыса толайым табыстарға жету мүмкіндігінің жоғары екенін айтып әрі өз ісімен онысын дәлелдеп жүрген жаттықтырушы. Бүгінде бозкілемге шығып белдесіп жүрген шәкірттерінің ұзын саны 60-қа жуықтапты. 

Зеренді ауданына қарасты Ақкөл ауы­лында шамамен 1 500-ге жуық халық тұрады. Облыс орталығына таяу орналасқанымен, ауылды ескі бөздей ыдырап кетпейтіндей етіп тұрақтандыру оңайға түспеген. Халық санының өзге қоңсылас ауылдарға қарағанда едәуір көбірек болғаны осы жұмыстардың жемісі екені сөзсіз. Ауыл азаматтарының ай­туынша, мұндағы жұрттың басым көпші­лі­гі – әр аймақтан келіп қоныс тепкендер. Ауылда орта мектеп, мәдениет үйі мен мешіт ғимараттары сияқты нысандар сақталыпты. Жас спортшылар сол мектептің спортзалында жаттығады екен. 

Мектеп жанындағы бозкілемде тер төгіп жүрген балалар үшін барлық жағдай жа­салмағаны да рас. Алайда сол қиындықтарға қарамастан балаларды үлкен додаларға тәрбиелеп, бар ақыл-тәжірибесін ауыл балаларына арнап жатқан жаттықтырушы азаматтардың еңбегі зор. Олардың басы-қасында Нұрбек Қаржанов пен Марат Рахымжанов жүр. Жас жеткіншектерді аз уақыттың ішінде ірі жетістіктерге жеткізіп үлгерген ауыл жаттықтырушыларының қажырлы еңбегіне тек сүйсінуге болады. Бүгінде аудандық, облыстық және рес­пуб­ликалық додалармен қатар халықаралық байқаулар мен чемпионаттарда топ жарған спортшылардың алар биігі әлі де алда екені анық. 

Ауыл балаларын күрес өнеріне баулып жүрген Нұрбек Қаржанов – қазақ күресінен және самбодан ел чемпионы.  Сонымен қатар осы спорт түрінен Орталық Азия чем­пионатының қола жүлдегері. Бұған де­йін облыстағы спорт мектептерінің бір­нешеуінде басшылық қызметтерде болған жаттықтырушы айналып келіп қарапайым ауыл балаларын тәрбиелеуге күш салғанын айтады. Жаттықтырушы спорттың кез келген түрінде болаттай шымыр әрі төзімді ауыл балаларынан үміт күтетінін айтып, сондықтан осы бағытқа ауысқанын алға тартты. 

– Көкшетаудан, басқа да қалалардан спорт мектептері мен секциялардан ұсы­ныстар түсті. Бірақ өз басым ауылдың қара топырағын басып, таза ауада емін-еркін шымыр болып өсетін ауыл балаларын жат­тықтыруды жөн көрдім. Бірінші кезекте спортшының сана-сезімі дұрыс болуы қажет. Мінезі мен тәрбиесі берік болып қалыптасқан балалар өзінің мақсаты жолында ешқашан таймайды. Әрі ауыл балаларының мықтылығын көптен бері байқап жүрмін, – дейді Нұрбек Қаржанов. 

Ақкөл орта мектебі жанындағы еркін күрес үйірмесі Марат Жармағанбетовтің бастамасымен осыдан аттай 20 жыл бұрын басталыпты. Сол жылдардан бері ауылдың спорт залында жаттығып-ақ үлкен нә­тижелерге жетіп, ірі қалалардың спорт мектептеріне оқуға түскен балалардың қатары қалың. Ең бастысы, еркін күрестен ел чемпионы атанып, халықаралық айтулы додаларда топ жарып, өңірдің намысы мен абыройын асқақтатып жүрген спорт­шы­лардың саны артқан.  

Мәселен, осы ауылдағы еркін күрес секциясында қанатын қатайтып, алға ұмтылған Жақсыкелді Мәдимұхамед Ал­матыдағы республикалық спорт интернатына оқуға түскен. Ал еркін күрестен қола жүлдегер атанып үлгерген Мансұр Мырза­бек елор­дадағы Қажымұқан атындағы спорт мек­тебінде оқуын жалғастыруға мүмкіндік алған. Аядай ауылдан талпынып шығып, қияға самғаған бұл жас спортшылар әлі де болса талай биікті бағындыратыны сөзсіз.

Нұрбек Қаржанов бозкілемде тәрбие­ленген шәкірттерімен бірге шет мем­лекеттерге жиі шығады. Ресей, Татарстан, Қырғыз Республикасы сияқты көршілес мемлекет­терде өткен түрлі жарыста ақкөлдік жас спортшылар өздеріне артқан үкілеген үміт пен сенімді ақтап, ел намысын абы­роймен асқақтатқан. Былтыр Татарстан мен Баш­құртстанда өткен бүкілресейлік турнирге ақкөлдік үш спортшы қатысып, үшеуі де үздік нәтиже көрсеткен. Уфада өткен додада Мейрамбек Балтабек 57 келі салмақ дә­режесінде қарсыластарын қапы қалдырып чемпион атанып келсе, Жатай Исмайыл жүлделі 3-орынды қанжығасына байлаған. Ал Минскіде өткен халықаралық жарыста Мұхамедәлі Арулан чемпион атанған. Татарстан мемлекетінде өткен жарыста Илхан Еркенов есімді жас спортшы 3-орынға қол жеткізген. Мұнда жас спорт­шылардың жетістігін түгел тізіп шығудың мүмкін емес екенін де байқадық.

Ат төбеліндей ғана ауылдан шыққан спортшылар осылай республикамыздың әр аймағында ұйымдастырылып жатқан түрлі жарыстан шет қалмапты. Ауылдың еркін күрес секциясының спортшылары Зеренді ауданы төңірегінде өткізіліп тұратын «Ақбидай» спартакиадасында екі дүркін командалық жеңіске де жеткен. Мұның бәрі тынымсыз жаттығулар мен қажырлы еңбектің жемісі екені анық. Әрине, алыс сапарға шығатын жас балалардың қауіп­сіздігімен қатар олардың жол шығындары, ішер ас, жатын орын, киім-кешегін түгендеу мәселесінің де жүгі ауыр екені түсінікті. Көбіне мұндай шығындарды жергілікті кәсіпкерлер өз мойнына алған екен. Мә­селен, «Көкшетау Транс-Газ» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінің басшылары Нұрлан Омаров пен Батыр Әшіров, сондай-ақ егін шаруашылығымен айналысатын жергілікті Namys Grup компаниясының басшысы Ерден Елеуловтың қолдауының арқасында балалар түрлі аймақта, тіпті шетелдік жа­рыстарға да алаңсыз дайындалып, байрақты бәсекелерде жеңіс туын желбіретіп жүр.

Ауыл спортының гүлденуіне барынша кіріскен Нұрлан Омаров пен Батыр Әшіров өз қаражаттарына спорт залдың төбесін де жөндетіп беріпті. Мектеп бұған дейін мем­лекет қаржысымен күрделі жөндеуден өтсе де, уақыт өте келе дәл балалар спортпен шұғылданатын залдың төбе тақтайларының аражігі ажырап, жаттығуға кедергісін кел­тірген екен. Мұны естіген кәсіпкер азаматтар төбені жөндеуді өз мойнына алыпты. Сөйтіп, 1 миллион теңгеге жуық қаражат бөліп, спорт залының төбесі толықтай қалпына келтірілген.

 

P.S.

Осы орайда ауыл спортының кеңінен қанат жаюына мұрындық болған азаматтардың ісіне таңдай қағасың. Елдің ертеңгі болашақ ұрпағының спортты серік етуіне үлес қосқан азаматтардың тірлігінен берекелі ауылдың түтіні де түзу ұшатыны анық. Құрыштай шыныққан шымыр ба­ла­лардың  талантын одан сайын ұштау осын­дай биік мақсаттар көздеген аза­маттардың ғана қолынан келмек. Қияға қанат қағып, ел спортын өрлеткен жас спортшылардың жеңіс тұғырынан көріне беруін біз де тіледік. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы