Аймақтың агроәлеуеті артып келеді
Яғни, өңірдің аграрлық әлеуеті жоғары. Ал өнімнің кез келген түрінің артуына нарықтағы сұраныс әсер етеді. Бұл тұрғыдан алғанда Алатау баурайындағы аймақтың бағы бар. Өйткені бір ғана Алматы қаласын азық-түлікпен қамту арқылы қомақты табысқа қол жеткізуге болады.
Дерекке жүгінсек, Алматы облысының ауыл шаруашылығы бойынша үлесі өзге өңірлермен салыстырғанда 8,2 пайызға жеткен. Атап айтқанда, Түркістан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарынан кейінгі орында екен. Бүгінде аймақ республикада ет, көкөніс, жеміс-жидек, картоп, жүгері, соя және күріш өндіру бойынша алдыңғы қатарда тұр. Бұдан бөлек, аймақтың агроәлеуетін сараптағанда, егін шаруашылығының маңызы зор екенін көреміз. Сол себепті де қыстың сызы кетіп, жер бусанған шақта облыстың диқан шаруалары егістің қамына алдымен кіріседі.
Биыл аймақтағы егіс алқаптарының көлемі 427,7 мың гектарға жетпек. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 3,8 мың гектарға көп. Негізгі өсім дәнді және жем-шөп дақылдарына тиесілі. Көктемгі жер жырту және ылғал жабу жұмыстары 357,2 мың гектар аумақта жоспарланған. Өсімдік шаруашылығы саласын қолдауға биыл жергілікті бюджеттен 3,4 млрд теңге қаражат бөлінді. Қаражат тұқым шаруашылығын дамытуға, басым дақылдарды қолдауға және тыңайтқыштарды субсидиялауға бағытталады. Суармалы су құнын арзандатуға 750 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар «Кең дала» бағдарламасы аясында аграршыларға 15,7 млрд теңге жеңілдетілген несие бөлінді. Бүгінде «аграрлық несие корпорациясына 1,3 млрд теңгеге 36 шаруашылық өтінімін өткізген.
Бүгінде Алматы облысында көктемгі егіс жұмыстарына дайындық қызу жүріп жатыр, фермерлер қажетті тұқым қорымен қамтылған. Жеңілдетілген бағамен, яғни литрі 250 теңгеден 4 650 тонна дизель отыны бөлінді, мұнай базаларынан алу 20 наурызда басталады.
– Облыста 16,0 мың тонна минералды тыңайтқыш алынып, қосымша 77 шаруашылық «ҚазАзот» АҚ-мен 1 334 тонна тыңайтқышқа келісімшартқа отырған. Жалпы, биыл минералды тыңайтқышты қолдану көлемі 25 пайызға ұлғайып, 60,8 мың тоннаға жеткізу жоспарлануда. Біз ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға күш салудамыз. Бұл топырақ құнарлылығын сақтай отырып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді, – дейді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту маңызды мәселе болып қала бермек. Қазір облыстағы техниканың 58 пайызы 25 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді. Осыған байланысты биыл 665 жаңа ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу көзделуде. Фермерлер үшін қолайлы жағдай жасау – басты мақсаттардың бірі.
Өкінішке қарай, аймақта су үнемдеу технологияларын енгізу қарқыны төмен. 2024 жылы жоспарланған 70,5 мың гектардың орнына 43,6 мың гектарға ғана енгізілді. 2025 жылы бұл көрсеткішті 93,6 мың гектарға жеткізу және жобалардың орындалуын қатаң бақылау жоспарланып отыр. Бақылауды күшейтіп, аграршыларға судың тапшылығын еңсеруге көмектесу үшін қосымша қаражат бөлінді.
Айтпақшы, былтыр облыстың ауыл шаруашылығына құйылған инвестициялар көлемі 25,1 млрд теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 41,2 пайызға артқан. Оның ішінде азық-түлік өндірісіне салынған қаржы 19,2 млрд теңгені құрады. Инвестициялардың өсуі аграрлық сектордың тартымдылығы артып келе жатқанын көрсетеді.
Егістік түріне қарай талдағанда, кейінгі жылдары облыс диқандары жүгері егуге маңыз беріп отырғаны байқалады. Былтыр олар 49,1 мың гектар жерге жүгері егіп, толық өнім жинады. Орташа өнімділік гектарынан 55 центнерді құрап, жалпы 270,7 мың тонна өнім алынды. Бұл – өңірдің соңғы жылдардағы ең жақсы көрсеткіштерінің бірі. Жиналған өнімнің негізгі бөлігі (175 мың тонна) мал азығына бағытталды, тағы 94 мың тонна өңдеуге жіберілді, ал 1,3 мың тоннасы келесі жылғы егу жұмыстарына қалдырылды. Негізгі өңдеушілер «Жаркент крахмал-патока зауыты» (78 мың тонна), «АзияАгроФуд» (60 мың тонна) және «Көк Теңіз» (14 мың тонна). Жүгерінің орташа сатып алу бағасы тоннасына 55-60 мың теңге болса, құс фабрикалары оны келісіне 74 теңгеден сатып алды.
Ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау мақсатында өңірде жүгері өңдеу субсидияланады. 2024 жылы бұл мақсатқа 1,5 млрд теңге бөлініп, фермерлерге өңдеуге тапсырылған әр тонна үшін 18 мың теңгеден өтемақы берілді. Облыста 102,6 мың тонна астық сақтай алатын үш лицензияланған қойма жұмыс істейді.
Айтпақшы, аймақта бос жатқан алқаптарды игеру сәтімен жүзеге асып отыр екен. Оның ішінде түрлі жолмен жекеменшікке өтіп кеткен жер телімдерін кері қайтарып алу да қарқынды. Мысалы, былтыр Алматы облысында игерілмей жатқан 90 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның ішінде 75 мың гектарға жуық алқапты иелері өз еркімен қайтарған. Ал ауыл шаруашылығы мақсатындағы 15 мың гектарға жуық жер сот арқылы тәркіленген екен. Жалпы, облыста аумағы 422 мың гектар жердің пайдаланылмай жатқаны анықталған. Әзірге оның төрттен бір бөлігі ғана мемлекетке қайтарылған.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
Алматы облысы