Бұл доданың бәсі биік. Бұл жолы қыздарымыз ерледі. Сербияның Ниш қаласында өткен әлем чемпионатында әр елдің үздіктері бас қосты.
Алтынның жарқын жарқылы
476
оқылды

Аталмыш жарысқа құрамамыздан 12 боксшы қатысып, оның алтауы жүлделі орындарды еншіледі. Осылайша, Әнұранымыз Сербия төрінде үш рет шырқалып, көңіліміз марқайды.  

Қаракөз қыздарымыздың тарихи же­тістіктерін назардан тыс қалдыруға болмайды. Өйткені араға 10 жылдай уақыт салып, Әлем чемпионатының биік тұғырына көте­рілдік. Команда капитаны Назым Қызайбай бастаған құрамамыз керемет өнер көрсетіп, көпті сүйсіндірді. Әсіресе, осы Назым Қызайбайдың сенімді жеңісін атап айтсақ болады. Жазда Париж Олимпиадасында бағы жанып, қоланы қанжылаған батыр қызымыз биыл жүлдесін еселеді. 

Назым турнирде 48 келіге дейінгі салмақта сәтті өнер көрсетті. Ақтық сында ресейлік Юлия Чум­галаковамен кездесіп, үш раундтың қорытындысы бойынша Назым айқын басымдықпен жеңді. Осылайша, Назым Қызайбай үшінші рет әлем чемпионатының финалында жеңіске жетті. Бұған дейін ол 2014 және 2016 жылы жеңіс тұғырының биігіне көтерілген еді. Елімізде әзірге үш дүркін әлем чемпионы болмағанын айта кеткен жөн.

Осы орайда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Назым Қызайбайды жеңісімен құттықтады.

«Назым Қызайбайды отандық бокс тарихында тұңғыш рет үш дүркін Әлем чемпионы болуымен құттықтаймын. Бұл – айтулы жетістік!

Сербияда өтіп жатқан Әлем біріншілігінде үздік нәтиже көрсеткен ұлттық құрама мү­шелеріне алғыс айтамын. Спортшы қыз­дарымыздың алдағы уақытта да үлкен жеңістерге жете беруіне тілектестік біл­діремін», – деп жазды Мемлекет басшысы Instagram әлеуметтік желісіндегі өзінің парақшасында.

Ел қоржынына 2-ші алтынды Алуа Балқыбекова салды. Олимпиаданың кавалері ретінде Елдос Сметовті айтатын болсақ, бокстың кавалері деп Алуаны айтуға әбден лайықты. Себебі бұған дейін әлем чем­пионатында күміс және қола медальды иеленген болатұғын. Енді, міне алтын жүлдеге қол жеткізді. Қаншама жылғы еңбек пен тер өз нәтижесін берді.

Боксшы қызымыз финалда 50 келі салмақта қытайлық Ху Мэиймен жұды­рықтасты. Жақсы қорғана білген Алуа ша­буылда да дәлдігімен көзге түсті. Нәти­жесінде, 5:0 есебімен ойсырата жеңді.

Бұған дейін Наталья Богданова 70 келіде қола медаль иеленген еді.

Алтын медальдар қатарын 63 келіде Аида Әбікеева жалғастырды. Ең алғаш қатысып жатқан әлем чемпионатында осындай жетістікке жету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Былтыр ғана Азия құрлығында ешкімге дес бермей, суырылып шыққан алтын қызымыз енді әлем чемпионы атағына қол жеткізді. 

Отандасымыз ақтық сында таиландтық Тананья Сомнуекпен қолғап түйістірген еді. Аида Әбікеева үш раунд бойы жоғары деңгейдегі бокс үлгісін көрсетіп, нәтижесінде 5:0 есебімен жеңді.

Алтынға бергісіз күміс жүлдені 60 келі салмақта Виктория Графеева жеңіп алды. Викторияның әлем чемпионатына алғаш қатысуы. Сондықтан осындай ірі жарыстарда күміс алу жақсы нәтиже. Былтырғы жылғы Азия чемпионатында топ жарған Викторияға сеніміміз мол. 

Ол финалда ресейлік Нунэ Асатрянмен өзара мықтыны анықтаған еді. Нәтижесінде, төрешілердің шешімімен Нунэ Асатрян басым түсті.

Тағы бір күмісті 81 келіден жоғары салмақта Елдана Тәліпова иеленді. Елдана да әлем чемпионатына алғаш рет қатысқанын айта кеткен жөн. Отандасымыз финалда Қытай спортшысы Чжан Иляньмен жұдырықтасты. Төрешілердің шешімі бойынша жеңіс Чжан Иляньға бұйырды.

– Әлем чемпионаты біз үшін сәтті аяқ­талды. Әрине, көңіл күй керемет. Қыз­дарымызға алғашқы күннен бастап тақымын қысып жанкүйер болған қазақ еліне алғы­сымды айтамын. Үш рет Әнұранымыз шыр­қалып, Туымыз көкке көтерілді. Бұл – ортақ жеңіс. Барлық бапкерлерге, спортшы қыздарымызға және алаң сыртын­дағы білікті мамандарға көп рақмет! – деді құраманың бас бапкері Елдос Сайдалин.

Осылайша, Қазақстан құрамасы әлем бі­ріншілігінде үш алтын, екі күміс және бір қола медальға ие болды. Жалпыко­мандалық есепте Ресей құрамасы көш бастаса, құрамамыз екінші орынға жайғасты, ал үздік үштікті Түркия қорытындылады. Аруларымыз IBA-дан 465 мың доллар сыйақы алды. Алтын медаль үшін – 100 мың доллар, күміске – 50 мың, қолаға 25мың тағайын­далды. Одан бөлек, ширек финалға жеткендерге 10 мың доллардан сыйақы берілді.

Әсет ҚАЛИ