Композитор Марат Омаров әнші Луинаны сотқа бермек, – деп хабарлайды Aikyn.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Бұған Луинаның сазгер Марат Омаровтың танымал «Анашым» әнін рұқсатсыз орындауы себеп болған. Оған қоса, әнші әлеуметтік желіде туындының авторы ретінде Нұрлан Өнербаевты көрсетіпті. Cазгер бұған ашулы. Бүгінде мұхит асып АҚШ-қа қоныс аударған Омаров дәл осы туындыға қатысты бір емес, бірнеше рет автор құқығының бұзылғанын айтады.
«Ешқандай рұқсат сұраған жоқ. Біріншіден, келісімшарт болуы керек. Екіншіден, рұқсатсыз аранжировка жасаған. Одан кейін бейнебаян түсірген. Ең сорақысы мені біле тұра, авторын Нұрлан Өнербаев деп көрсеткен. Бұл іске жауап берілуі керек. Жазба түрінде келісімшарт жасалды ма?! Ары қарай істі адвокаттар жалғастырады», – деді Марат Омаров.
Басы дауға қалған әнші жеке парақшасында жазба жариялап, пікір білдірді.
«Бұл кавер цифрлық платформаларда жеке ән ретінде шығарылмады. Мен одан коммерциялық пайда көрмедім. Публикация серіктес компаниямен бірлескен жоба. Мәтінін редакторлар жазды. Менің қателігім, бастапқыда жазбаны егжей-тегжейлі қарамағаным. Біз бірден түзетулер енгіздік», – деген Луина.
Айта кетейік, әнші өнердегі ағасымен ортақ тіл табысатынына сенімді. Алайда АҚШ-та тұратын композитор бәрін заң аясында шешпек.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.