Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының Бас директоры Берік Арынмен кездесті.
Азық-түлік қауіпсіздігі – басты назарда
262
оқылды

Сұхбат барысында тараптар азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы қазіргі сын-қатерлерді еңсеруге және елдің агроөнеркәсіптік кешенін тұрақты дамытуға қатысты мәселелерді талқылады.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде азық-түлік тап­шы­­лығы мен аштық қазір жаһандық күн тәрті­бін­дегі ең өзекті мәселелердің бірі екенін айтты. Бірік­кен Ұлт­тар Ұйымының мәліметтеріне сәйкес, әлемде 340 миллионнан астам адам азық-түліктің жетіс­пеуі­нен зардап шегіп отыр. Ал екі миллионға жуық адам аштықтың алдында тұр.

Осы ретте қазіргідей геосаяси шиеленіс және эко­логиялық қатерлер жағдайында Қазақстанның бас­тамасымен құрылған Азық-түлік қауіпсіздігі жө­ніндегі ислам ұйымының қызметі ерекше маңыз­ға ие болып отыр.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету Қазақстанның алдын­да тұрған стратегиялық міндеттердің бірі екенін айтты. Бұл бағытта Азық-түлік қауіпсіздігі жөнін­де­гі ислам ұйымы жаһандық азық-түлік мәселе­лерін шешу жолында маңызды рөл атқарады. Біз ұйымның гуманитарлық дағдарысқа ұшыраған елдерге, оның ішінде Ауғанстан тұрғындарына кө­мек көрсету жөніндегі бастамаларын жоғары баға­лаймыз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Кездесу барысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау және халықты қол­же­тім­ді әрі сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету бағы­тында жүйелі шаралар қабылданып жатқаны айтылды. Соның аясында Сенат депутаттары елі­міздің азық-түлік тәуелсіздігін нығайту мәсе­лесін бас­ты назарында ұстап келеді.

Сонымен қатар тараптар Орталық Азия ел­дері­нің агроклиматтық жағдайы, экологиялық проб­ле­малары және экономикалық байланыстары ұқ­сас екеніне назар аударып, ортақ тәсілдерді әзір­леу үшін аймақтағы ынтымақтастықты арт­тыру тетіктерін талқылады.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы Бахрейнде ұйым­дас­тырылған халықаралық конференция аясында ді­ни лидерлермен болған кездесулердің қоры­тын­дыларына назар аударды және Берік Арынды 2025 жылғы 17-18 қыркүйекте Астанада өтетін «Діндер диа­логі: болашақ жолындағы синергия» атты Әлем­дік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съе­зіне қатысуға шақырды.