Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Ерлан Қалмақов мәлімдеді.
– Қазір білім беру ұйымдарында «Наурызнама» тұжырымдамасына сай түрлі іс-шара ұйымдастырылуда. Солардың ішінде дәстүрге айналған «Күй күмбірі» акциясы ерекше орын алады. 20 наурыз күні сағат 11.00-де барлық мектепте күмбірлеген күй әуені бір уақытта шарықтайды. Бұл шараға 1 миллионға жуық оқушы мен мұғалім қатысады деп күтілуде, – деді департамент басшысы.
Сонымен қатар Ерлан Қалмақов жас ұрпақтың рухани дамуы үшін қолға алынған тағы бір маңызды бастама – «Балалар кітапханасы» жобасы жайында да айтып өтті. Бұл жоба оқушылардың оқу сауаттылығы мен оқырмандық мәдениетін қалыптастырып, олардың ой-өрісін кеңейтуге бағытталған. Оның аясында жас оқырмандар үшін арнайы іріктелген 2 580 кітаптың тізімі бекітілді.
Музыка мен кітап – ұлттың рухани қазынасы. Ал бұл бастамалар – сол бай мұраны келер ұрпаққа аманаттаудың айқын көрінісі!
Кәмила ЕРКІН