Еліміз 1991 жылдан бері Наурыз мейрамын тойлап келеді. 2009 жылдан наурыздың 21, 22, 23 күндері Наурыз мейрамы деп жарияланды. Іле-шала ЮНЕСКО Наурыз мерекесін материалдық емес құндылықтар тізіміне енгізді. 2010 жылы БҰҰ бұл мейрамды ресми түрде 21 наурыз күніне белгілеп, Халықаралық Наурыз күні деп жариялады. Ал 2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде Наурыз мейрамын он күн бойы тойлау дәстүрі бастау алды. Бүгінде Наурыз жалпыхалықтық мереке ғана емес, отбасылық құндылыққа да айналған. Бұл туралы 1918 жылы жарық көрген «Сары арқа» газетінде Міржақып Дулатұлы да жазыпты. «Бұрынғы ата-бабаларымыз наурыз туғанда бастарын қосып, құшақтасып көрісіп, қуанысып, бірін-бірі наурыз көжеге шақырып жүріседі екен. Жастар біркелкі ойын ойнап, ат шаптырып, сауық-сайран қылады. Заман ауырлап өзгерген сайын халықтың көңілі де жабыңқы тартып, бұрынғыдай ойын-сауық азаюға айналды. Сондықтан наурызды жұрт тегіс майрам қылудан қалыңқырап бара жатыр еді. Соңғы жылдарда біздің қазақ-қырғыз һәм өзге түрік қауымдары да наурызды тірілтіп, бұрынғыдай мейрам қыла бастады», – деп жазған Алаш арысы.
Мереке тазалықтан басталады
Шынымен де, наурыз – әр отбасының асыға күтетін мерекесі, ықылым заманнан жаңару мен тазалық айы. Күн мен түн теңелетін шақты әр отбасы қасиетті санап, мерекеге дайындықты ең бірінші тазалықтан бастаған. Ағаш егу, үй-жайды тазарту, бұлақ көзін ашу сияқты жұмыстар осы наурыз айында атқарылады. Бұл – жаңа жылға, жаңа күнге жаңарып, тазарып қадам басу дегенді білдірсе керек. Сонымен қатар Наурыз мерекесі қарсаңында ескі-құсқы заттарды лақтырып, отпен аластау рәсімі де өткізілетін болған. Бүгінде осы дәстүр жаңғыртылды. 14-23 наурыз аралығындағы «Наурызнама» онкүндігі аясында жер-жерде тазалық жұмыстары атқарылып, көшеттер егіліп, арық-атыздар қоқыстан тазартылады. Тіпті, Наурызнаманың бір күні арнайы Тазару күні болып бекітілген.
– Наурыз мейрамы қазір жоғары деңгейде атап өтіліп жүр. Он күн бойы қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық өнегесін жаңғыртып жатырмыз. Бірақ әлі де науқаншылықтан арылған жоқпыз. Тек қана осы мейрам күндері салтымызды көрсету керек сияқты. Ал қалған күндері жан-дүниемізбен қалап, салтымызды ұстанып жүрмейміз. Осы мәселе мені қынжылтады. Мысалы, наурызда қазақтың дәстүрін көрсетеміз деп бесікке жасы үлкен балаларды бөлеп жүр. Енді біреулер киіз басудамыз деп дайын киіздерді умаждап отырады. Осы дүниенің барлығы неге шынайы емес? Тек мерекеде емес, жыл бойы дәстүрлерімізді жандандырсақ болады ғой. «Ертең ұлттық киім керек еді?» деп тек наурызда қазақы киім іздейді, – дейді этнограф Бұлбұл Кәпқызы.
Наурызда сыйлық сыйлауымыз керек
Наурызнаманың онкүндігі аясында ұлттық тағамдарымыз да, ұлттық киімдеріміз де қайта жаңғырды. Қыстың аязын артқа тастаған туыстар бір-бірімен мәре-сәре болып қауышып, дастарқан басында жиналады. Наурыз көже – мерекенің басты тағамы. Оны дайындауға кемінде жеті түрлі ингредиент қосылады: су, ет, тұз, май, ұн немесе күріш, тары, сүт немесе айран. Бұл – молшылық пен берекенің белгісі. Сонымен қатар ет асылып, бауырсақ, құрт, ірімшік, жент секілді ұлттық тағамдар әзірленеді.
– Наурыз – Орталық Азия үшін ерекше мерекелердің бірі. Жаңа күн –жаңарудың белгісі. Бала күнімізден Наурыз десе жеті дәмнен құралған «Наурыз көже» ұғымы ең бірінші ойымызға келеді. Былтыр еліміз бойынша Наурызнаманың онкүндігі бекітілді. Мен Парламентте «Ұлттық киімге арнайы күн бекітейік. Қырғыз елінде, Бразилия, Жапонияда осындай атаулы күн бар» деп бастама көтердім. Кейін бұл күн наурызнамаға еніп, мерекені тойлауға жаңа реңк бергендей,– дейді Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев.
Оның айтуынша, жаңа жылда ғана емес, Наурыз мейрамында да сыйлық сыйлауды әдетке айналдыруымыз керек. Сыйлық – адамдарды жақындастырады.
– Ұлыстың ұлы күні – әр отбасына жылулық сыйлайтын мереке. Көп жылы сөз айтып, жақсылық жасауымыз керек. Наурызда Самарқанның көк тасы еріпті деп айтамыз ғой, сол сияқты наурызда адамдар арасындағы өкпе-реніш те ұмыт болуы қажет. Бес күндік демалыста туған-туыстарымызбен бір-біріміздің үйімізден көже ішіп, әулеттің үлкендерінің ақ батасын аламыз. Соңғы кездері әулетіміздегі балалар арасында асық ату, арқан тарту сияқты ұлттық ойындардан жарыс өткізіп, киноға, театрға билет сыйлап жүрміз. Отбасы – шағын мемлекет. Жанұямызда әрқашан жылулық сақталса, Отанымызда да тыныштық пен береке болатыны сөзсіз, – дейді Мәжіліс депутаты.
Бата – қазақтың ертеден келе жатқан ұлттық дәстүрлерінің бірі. Бата, тілек ақ дастарқан басында, тек жақсылықтарда айтылады. Мұның бір жағында үлкенді сыйлау жатса, екінші жағында «баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» деген, ізгі ықылас-игілікке деген тілектестік жатады. Қазақта батаны көбіне келешегі алда жасөспірімдер сұрайды. Жақсылардың, көп жасағандардың, киелілердің, аузы дуалылардың батасын алуды жақсылыққа санап, ырымдайтындар ертеде осындай адамдарға алыста болса да арнайы жіберетін. Қазақта батаның түрі тым көп. Әр адам өз білгенін айтса болады. Бірі – «батыр бол» десе, бірі «бай бол», «ақылды бол», «ақ сақалды, сары түсті шал бол», тағы бірі «бәледен сақта», – дейді. Ал Наурызда берілетін бата ерекше мәнге ие, өйткені ол жаңа жылдың басталуымен, жаңарумен және берекемен тікелей байланысты.
– Наурыз – айдан аман, жылдан есен шыққанда тойланатын мереке. Әр отбасы жаңа жылды күткендей, наурызды күтіп, сыйлық алмасса да артық емес. Бауырлас елдерде де наурыз күні жастар үлкенге ізет көрсетіп, тапқан табысына сыйлық әпереді. Ал үлкендер жастарға батасын береді, – дейді этнограф Бұлбұл Кәпқызы.
«Тілеу көже» ұмыт болған
Наурыз мейрамында халық береке мен молшылықтың нышаны ретінде «Тілеу көже» немесе «Жеті дәм» тарату дәстүрін ұстанады. Бұл – адамдардың бір-біріне ізгі тілек айтып, дастарқаннан дәм татқызу арқылы жақсылыққа ниет білдіруінің көрінісі.
– Наурыз көжеге жеті түрлі дән салу керек деген қатып қалған қағида бар. Кезінде бір ауыл бір қазан көжеге кебежесінің түбінде қалған дәндерін, соғымдарын әкеліп қосқан. Ауылдағы үйдің барлығы бірігіп, қыстың ызғарынан аман шығып, көктемнің шуғына жеткенін атап өткен. Ал қазір кезінде наурыз көже жасаған деп барлық үй базардан жеті түрлі дән әкеліп, молынан көже пісіреді. Бірақ ертесі күні сол көже ішілмей, қоқысқа төгіп жатқандар да бар. Бұл – ысырапшылдық. Бір ауылда бір үй ғана көже жасаған кездер болған. Жеті дәнді қосу шарт емес. Жеті дәнді жоқшылықтан әр үйден жинаған. Бұл – дәстүріміздің тозығы. Әр отбасы өзіне шақтап, наурыз көже жасап ішсе болады, – дейді Бұлбұл Кәпқызы.
«Тілеу көже» – Наурыз мейрамында арнайы дайындалатын, жеті түрлі дәмнен тұратын қасиетті тағам. Бұл көжені әр үйде жасап, туған-туыстарға, көршілерге, мұқтаж жандарға тарату – халықтың кең пейілі мен қонақжайлығын көрсетеді. Бірақ қазір бұл дәстүр ұмыт болғандай.
– Біз бұрынғы дүниелердің негізін жоғалтпауымыз керек. Бірақ дәстүрімізді жаңа заманға икемдеуіміз қажет. Іс-әрекет жасағанға ыңғайсыз шапан мен кимешек кимей-ақ заманауи үлгіде қазақы нақышта киінсек те жетеді.
Өткенде бір апа кішкентай баланың тұсауын кессек, жеті атасының күнәсі кешіріледі екен деп айтып жатыр. Баланың тұсауын кескенде «сәби жүгіріп кетсін» деп қана ырымдаған. Тұсауы кесілмеген бала да жүреді. Бірақ ол сүріншек келеді, – дейді этнограф.
Иә, қазақ халқының дәстүрлері ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, кейбірі заман талабына сай жаңғырып, ал кейбірі өзектілігін жоғалтып жатыр. Наурыз мерекесі де осындай өзгерістерді бастан кешіріп келеді. Көрісу күні, Наурыз көже жасау, бата беру, ұлттық ойындар ойнау сияқты салт-дәстүрлеріміз жаңа заманмен бірге қайта түлеп, өз қажеттілігін жойған жоқ. Ал уақыт талабына сай кейбір дәстүрлеріміз мәнін жоғалтқан. Атап айтсақ, бұрын халықта 21-22 наурыз түнінде үйге Қызыр баба келеді деген наным болған. Осы түнді ерекше қарсы алу, есік-терезені ашып қою салты, «Қызыр түні» сенімі бүгінде ұмыт қалған.
Сонымен қатар ертеде Наурыз түні үйлерде жеті майшам жағылып, жаңа жылға арналған тілек тілейтін болған. Қазір бұл дәстүр сирек кездеседі, тек этнографиялық қойылымдарда ғана көрсетіледі. Бұрын ескі ыдыстарды сындырып, жамандықты кетіру деген сенім болған. Қазіргі заманда экология мен тұрмыстық мәдениетке байланысты бұл дәстүр де маңызын жойды. Сосын қазақта «Наурыз күні түске дейін ұйықтаған адамның ырысы кемиді» деген сенім болған. Бүгінде бұл дәстүр де мәнін жоғалтты.
Иә, дәстүрлер заман талабына сай өзгеріп отырады. Наурыз мерекесіндегі озық дәстүрлерді сақтап, жаңғырту – ұрпақ алдындағы міндет. Ал тозығы жеткен, қажетсіз болған дәстүрлер уақыт өте келе қолданыстан шыға береді.
Көктем ҚАРҚЫН