Қазақы Жыл бастауы мейрамы бүгінде кең көлемде тойланып жатқанымен, оның тамыры терең тарихтан бастау алады. Ал мұрағаттағы құнды деректер әз-Наурыз мерекесін тұңғыш рет Тұрар Рысқұлов түлеткенін айғақтауда.
Тұрар түлеткен мереке
805
оқылды

Жалпы, Наурыз мерекесінің мың жылдық тарихы барын ғалымдар айтуда. Ал 2010 жылы БҰҰ Бас ассамблеясы 21 наурызды «Халықаралық Наурыз күні» деп белгілеуі де бекер емес. Өйткені Бас ассамблея қарарында: «Наурыз мерекесі 3000 жылдан бері Орталық Азия, Балқан түбегі, Қара теңіз аймағы, Кавказ және Таяу Шығыс елдерінде тойланып келеді. Бұл мереке 300 миллионнан астам адамның басын біріктіруде», – деп Наурыз мере­кесінің тарихы тереңде жатқанын мойын­дауда. 

UNESCO халықаралық ұйымы болса,  2009 жылы  30 қыркүйекте Наурыз мей­рам­ын «Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне» қосты. 

Осылайша, күн мен түннің теңесуі тұспа-тұс келетін Наурыз мерекесін – Жыл басы ретінде әлемдік деңгейде атап өту дәстүрі қалыптасты. 

Ал дала төсін тұлпар тұяғының дүбірі тербеген көшпенділер дәуірінде Ұлы даланың ұлы ұрпақтары Наурыз мерекесін «Ұлыстың ұлы күні» деп ұлықтады. Сондай-ақ бұл мереке Ұлы даланың мекен еткен көшпенділердің басын біріктіруші рөл атқарды. Кеңестік кезеңнің идеолог­тары мерекенің осы қырынан қатты қор­қып, оны ататып өтпеуге бар күштерін салды. Алайда 1920 жылы 20 наурызда еліміздің оңтүстік өңірінен құрылған Түр­кістан Республикасы советінің орталық атқару комитетінің  төрағасы Тұрар Рысқұлов «Наурыз» мерекесіне мемлекеттік мәртебе беретін бұйрыққа қол қойып, солақай саясаттың сойылын соққандарды састырды. 

«Түркістан совет республикасы совет­терінің Орталық атқару комитетінің осы жылғы 20 наурыздағы қаулысына сәйкес, қаулы етемін: 22 наурыз – «Көктем басы – Наурыз» бүкілхалықтық мерекесі деп саналсын», –  делінді құнды құжатта.  Қаулы телеграф және телефонмен тарат­ылып, мерекені атап өтуге мекемелер сеп­т­есуі қажеттігі айтылды. Кейін осы құ­жатты Жамбыл облыстық архивінен ардагер журналист, мұрағатшы  Мақұлбек Рысдәулет тауып алып,  жарыққа шығарды.  

«Большевиктер еш дәлелсіз Наурызды діни мереке деп санады. 1930-жылдары Қазақстандағы түрлі көтерілістен кейін Наурыз ғана емес, қазақтың бата беру дәс­түрі де Совет билігіне қарсылық секілді қа­былданды. Архивте «көтерілісшілер әуелі бата жасап, ант қабылдады» дейтін құжаттарды көрдім», – деген жазба қал­дырды естілігінде марқұм Мақұлбек Рысдәулет. 

Осылайша, Наурыз тұрмыстық дең­геймен ғана шектелді. Дегенмен халықтық мереке 1930-1932 жылдардағы ашаршы­лыққа дейін тұрақты түрде өтіп тұрған. Тек «наурыз» атауының орнына енді «амал», «қамал» деген  сөздер қолданылды. Ашар­шылық, репрессия аяқталып, қазақ жеріне жылымық ене басталған шақта оң­түстік аймақтарда «Көп көже» деген атпен ауылдарда наурыз көже беріле бастағанын тарихи мәліметтер растайды. 

Билік тарапынан ресми шектеу қойыл­ғанымен, қылышынан қан тамып тұрған Кеңес заманында ұлт зиялылары астыртын болса да әз-Наурызды ел есіне салып тұрды. Айталық, бұл жайлы «Жас Алаш» газетінің атауын қайтарған, басыл­ымның сол кездегі редакторы Уәлихан Қалижан: «Бұрын Совет тұсында Сейдахмет Бердіқұлов бас редактор болып тұрған кез­де Наурыз мерекесі қарсаңында газет нөмірі көгілдір түспен шығатын. Оны «көк­тем нөмірі» деп атағанымен, астарында Наурыз тұратын еді», – деп еске алады. 

Артынша, 1985 жылы Кеңес Одағының билік басына Михаил Горбачев келіп, ол бірден «қайта құру» және жариялылық саясатын жариялады. Тоталитарлық режимді іріте бастаған демократиялық процестерді пайдаланған халық Наурыз мейрамын кеңшар-ұжымшар, тіпті қала көлемінде біртіндеп атап өте бастады. Осы тұста Наурызға «мемлекеттік мереке» мәртебесін беру мәселесі күн тәртібіне қайта көтерілді. Бұл іске сол кездегі Қа­зақ­стан компартиясы орталық комит­етінің хатшысы болып сайланған Өзбекәлі Жәнібеков 1988 жылдың ақпан айында қызу кіріседі. Ол туралы журналист Уәлихан Қалижан өз естелігінде: «Ленин­шіл жас» газетінің бетінде оқырмандармен «Тікелей телефон» арқылы сұхбат жүргізу дәстүрі бар еді. Соған Мұхтар Шахановты шақырдық. Сонда осы мәселені көтерді. Артынша газетке «Наурыз» мерекесінің қажеттілігі жайында арнайы материал да бердік. Көп ұзамай Орталық комитет хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков шақырды. Материалдарымды жинап алып барсам да сескендім, бірақ ол кісі қолдады. Сөйт­іп, өзі Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Геннадий Колбинге кірді. Содан кейін Колбин Наурыз мерекесін атап өту туралы хат жазған Мұхтар Шахановты қабылдады», – деп жазады. 

Әдебиет зерттеушісі Рахманқұл Бердібай да өз естелігінде 1988 жылы наурыз айының басында Жазушылар одағында үлкен жиын болғанын, сонда «басқа елдерде Наурыз жыл сайын той­ланатынын, бізге бұл жақсы дәстүр қашан келетінін» басқосуға қатысып отырған Өзбекәлі Жәнібековтен сұрағанын,  ол оны «бірден қолдағанын» айтқан. Осындай қолға алынған ілкімді істердің нәтижесінде Наурыз мерекесі 1988 жылы алғаш рет Алматы қаласы мен Алматы облысының Жамбыл ауданында үлкен халықтық мейрам ретінде аталып өтті. Ал араға бір жыл салып, яғни 1989 жылы Қазақстанның барлық облысында жаппай тойланып, халық шат-шадыман күй кешті. Содан 1991 жылы 15 наурызда, яғни егемендіктің елең-алаң тұсында Наурыздың 22-сі – халықтық мереке «Наурыз мейрамы» болып жарияланды. 

Осылайша, Тұрар Рысқұлов мем­лекеттік деңгейде тұңғыш рет  тойлатқан төл мере­кеміз – әз-Наурыз тәуелсіздік жылдары қайта түлеп, өз тұғырына қонды. Жылдан-жылға ұлық мейрамның да мән-маңызы артып келеді. Айталық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен  былтырдан бері «Наурызнама» онкүндігі әзірленіп, соның аясында тағылымға толы іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бұл да Ұлыстың ұлы күнінің жаңаша сипат алғанының айқын көрінісі.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы