Жұрттың аузын аққа жеткізіп, жер-жаһанды сері самалға өпкізіп, нұр-шапағатты аямай төккізіп, қиындықтың бәрін өткен жылға өткізіп әлемге әз-Наурыз келді.
Әз-Наурыз – адамзаттың басты мейрамы
фото: Радмир ФАХРУТДИНОВ
601
оқылды

Жыл басына баланған, жаңару мен жасампаздық бастауы саналған, ырыc-берекенің арқауына айналған Наурыз мейрамын континентіміздегі көптеген халық дәстүрлі мейрамы ретінде ықылым заманнан тойлап келеді. Біраз елде бұл мерекеге мемлекеттік мәртебе беріліп, елге ұзақ демалыс ұсынылады. Біз әлемдегі қандай елдер Наурызда неше күн демалатынын және қалай атап өтетінін анықтадық.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарлауынша, Қазақстанда былтырдан бері Наурыз мейрамын атап өтудің жаңа форматы – «Наурызнама» енгізілді. Оған сәйкес, Ұлыстың ұлы күні республикамызда он күн бойы – 14-23 наурыз аралығында тойланады. 

Министрліктің Мәдениет комитеті­­нің түсіндіруінше, «Наурызнама» онкүн-д­ігі­­нің әрбір күні қазақ мәдениеті мен қо­ғамы­ның байлығы мен алуантүрлілігін көрсететін белгілі бір тақырып пен құнды­лыққа арналады.

Бұған дейін, 14 наурызда – Көрісу күні Амал мерекесі, 15 наурызда – «Қайырым­ды­лық күні», 16 наурызда – «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні», 17 наурыз­да – «Шаңырақ күні», 18 наурызда – Ұлт­тық киім күні, 19 наурызда – Жаңару күні атап өтілді. Бүгінгі 20 наурыз – Ұлттық спорт күніне, 21 наурыз – Ынтымақ күніне арналады. 22 наурыз – Жыл басы болып белгіленді. Одан соң 23 наурыз – Тазару күні деп аталады.

«Наурызнамада» барлық өңір мен қо­ғамның барлық санатын қамтитын халық­тық думандар мен мәдени-спорттық іс-шараларға ерекше назар аударылады. Сон­дай-ақ этноауылдар құрылып, жәр­меңкелер, концерттер, спорттық сайыстар, көрмелер, әдеби-музыкалық кештер және басқа танымды, бұқаралық, ресми іс-шара ұйымдастырылады.

Қазақстанда Наурыз мейрамы – мем­лекеттік мереке статусына ие. Демалыс күндеріне келсек, «Қазақстан Республика­сындағы мерекелер туралы» заңына сәйкес, Наурыз мейрамына орай 21-23 наурызда демалыс жарияланады. 2025 жылы 22 нау­рыз – сенбіге, 23 наурыз – жексенбіге сәйкес келеді. Ал аталған заңның 5-бабы бойынша «Демалыс және мереке күнде­рі сәйкес келген жағдайда мерекеден кейін­гі жұмыс күні демалыс күні болады». Ең­бек министрлігінің шешіміне сәйкес, биыл қазақстандықтар Наурыз мейра­мын­да бес күн – 21, 22, 23, 24, 25 наурыз күн­де­рі демалады.

«Наурызнама» – тек Қазақстанның ойлап тапқан жаңашылдығы. Өзге елдерде жыл басы Наурыз негізінен халықтың мереке сипатында өтеді. Қырғызстанда да «Нооруз» мемлекеттік мереке мәртебесін алған. Бірақ заң бойынша қырғыздар 21 наурызда ғана демалады. Әйткенмен, 2025 жылы бұл дата жұмаға тап келетіндіктен, Алатаудың арғы баурайындағы ағайындар қатарынан 3 күн – 21, 22 және 23 наурыз күндері демалады.  

Айтпақшы, осы жылы әз-Наурызды Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан президенттері бірге тойлайтын болды. Бұл туралы өткен аптада, 13 наурызда Садыр Жапаров пен Эмомали Рахмонның ке­ліссөздерінде белгілі болды. Үш елдің мем­лекет басшысы ортақ мейрамды тәжіктің Худжанд қаласында атап өтпек.

– Ноорузды бірге мерекелеу – Орталық Азия халықтарының бірлігі мен тату өмірінің символына, ізгі дәстүрге айналады. Біздің ортақ міндетіміз – халықтарымыз арасын­да­ғы сенімді нығайту. Шекаралас аудан­дардағы ынтымақтастықты күшейту бұл бағыттағы маңызды қадам болмақ. Бұл тұрғыда Худжандта Ноорузды бірлесе мерекелеудің маңызы зор. Шақыру үшін алғыс білдіремін және қатысатынымды растаймын, – деді Қырғыз Республикасының Президенті С.Жапаров.

Бұл мереке Тәжікстанда да көп, әрі кең тойланады. Тәжіктер «Наврузда» 7 күн бойы – 21, 22, 23, 24, 25, 26 және 27 наурызда демалады. Ал заң бойынша Навруз мейра­мына бұл елде ресми түрде 3 күн демалыс бекітілген. 

Тәжік елінің астанасы Наурызды жылда карнавалмен қарсы алатын. Биылғы жылы көше шеруінен бас тартылды, есесіне бұл күні Душанбеде Орталық Азиядағы ең ірі отшашу болмақ. «Навруз-2025» 19-22 наурыз аралығында кең ауқымда атап өтілетіні хабарланды. Оның аясында мәдени іс-шаралар, спорт жарыстары, жастарға арналған жеке бағдарлама жоспарланған.  

Қала басшылығы жыл басы «Навруз» 20 наурыз күнгі сағат 14:01-де туатынын ресми хабарлады. Бірақ бүкіл ел бойынша «Наурызды қарсы алу салтанаты» 21 наурызда басталады. Айта кету керек, Тәжікстанда «Нав­рузгох» мемлекеттік мекемесі құрыл­ған, мерекеге арналған халықаралық жиын­дарды сол өткізеді. Бүкіл әлемнен жастар лидерлерін жинайтын Navruz Youth World Festival жастар фестивалі, Халықара­лық туризм фестивалі, Ұлттық тағамдардың фестивалі және басқасы жоспарланған. Негізгі салтанат Худжанд қаласында өтіп, оған Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан президенттері қатысатыны хабарланды.

Өзбекстанда да Наурыз мейрамы ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардан терең тамыр тартып жатыр. Биыл Үкімет «Навруз» мейрамы үшін қосымша демалыс бермеуге ұйғарды. 2025 жылғы мерекелеу кестесі келесідей: 21 наурыз – Навруз мейрамы құрметіне ресми демалыс, 22 наурыз – сенбі, 5 күндік жұмыс аптасындағылар үшін ғана демалыс, 23 наурыз – жексенбі, баршасы үшін әдеттегі демалыс. 

Сонымен бірге Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев биылғы 21 ақпанда «2025 жылы Навруз бүкілхалықтық мерекесін дайындау және өткізу туралы» жарлық (Prezidentining Qarori) шығарды. 

«Биылғы жыл – Қоршаған ортаны қорғау және «жасыл» экономика жылы. Оның аясында Наврузды тойлау жаңа, анағұрлым терең мағына мен мазмұнға ие бола түседі. БҰҰ халықаралық мереке деп таныған Навруздың Жаңа Өзбекстандағы бейбітшілік, достық, келісім мен бірлік рухын нығайтудағы баға жетпес рөлін ескере отырып, ол лайықты деңгейде мерекеленсін. «Құндылығың мәңгілік болсын, Навруз!» ұранымен бұл мейрам жоғарғы деңгейде, халықтық серуендермен – сайилдермен (сауық-сейіл) кең атап өтілсін», – делінген құжатта.

Жарлыққа сәйкес, «Навруз бүкілха­лықтық мерекесінің идеялық-көркемдік тұжырымдамасы» бекітілді. Ол өзбек тілін, ұлттық құндылықтарды, тарих пен ұлттық ойындарды дәріптеуді, қайырымдылық іс-шараларын, қарияларға құрмет жоралғыларын, жалпыхалықтық хашар (асар) өткізуді, әрбір елді мекенді, көше мен махалланы абаттандыру мен жасылдан­дыруға тұрғындарды кең тартуды, қыстан шыққан елді көз тартардай көркем етіп безендіруді және басқасын қарастырады.

Табиғат заңдылығымен жыл басы болған, жақсылықтың жаршысына айналған Наурыз мейрамын кең атап өтетін елдердің көш басында Әзербайжан тұр. Заң бойынша «Новруз» мейрамына үш күн – 19-21 наурыз күндерінде демалыс берілген. Бірақ әзер­байжандар күн мен түн теңелетін бұл мерекені он күннен аз тойлап көрген емес. 

Әзербайжан Үкіметі 2025 жылғы демалыс күндерінің кестесін өзгертті. Премьер Әли Асадов қол қойған қаулыға сәйкес, «демалыс күндерінің бірізділігін қамтамасыз ету мақсатында» жұмыс күндері саналатын 27 және 28 наурыз тиісінше 10 наурызға және 1 сәуірге көшірілді. Сондай-ақ 30-31 наурыз «Рамазан мейрамы» деп жарияланды. Нәтижесінде, Әзербайжанда 2025 жылы Наурыз мерекесі 20 және 31 наурыз аралығын қамтиды және 12 күн бойғы демалыс, «жал­пыхалықтық наурыз каникулы» ен­гізілді. Бұл күндерді жұртшылық жақын-жуықтарына қонаққа баруға, ел бойынша саяхаттауға арнайды.

Мәдениеттанушы Ильгар Гусейновтің айтуынша, Новруз әзербайжан халқының ең сүйікті әрі байырғы мерекелерінің бірі. Тиісінше, оны атап өтудің берік дәстүрі қалыптасқан. Жаңа жылды қарсы алуға халық ерте кіріседі. Салтанат 4 ерекше сейсенбіден – «Чершенбеден» басталады. Яғни, әз-Наурызға дейінгі әр сейсенбінің кеші Су күні, От күні, Жел күні және Жер күні аталады, оның әрқайсысы табиғаттың бір құбылыс-стихиясының оянуын білдіреді. Бір қызығы, қазақтың Жарапазаны, немесе америкалық «Хэллоуин» сияқты әзербай­жандық балалар дәл Новруз күні үйді-үйді аралап, боялған жұмыртқа, тәттілер жинайды.

Иранда жыл басы «Наурузда» бастала­ды. Бұл елдегі ең елеулі, ірі халықтық мейрам. Биыл ирандық күнтізбе бойынша Науруз 21 наурызға сәйкес келеді. Ирандық ақпарат құралдары Науруздың біздің дәуі­рімізге дейінгі 648-330 жылдан, Ахеменид­тер әулеті билеген заманнан бері тойла­натынын айтады. 

Ирандықтар әз-Наурызды дәстүрлі түрде 13 күн қатарынан мерекелейді. Тур­фирма өкілдері Иранда осы күндері көптеген ұйым, соның ішінде мемлекеттік мекемелер, музейлер және басқасы негізінен ашық болатынын түсіндірді. Тек мектептер бала­ларды каникулға жібереді. Біраз компа­ния қонаққа баруы, саяхаттауы үшін ұжымы­на толық демалыс береді немесе кезек-кезек­пен, ішінара босатады. Содан Наурузда көшелер, мұражайлар және өзгесі ығы-жығы халыққа толады. Саяхаттауды жоспарлаған­дар мұны ескергені жөн.

Наурыз мейрамы Түркияда, Солтүстік Кипр түрік республикасында, Қытайда, Ресейде, Түрікменстанда, Украинада, Ауғанстанда, Иракта, Сирияда, Оңтүстік Осетияда, Албанияда, Арменияда, Босния мен Герцеговинада, Солтүстік Македонияда, Моңғолияда және басқа да елдерде түрлі деңгейде атап өтіледі. Бірақ ресми түрде мемлекеттік мерекелер тізіміне енгізіл­мегендіктен, демалыс қарастырылмаған. 

Барлығында дерлік мерекелеу дәстүрі ұқсас: бұл күндері бір-біріне қонаққа барады, жауласқандар бітімге келіп, татуласуға тырысады, үй ішінде және сыртта тазалау жүргізіп, ескі-құсқыдан арылады. Жұрт­шылық жиналып, ұлттық тамақтан дәм татып, ән айтып, арнайы жағылған алауды айналады, сөйтіп бой-басын отпен аластай­ды. Арнайы ыдыста дәнді дақылдарды немесе гүлдерді алдын ала өсіріп, бір-біріне сыйлайды, үй ішін сонымен безендіреді. Көктемгі жасөскін табиғаттың түлеуін және жаңа өмірдің басталуын бейнелейді.   

Адамзат та табиғаттың төл перзенті, ол соған нық тәуелді. Ендеше табиғаттың түлеп, жаңаратын, Жер-ананың тоң кеудесі жібіп, тас емшегі иитін, ғаламшарымызда күн мен түн теңелетін шақ – әз-Наурыз адамзаттың ойдан шығарылмаған, табиғаттың өзі сыйлаған басты мерекесі болса керек. Олай болса, Жаңа жылда елдеріміздің шаңырағы биік, керегесі кең, мерекесі ерен, ырыс-берекесі молынан болсын!

Айхан ШӘРІП