Өңірдің төтенше жағдай қызметінің мәліметінше, ақмолалықтардан осы уақытқа дейін тұрғын үйлерінің суға кеткені жайлы бес хабарлама түскен.
Ақмолада үш елді мекен көлік қатынасынсыз қалды
342
оқылды

Ақмола облысында үш елді мекен су тасқынының салдарынан көлік қатынасынсыз қалды. Облыстық штабтың мәліметінше, тасқын аса қауырт режимде өтіп жатыр, – деп хабарлайды  Aikyn.kz тілшісі. 

Өңірдің төтенше жағдай қызметінің мәліметінше, ақмолалықтардан осы уақытқа дейін тұрғын үйлерінің суға кеткені жайлы бес хабарлама түскен. Баспаналарын су басқан тұрғындарға құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдардан құралған мобильді топтармен қарғын су сорып алынған.

- Қазіргі уақытта су шайып кеткен 1 республикалық, 5 облыстық және 8 аудандық маңызға ие жолдар облыстық тасқынға қарсы штабтың бақылауына алынған. Жарқайың ауданындағы Үшқарасу, Есіл ауданындағы Раздольное және Біржан сал ауданындағы Күдебас ауылдары мүлде көлік қатынасынсыз қалды, – деп атап өтті облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев. 

Өңірдің апаттан-құтқару жұмыстарында 800-ден астам адам мен 400-ге тарта техника жұмыс істеп жатқаны мәлім болды. Олардың қатарында Ақмола облысы мен Астана қаласы төтенше жағдайлар департаметінің, әскери бөлімдердің, аумақтық қорғаныс, жергілікті атқарушы органдар, волонтерлер мен басқа да мүдделі органдар жұмылдырылған. 

- 200 мың текше метр су сорылып, 20 мыңнан астам құм толтырылған қап төселді. 80 мың метрге жуық арық тазартылды, – деп атап өтті ведомстводан. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.