Қоғамның әлеуметтік жауапкершілігінің бір көрінісін мүмкіндігі шектеулі жандарға деген қамқорлықтан бағамдауға болады.
Оңалтудың орны бөлек
229
оқылды

Бұл бағытта елімізде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс істелуде. Бұл қатарда Жетісу облысының аумағында да қолдау мен қамқорлыққа толы істер жеткілікті. Әсіресе, мұқтаж жандарды оңалтуға қатысты ілгерлеушілік бар.

Жалпы, Жетісу облысында 25 055 мүгедектігі бар азамат тір­кел­ген екен. Оның ішінде I топ мүгедектері 2 695 адам болса, II топ мүгедектері – 10 274, III топтағы мүгедектер – 9 098, ал 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар 2 988 адам­ды құрайды. Бұл облыс тұр­ғын­да­ры­ның жалпы санына шаққанда 3,6 пайыз шамасында екен. Былтыр мүге­дек­тігі бар тұлғаларды оңалтуға 5,2 млрд тең­ге бөлінді. Жылдың қорытындысы бойынша, техникалық оңалту құрал­да­рына мұқтаж мүгедек адамдардың саны 16 825 құрады. Оның ішінде 16 784 аза­мат жеке оңалту бағдарламаларына сәй­кес қажетті техникалық оңалту құрал­да­ры­мен қамтылған. Атап айтқанда, ши­па­жай-курорттық емдеумен – 3 762 адам, арнайы қозғалыс құралдарымен – 758 адам, протездік-ортопедиялық бұйым­­дармен – 2 333 адам, тифло­тех­ни­­­­калық құралдармен – 799 бұйым, сур­­дотехникалық құралдармен – 374 бұ­йым, гигиеналық құралдармен 7 039 адам қамтамасыз етілсе, жеке көмек­ші­нің қызметтерімен – 1 357 адам, ымдау тілі мамандарымен 362 адам қамтамасыз етіліпті. Нәтижесінде, оңалту құрал­дар­мен қамту деңгейі 99,8 пайызды құрады, бұл облыстар бөлінісінде 1-орындағы көр­сеткіш екенін атап өту керек. Ал ор­та­ша республикалық көрсеткіш 92,8 пайыз шамасында болып отыр.

Бұдан бөлек, Жетісу облысында тұң­ғыш рет әлеуметтік маңызы бар жоба – мүгедек жандардың үйінде көшпелі оңал­­ту шараларын жүргізу қолға алын­ды. Аталған жоба «Асар» мүгедектерге ар­налған спорттық-оңалту орталығының ба­засында облыстық жұмыспен қамту­ды үй­лестіру және әлеуметтік бағдар­ла­ма­лар бас­қармасының қолдауымен ұйым­­дас­тырылды. «Асар» орталығының дирек­торы Елдос Баялышбаевтың ай­туын­ша, бұл жоба орталыққа өздігінен ке­ле ал­май­тындар үшін аса пайдалы. 

– Біз жұмыс барысында мүгедектігі бар адамдардың көпшілігіне оңалту ор­та­лығына келудің қиындық туғыза­ты­нын байқадық. Күндізгі уақытта кей­біреу­лер жұмыста болса, кейбіріне үй­ле­рінен орталыққа жету оңай емес. Сон­дықтан біз осы көшпелі оңалту жо­­­­басын қолға алдық. Біздің бұл маңыз­ды бастамамызға облыс басшылығы қол­дау білдірді, – дейді Елдос Бая­лыш­баев. 

Жалпы, бағдарламада па­циент­тер­дің екі тобы қамтылу­да. Атап айтқанда, күндізгі шаралар өздігі­нен қозғала алмайтын азаматтарға ба­ғыт­талып отыр. Ал сағат 21-ден 23-ке дейін түнгі топ жұмыс істейді. Бұл уақыт ара­лығында күндіз жұмыста бола­тын­дықтан орталыққа келе алмайтын мү­ге­дек азаматтарға ем шаралары жүргізіледі. Жо­баның ерекшелігі сол, мамандар па­циенттердің үйіне барып, оларға сауық­­тыру массажы мен емдік дене­шы­нық­тыруын жасатады. Әр сеанс ша­мамен бір сағатты алады, әр пациентпен жеке жұмыс жүргізіледі. Көшпелі бри­га­да құрамында массажист, емдік дене­шы­нықтыру нұсқаушысы мен жүргізуші бар. Бұл ретте мамандардың жұмысына қо­лайлы жағдай жасау үшін арнайы таң­баланған автокөлік сатып алынған. 

Айтпақшы, талдықорғандық отб­а­сы­лар көшпелі оңалту шараларының игі­лігін алғашқылардың бірі болып көр­ді. 

– Зайыбым Анар 11 жыл бұрын ин­су­льт алды. Үшінші қабатта тұрамыз, ар­найы көтергіш жоқ болғандықтан, сырт­қа шығу, оңалту орталығына бару біз­ге қиындық туғызады. Қазір үйімізге ке­ліп, оңалту қызметін көрсетіп жатыр. Бұл бізге өте қолайлы. Мамандардың тиіс­ті ем шараларын жасап жатқанына он күндей болды. Осы бастаманы іске асы­рып жатқан азаматтарға алғыс айта­мыз, – деді А.Басшығұлованың жұбайы Қанат Қосуханов. 

Облыстық Жұмыспен қамтуды үй­лес­тіру және әлеуметтік бағдарламалар бас­қармасының басшысы Ермек Ми­зам­баевтың айтуынша, бұл жоба – тең мүмкіндіктер қоғамын қалыптастыруға жа­салған игі шараның бірі. Жыл соңына дейін осындай қызмет түрімен 200-ден ас­там адамды қамту жоспарланған. Ал­да­ғы уақытта көшпелі оңалту тобы об­лыс орталығы маңындағы аудандарға да шықпақшы. Бұл жобаны жүзеге асыруға жер­гілікті бюджеттен 30 млн теңге бө­лінген. Бұл қаражат жобаға тартылған ма­мандарға, яғни көлік жүргізуші, емдік де­нешынықтыру нұсқаушысы мен мас­сажист маманның жалақысына жұм­са­лады. 

Сондай-ақ Жетісу облысында мү­ге­дек жандар үшін ғимараттарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету 69 пайызды құрап отыр. Бұл республика бойын­ша ең жоғарғы көрсеткіш. Биыл мем­лекеттік және жекеменшік меке­ме­лердің шамамен 195 нысанын бейімдеу жос­парда бар. Облыс көлемінде қазір ин­ватакси саны отыз екіге жетті.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

Жетісу облысы