Әлеуметтік желілерде онлайн емшілердің дәурені жүріп тұр. Олар телефонның арғы жағында отырып шыққан қолды да, демді де салады.
Онлайн емші опа таптырмайды
коллаж: Елдар ҚАБА
616
оқылды

Тіпті, жабысқан жауырынды жазып, қақсаған тісті де емдейді. Адамның суретіне қарап, «ауруыңнан айықтырамын» дегендердің көпшілігінің «Халық емшісі» деген сетификаттары да бар. Жалпы, заң бойынша онлайн емшіге тұсау салу мүмкін бе? Халықтың медицинаға емес, экранның арғы жағындағы емшіге сенуіне не себеп? 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында интернеттегі алаяқтық мәселесіне ерекше назар аударды. Ол соңғы уақытта ел ішінде алаяқтық әрекеттердің көбейіп бара жатқанын атап өтті. Сонымен қатар Президент жалған психологтер мен коучтардың көбеюіне алаңдаушылық білдіріп, оларға сеніп, алданып қалған азаматтардың көптігін жеткізді. Осы мәселелерге байланысты жауапты органдарға тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Бұған дейін, 28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отыры­сында, Мемлекет басшысы цифрландыру дамыған сайын алаяқтықтың көбейіп бара жатқанын және мұндай әрекеттер азаматтардың қауіпсіздігі мен елдегі тұрақтылыққа үлкен қатер төндіретінін айт­қан еді. Осыған орай интернет платформаларда аран­дату сипатындағы ақпарат таратқандарды жауап­қа тартуды заң жүзінде бекіту мәселесін ой­лас­тыруды ұсынды. Президенттің бұл мәлім­де­ме­лері интернеттегі алаяқтықпен күре­судің өзек­ті­лігін көрсетіп, азаматтардың қауіпсіз­дігін қам­та­масыз ету мақсатында нақты шаралар қабыл­дау қа­жеттігін айқындайды. Себебі күн са­нап ин­тернеттегі алаяқтарға сенетін, әсіресе он­лайн емшілерге қаралатын адамдар саны да артып ке­леді. 

«Онлайн» тірліктердің барлығы алаяқтардың ертегісі

Желіде емші ретінде танылған Балтабай Омарбектің Instagram-да 500 мың, TikTok-та 50 мың оқырманы бар. Ол өзіне хабарласқан адамдармен видео арқылы сөйлесіп, дем салып, лезде сауықтырып жіберетін көрінеді.

Сондай бейнежазбалардың бірінде әйел «арқам шаншып, жүрегім тарсылдап соғып тұр» деп шағымданған. Оған емші «жүрегіңе алақаныңды қой, ешкімге алаңдамай, ашуланбай, жай ғана маған қарап отыр» дейді де, «сүф, сүф» деп екі-­үш рет қайталайды. Осылайша, нау­қасты бірнеше минутта жазып жібереді. Балтабай Омарбек сияқты онлайн емшілердің санына жету мүмкін емес. Көпшілігі әлеуметтік желіде парақша ашып, халыққа емдік сеанстар ұсынып, дертіне шипа іздеген жандарға көмектесеміз дейді. Бұл құбылыс біреулер үшін – балама медицинаға қолжетімділік, ал енді біреулер үшін – алаяқтықтың жаңа түрі.  

– Онлайн мен оффлайн күні кешегі пандемияда, әлемді сансыратқан тәж індеті кезеңінде туындаған режим. Сол тұста көпке көмегінің тигені рас. Алайда елімізде онлайн кездесу, танысу, неке қию, бата беру, талақ беру деген белең ала бастады. «Алланың пендені тура жолға салуы – пендеде иман мен һидаятты жа­ра­туы, адастыруы – пендеде адасушылықты жаратуы» немесе «Алла қалағанын тура жолға салады, бұл – оның кеңшілігі, қа­ла­ғанын адастырады, бұл – оның әділдігі» деген ғибратқа жанымызды сүйейміз. Иә, халыққа онлайн платформа сервисінің тиімділігі зор. Дегенмен халық оны дұрыс пайдалануда ма? Мысалы, «онлайн дем салу» дегенді кім қалай қабылдап жүр? Былай алып қарағанда, миға қонымсыз дүние. «Дем салу» дегенге анықтама беру керек емес шығар. Сонда дем салатын адамның демі, яғни Құраны және тағы басқасы экраннан өтіп келесі адамға жете ме, қаншалықты бұл шындыққа жанасатын дүние? Біліңіздер, елдің ішінде осы тұрғыда жүріп жатқан «онлайн» тірліктердің бар­лығы нағыз алаяқтардың ертегісі, мұндайға іліне бермеу керек. Осындай алдауға түспес үшін, шалыс қадам баспас үшін, біреуге қиянат жасамас үшін, біреудің ақы­сына кірмес үшін Жаратушы асқан мейірімімен, адамзатқа деген махаббатымен қасиетті Құранды түсірді, Пайғамбарды жіберді, исламды берді, – дейді Нұрлан имам.

Оның айтуынша, ХХІ ғасырда адамзат үшін бәрі ашық, яғни мына әлем айқын. Ақ пен қараны ажырата алатын халдеміз, бәріміздің көзіміз ашық, көкірегіміз ояу, бірақ сананы оятпай келеміз. Ал онлайн дем салатындардың өз-өздерін емші деп атауы ережеге сай келмейді. 

Негізі Пайғамбарымыздың көрсетіп кеткен сүннеті бойынша адам бетпе-бет отырып дем салады. Пайғамбарымыз қолы­на аяттан, дұғалардан оқып, үрлеп, бетінен бастап, қолының жеткен жеріне дейін сипап дем салған. Балаларға да аят­тар мен хадистердегі дұғаларды оқып, «сүф» деп дем салған. Қазір ғалымдардың көпшілігі Пайғамбарымыз көрсетіп кеткен дем салудың орнын баспайтынын айтып жатыр. Яғни, экрнанның арғы жағында отырып дем салу, негізгі дем салу түріне жатпайды.

«Халық емшілері» қаптап кеткен

Көп жағдайда емшілер қашықтан биоэнергетикалық диагностика жасап, дұғалар, Құран аяттары, шөптік рецепттер немесе биоөріс тазарту арқылы емдейтінін айтады. Кейбіреулері видео байланыс арқылы сеанс өткізсе, басқалары адамның суретіне қарап, аудиохабарламалар арқылы кеңес береді. Ал онлайн кеңестің құны 10 мың теңгеден басталады. Ең қызығы, онлайн емшілер өздерін «Халық емшісі», «Қоғам қайраткері» деп жарнамалап жүр. Оларға мұндай атақты кімнің бергені бел­гісіз. Жалпы, елімізде медициналық қызметтер лицензиялануға тиіс. Алайда онлайн емшілердің көбі ресми тіркелмеген, әрі олардың қызметінің тиімділігін ғылыми дәлелдеу қиын. Бұл өз кезегінде алаяқтыққа жол ашады. 

– «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Кодексіне сәйкес медици­налық қызмет лицензиялауға жатады және ли­цен­зиялауға жататын медициналық қыз­меттің кіші түрлері «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Рес­пуб­лика­сының заңында айқындалған. «Меди­цина­лық қызметке лицензия заңды, жеке және жеке медициналық практикамен айналысатын тұлғаларға беріледі. Ол үшін оларға бірнеше талап қойылады. Атап айтсақ, санитариялық қағидаларға сәйкес келетін үй-жайлардың болуы, ма­ман­ның тиісті мамандық бойынша сертификаты болуы. Жоғарыда айтыл­ған­дардың негізінде емшілік лицензиялан­байды. Тек аккредит­телген ұйымдар емші сертификатын бере алады, – дейді заңгер Абай Мұратұлы. 

Ал қазір аккредиттеуден өткен меди­циналық ұйымдар 1-2 апта курс өткізіп, «Халық емшісі» сертификатын таратып жүр. Ал шындығында, көп емшіде медици­налық білімі жоқ, сондықтан олар заңды түрде қызмет көрсете алмайды. Екіншіден, дәстүрлі халық емшілігі заң бойынша нақты реттелмеген, сондықтан емшілер өзін «баламалы емші, рухани емші» деп атайды.

– Технолоияның дамуына байланысты қазір барлық адам үйден шықпай-ақ кез келген қызмет түрін онлайн алып жүр. Халықтың алдында жүрген емші, коуч-тренерлер онлайнға өтіп, пайда табудың жолы­на түсіп кетті. Әрине, халықтың ара­­сын­да онлайн емге сұраныс болғаннан кейін, ұсыныс та азаймайды. Басы ауырып, балтыры сыздаған адам дертіне шипа күтеді. Сол кезде онлайн емшілердің сөзіне сенеді. Ал тез байығысы келетіндер жүз мыңдап ақша беріп, коучтардың кеңесіне жүгінеді. Бұл не деген батпан құйрық десеңізші. ХХІ ғасырда кез келген аурудың диагнозын дәрігерлер анықтауы керек. Дем салып, сынық емдеп жүрген аузы дуалы жандар бұрыннан бар. Бірақ олар қазіргідей көп емес. Бүгінде аз шы­ғынмен, көп пайданың соңына түсіп кеткендер баршылық. Олардың құрығына ілінген науқастар ауруын асқындырып алып жүр, – дейді дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлы.

 Оның пікірінше, көп адам уақытында дәрігерге қаралудың орнына, онлайн дем салдырады. Өркениетті, мәдениетті, саналы дәуірде өмір сүретін адам онлайн емшілердің сөзіне салқынқандылықпен қарауы керек. Қазіргі емшілердің 90-95 пайызы алаяқтар. Өйткені олар өз жолын аша алмай жүріп, өзге адамдарға пайдасын тигізе алмайды. Сонымен қатар онлайн емшілердің көбісі руханияттан алыс адам­дар. Өтірік айту, алдау олар үшін үйреншікті әрекет. Кейде адамдар онлайн дем салдырғаннан кейін өздерін жақсы сезінгендей болуы мүмкін. Бірақ өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам. Халқымыз жақсы сөзге сенгіш. 

Жарнамасы жақсы емшіге сенетіндер де көп

Халықтың жаппай онлайн емшіге сенуіне бірнеше фактор әсер етеді. Атап айтсақ, интернет байланысы бар кез кел­ген адам онлайн емшіге жүгіне алады. Яғни, онлайн емші – қолжетімді. Сонымен қатар кейбір емшілердің қызметі жеке клиника­ларға қарағанда арзан. 

– Адам ауырған кезде психикикасы өзгеріп кетеді. Кез келген пікір науқастың миына қатты әсер етеді. Олар жақсы сөз­ден тез жазылып кететіндей үміттенеді. Медицинаның қауқары жетпеген кезде немесе дәрігерлердің емі ұзаққа созылып кеткенде онлайн емшілерге жүгінеді. Жар­намасы жақсы емшіге сенетіндер де көп. Екіншіден, психологияда плацебо эффектісі бар. Науқас іштей «мына емшіге қаралсам жазыламын» деп сенсе, оның организмінде ауруға қарсы иммунитет пайда болып, ағзаны емдей бастайды. Кейде емшінің емі әсер етпесе де, адамның сенімі ауруға осылай әсер етуі мүмкін. Үшін­шіден, қазір қоғамда ақпараттық сауатты адамдар аз. Сондықтан да онлайн емшілердің жалған жарнамасына алданып жатқандар көп,– дейді психология ғы­лым­дарының докторы Балабек Сақта­ғанов.

Психологтің айтуынша, әлеуметтік желідегі бейне ақпараттар науқастың санасына жатталып, доминанттық рөлде болады. Ондай адамға «дәрігерге қарал» деген сөз әсер етпейді. Ол тек онлайн ем­шіге қаралуды ойлап тұрады. Сонымен қатар эмоционалды қорқыныш та онлайн емшіге баратындар санын арттырады. Емшілер психологиялық тұрғыда әлсіз адамдарға көңілдерінен шығатын, оңай жолдар ұсынады. 

– Бала кезден «көз тиеді, дем салдыр» сияқты ақпаратты қабылдап өскен адам қиын жағдайға ұшыраса, осындай сыртқы күштердің әсерінен деп ойлайды. Осылай­ша, бірден онлайн емшіге хабарласады, – дейді Балабек Сақтағанов. 

Онлайн дем салдыру, экранның арғы жағынан жабысқан жауырынды жаздыру біреуге күлкілі болып көрінуі мүмкін. Бі­р­ақ бұл – қоғамның дерті. Суретін жі­беріп, ақшасын төлеп шипа іздейтіндер саны көбеймесе, азаяр емес.

Көктем ҚАРҚЫН