Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов пен Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің төрағасы Нурланбек Тургунбек уулу Астанада Қазақстан Қырғызстан парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің үшінші отырысын өткізді. Онда тараптар екіжақты ынтымақтастықты кеңейту және парламентаралық байланысты дамыту бойынша жоғары деңгейдегі келісімдерді жүзеге асыру барысын талқылады.
Достықты  бекемдеген  диалог
172
оқылды

Жогорку Кенеш делегациясын қарсы алған Мә­жіліс Спикері қазақ пен қырғыз халықтарын ежелден ортақ тарихы, ұқсас тілі, салт-дәс­түрі мен мәдениеті біріктіретінін атап өтті. Ал екі ел арасындағы достық пен тату көршілік қарым-қатынастың тамыры тереңде жатыр.

– Мемлекет басшыларымыз Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаровтың салиқалы саясатының, өзара түсіністік пен достығының арқасында бүгінде екі ел арасындағы ынтымақтастық өте қарқынды дамып келеді. Біздің көшбасшыларымыздың екіжақты кездесулерінің қарқындылығы парламентаралық байланыстардың жиілігіне де тікелей әсер етеді. Біздің ендігі мақсатымыз – осы екпінді сақтап, одан әрі нығайту, – деді Е.Қошанов.

Мәжіліс Спикері Президенттеріміз ықпалдастықтың басым бағыттарын айқындап, олар­ды жүзеге асыру үшін нақты міндеттер жүктегенін баса айтты. Оның негізгілерінің бірі – 2030 жылға қарай екі ел арасындағы тауар айналымын 3 млрд долларға дейін жеткізу. Мәжіліс екі апта бұрын ратификациялаған Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы одақтас­тық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартта ынтымақтастықтың жаңа инс­титуционалдық негіздері айқын көрсетілген.

– Бұл ауқымды құжат парламентаралық байланысты нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер беріп отыр. Біздің парламенттерге жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылуын қадағалау функциясы жүктелген. Осы ретте екі ел үкіметі белсенді жұмыс істеп жатқанын атап өткен жөн. Өз кезегінде біз­дің парламенттер оларды заңнамалық тұр­ғы­дан қолдауды қамтамасыз етуде, – деді Е.Қошанов.

 Сондай-ақ ол қазақ-қырғыз қарым-қатынасының барлық саласын қамтитын 150-ден астам құжаттан тұратын берік шарттық-құқықтық базасы қалыптасқанын айтты. Олардың ішіндегі ең маңыздылары – Инвес­тицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім, «Қарасу» және «Ақ-Тілек» автожол өткізу пункттері маңында индустрия­лық сауда-логистикалық кешенді құру және оның қызметін реттеу туралы келісім. 

Өз кезегінде Нурланбек Тургунбек уулу екіжақты мәселелерді шешуде Парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің рөлін ерекше атап өтті.

Бүгінгі Парламентаралық кеңестің отырысы жай ғана жоспарлы кездесу емес. Бұл – екі жақын мемлекеттің арасындағы ашық әрі сын­дарлы диалогтің жалғасы. Осы тұрғыда парламенттік диалогтің орны ерекше. Парламенттер халықтың мүддесін қорғайды. Демек, пар­ламентаралық ынтымақтастық арқылы біз өзара түсіністікті қолдап қана қоймай, оны тереңдете аламыз. Бірлескен іс-әрекеттер ар­қы­лы ортақ мүдделерді халықаралық алаң­дар­да қорғауға мүмкіндік жасаймыз, – деді Жогорку Кенеш төрағасы.

Кеңес отырысы барысында депутаттар сауда-экономика және логистика салаларындағы әріптестікті нығайту мәселелерін ортаға салды. Атап айтқанда,  Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы Индустриялық сауда-логис­тикалық кешен құрылысын одан әрі жүзеге асыру, шекаралық бақылау-өткізу пункттерінің инф­рақұрылымын жақсарту жұмыстарын жан­дандыру, сондай-ақ Алматы-Ыстықкөл ав­то­жолын салу жобасы бар.

Сонымен қатар тараптар екіжақты форматта және Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогі, ТүркПА және басқа да халықаралық парламенттік ұйымдар аясында ынтымақтас­тықты дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Отырыста инвестициялық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері, туризм, экология және климаттың өзгеруі салаларын­дағы жобалар да қарастырылды. Мәжіліс Спи­кері Қырғызстанның мұздықтарды сақтау және халықаралық тау диалогін белсенді дамыту жөніндегі бастамаларын қолдайтынын айтып, Халықаралық Аралды құтқару қоры аясындағы жұмысты одан әрі жалғастыруға шақырды.

 Сапар барысында Жогорку Кенеш төрағасы Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешенінің құрамына кіретін Jibek Joly республикалық телеарнасында болды. Нурланбек Тургунбек уулуна телерадиокомпанияның негізгі жұмыс бағыттары мен Silk Way Central Asia халықаралық медиа жобасы таныстырылды. Жобаның мақсаты – Орталық Азияда біртұтас ақпараттық кеңістік қалыптастыру және жаһандық медиа алаңда аймақ елдерінің мүдделерін ілгерілету. Silk Way телеарнасы алты тілде, соның ішінде қырғыз тілінде хабар таратады. Хабар тарату аумағы 300 миллионнан астам әлеуетті аудиториясы бар 120 елді қамтиды. Алдағы уақытта Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстанның ұлттық телекомпанияларымен контент алмасу және әріптестік қарым-қатынасты дамыту жоспарланып отыр. 

Сапар  аясында парламенттер делегациялары Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театрына барды. Қонақтардың назарына Шыңғыс Айтматовтың әйгілі шығармасы бойынша Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов қойған «Қызыл орамалды шынарым» драмасы ұсынылды.

 

Мейір ЖАСЫН