Көшені бір-ақ күнге тазаламай қалдырса, не боларын білесіз бе? Елордадағы Керей-Жәнібек хандар көшесінен бір тәулік ішінде 6 112 темекі тұқылы мен 658 алюминий банка, жүздеген балмұздақ орамасы мен банан қабығы жиналған. Бұл – «Астана Тазалық» мекемесі ұйымдастырған шағын ғана эксперимент. Бірақ оның берер сабағы орасан. Бір көшенің өзі бір-ақ күнде күл-қоқысқа толып шыға келсе, тазалық тек техника мен тәртіптің емес, сана мен мәдениеттің де ісі екенін еріксіз мойындайсың...
Шаһарға шаң жұқтырмай...
249
оқылды

Бас қала тазалығы – көзге көрінбейтін, бірақ күн сайын тиянақты атқарылып жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесі. Сол еңбектің ішкі көрінісімен таныстыру үшін таяуда «Астана Тазалық» ЖШС журналистер мен қоғам белсенділеріне арналған ашық баспасөз турын ұйымдастырды. Мақсат – қаланың санитарлық ахуалын көрсету ғана емес, тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтеруге үн қосу.

Пресс-тур барысында қатысушылар мекеменің өндірістік базасын аралап, заманауи арнайы техника жұмысымен, цифрлық басқару жүйелерімен және тазалық қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайымен танысты. Астана тазалығына жауапты 31 ұйымның бірі саналатын бұл мекеме бүгінде елорда көшелерінің 40 пайызына қызмет көрсетіп отыр. Ұйымдағы 1 500-ге жуық қызметкер мен 400-ден астам техника – бас шаһарға шаң жұқтырмай, қала тынысын таза ұстауға тырысып келеді.

Алайда тазалықтың қадірін бір күнге тоқтаған тірлік арқылы ғана түсінуге болады. Осы орайда мекеме шағын, бірақ елеулі бір тәжірибе өткізген. Қаладағы басты көшелердің бірі – Керей-Жәнібек хандар көшесінен бастап Мәңгілік ел салтанат қақпасына дейінгі аумақ бір тәулік бойы әдейі тазаланбай қалған. Жиналған қоқыс көлемі жұртты ойландырмай қоймады: ертеңіне 6 112 темекі тұқылы, 658 алюминий банка, 436 балмұздақ орамасы, 343 қағаз қалдығы, 78 банан қабығы табылған.

– Бұл көрсеткіш тұрмыстық ластанудың ауқымын ғана емес, сонымен қатар қалалық өмір салтында қалыптасып қалған зиянды дағдыларды да айқын аңғартады. Әсіресе, темекі тұқылының басым болуы – алаңдатарлық жайт. Бұл қала келбетіне кері әсер етіп қана қоймай, тұрғындардың денсаулығына да тікелей қауіп төндіретін, көшедегі ең кең таралған қоқыс түріне айналып отыр, – дейді «Астана Тазалық» ЖШС директоры Замир Сағынов.

Цифрлық жүйе – ашықтық пен тәртіп кепілі

Бүгінде «Астана Тазалық» ұйымы заман талабына сай жаңғырып келеді. Санитарлық тазалық саласында алғашқылардың бірі болып цифрлық трансформацияны бастаған мекеме электронды жол парақшасы жүйесін енгізіп, техникалық қызметті толық бақылауға көшкен.

Жаңа жүйе арқылы техника базадан шыққан кезінен бастап, әрбір қозғалысы GPS арқылы қадағаланады. Жүргізуші жұмысқа келген кезде QR-кодты сканерлеп, арнайы қосымша арқылы жұмысына кіріседі. Осы сәттен бері техниканың жүрген жолы, тоқтаған уақыты, жанармай шығыны – бәрі жүйеде нақты тіркеліп отырады. Бұған дейін қағаз түрінде болған жол парақтары енді цифрлық платформаға көшіріліп, уақытқа үлгеру, есептілік және тиімділік қамтамасыз етілген.

– Бұл жүйе арқылы  техниканың қозғалысын ғана емес, оның тиімділігін де бағалай аламыз. Мәселен, техника қанша уақыт қозғалыста болған, қанша уақыт жанармай бекетінде тұрған, қандай көшелерде жүрген – бәрі көз алдымызда, – дейді мекеменің бөлім жетекшісі Базыл Сүлейменов.

Сондай-ақ бұл жүйе жүргізушінің тәртібі мен жанармай үнемдеу көрсеткішін бақылау­ға мүмкіндік береді. Артық бос жүріс, тиімсіз маршрут немесе жанармай шығынының ауытқуы бірден көрінеді. Бұл – коммуналдық саладағы ашықтықты күшейтіп, ресурс үнемдеуге жол ашатын маңызды қадам.

Еңбек адамына – әлеуметтік қолдау

Мекеме тек технологиялық мүмкіндіктері­мен  емес, қызметкерлерге жасалып жатқан жағ­дай­ларымен де ерекшеленеді. Қызметкерлер үшін жаңадан жатақхана салынып, биылдан бастап пайдалануға берілген. Медициналық пунктпен қамтылған жатақханада 35-40 адам тұра алады. Әр бөлмеде 4 адамнан жайғасып, қажетті тұрмыстық жағдаймен қамтамасыз етілген.

– Біздің жұмысшыларымыз – таңның атысынан күннің батысына дейін далада еңбек ететін жандар. Олардың демалысы мен денсаулығына көңіл бөлу – басты басымдықтарымыз­дың бірі. Жақында «Отбасы банкімен» бірге қызметкерлердің үй алу мәселесі бойынша меморандумға қол қойғалы жатырмыз. Алғашқы жарнасын біздің мекеме өз тарапынан төлеп беруге көмектессе, кейін жалақының бір бөлігінен ұстап отырамыз, – дейді серіктестік басшысы Замир Сағынов.

Санитарлық саладағы кадрлық әлеуетті арттыру үшін мекеме білім беру ұйымдарымен де тығыз әріптестік орнатып отыр. Пресс-тур аясында «Астана Тазалық» ұйымы мен Кәсіби технологиялар колледжі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл келісім негізінде колледж студенттері енді кәсіпорын базасында ақылы өндірістік тәжірибеден өте алады.

– Бұл – салаға жаңа мамандарды тартуға жасалған нақты қадам. Тәжірибе кезінде студенттер тек теорияны емес, нақты өндірістік процестерді, тазалық қызметінің ішкі жүйесін көзбен көріп, еңбек мәдениетін бойына сіңіре алады. Бұл бастама алдағы уақытта кеңейіп, басқа да оқу орындарына ұсынылады, – дейді мекеме өкілдері.

Түйін:  Айналаны тап-тұйнақтай етіп ұстау үшін жүйелі жұмыс та, жанашыр ниет те қатар жүруі керек. «Астана Тазалық» ұжымы осы екеуін үйлестіріп, бас қаланың бейнесін қалыптастырып келеді. Олар үшін әрбір жиналған жапырақ, жуылған көше, тазаланған жол – елордаға деген үнсіз қамқорлықтың көрінісі.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ