Бет күтімі, шаш қию: қазақстандықтар қанша ақша жұмсайды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Сұлулық индустриясы күн санап дамып келеді. Finprom.kz талдау порталының зерттеулері көрсеткендей, әлем бойынша аталған саладағы қаражат көлемі 2029 жылға қарай 132 млрд АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сұлулық саласы, оның ішінде бет күтімі мен боянуға арналған заттар нәзік жандылар үшін күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған. Бұл индустрия оның үстіне өте табысты. Оған әлемдік жұлдыздардың косметикалық бренд қалыптастырып, кәсібін дөңгелетіп отырғаны дәлел. Мәселен былтыр интернетте ең көп сұранысқа ие болған косметика атаулары қатарында танымал тұлғалардың өнімдері болған. Мұнда сондай-ақ маркетингтің үлесі де жоқ емес. Ал отандық сұлулық нарығына келетін болсақ, былтырдың қорытындысы бойынша шаштараз бен сұлулық салондары көрсеткен қызметтердің жалпы сомасы 67 млрд теңгеге жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 7,5 пайызға артқан. Ең үлкен үлес 14,5 млрд теңгемен Алматы қаласына тиесілі. Екінші орынға 11,2 млрд теңгемен елорда жайғасады. Одан соң Қарағанды мен Павлодар облыстары тұр. Ал сұлулық қызметтері ең аз көрсетілген аймақтар – Түркістан, Ұлытау, Атырау облыстары. Бұл өңірлердегі қызмет сомасы 390 млн мен 660 млн теңге шамасында.

Қазақстанда сұлулық индустриясында қызметтер құны тұрақты өсіп келеді. Биыл ақпанда сұлулық салондарының қызметі өткен жылдың ақпанымен салыстырғанда 12,1 пайызға артқан. Қымбаттаған қызметтердің көш басында шаш қию тұр. Әсіресе ер адамдардікі 16,2 пайызға артқан. Ал бұрымдыларға баға тек 10 пайызға өсіпті.

Биыл қаңтардағы деректерге сәйкес, Алматы қызметі ең қымбат қала ретінде көш бастап тұр. Әйелдер шаш қидыру үшін орташа есеппен 6 100 теңге төлеуі керек. Ал ерлер қауымы үшін орташа баға 3 600 теңге шамасында. Ал Семей қыз-келіншектерге ең арзан қызмет етеді. Ерлер үшін Орал өте қолайлы баға ұсынады. Қазақстандағы сұлулық индустриясы өңірлік айырмашылықтарға қарамастан тұрақты өсім көрсетіп отыр. Сондай-ақ нарық жаңа технологиялардың ықпалымен одан әрі түрленіп, дами түсті.

Оқи отырыңыз: Nauryz Fashion Day: Алматыда ұлттық киім көрсетілімі өтті

Новости партнеров