Парламент қабырғасындағы жұмыс тобында салық режимі 31 рет қаралып, жүзден астам ұсыныс айтылған
«Қосымша құн салығын көтеруге қатысты сын айтылғанымен, реформаның мәні дұрыс, тек халыққа ашық түсіндіру қажет». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда осылай деген еді. Президент Үкімет ұсынған салық реформасында негізгі экономикалық және әлеуметтік факторлар ескерілгенін жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазынада қаржы болмаса, мемлекет міндетін толық атқара алмайды, әлеуметтік міндеттемелер де орындалмайды. Көкше төріндегі алқалы жиында Президент салық жүйесі мемлекеттің негізгі тірегі екенін еске салып, қосымша құн салығын көтеруге бағытталған реформаны халыққа түсіндіру керек екенін айтты.
«Кәсіби мамандар да, жұртшылық та қосымша құн салығының мөлшерлемесін көтеру қажет екеніне түсіністікпен қарайды. Дегенмен ұсынылған шараларға, соның ішінде, қосымша құн салығына қатысты сын-пікірлер де естіліп қалады. Бірақ мұндай пайым шынайы ахуалға негізделмеген», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кодекске енгізілетін өзгерістер кәсіпкерлердің де назарында. Құжатта қосымша құн салығының мөлшерлемесін көтеру сияқты бірқатар жаңашылдық бар. Соның ішінде салықтан жалтаратындар туралы да жазылған. Шағын және орта кәсіп иелері «жеңілдетілген салық режиміне түбегейлі шектеу қойылса, бизнесіміз жабылып қала ма?» деп алаңдайды.
«Біз қосымша құн салығын өсіреді дегенмен келісеміз. Бірақ жеңілдетілген салық режимін алып тастауға қарсымыз. Өйткені бизнес ары қарай жұмыс істей алмай, жабылып қалады. Жұмыс орындары қысқарып, баға шарықтап кетеді. Бұл дағдарысқа әкеліп соғады. Сондықтан біз Үкіметтен реформаны қайта қарауды сұраймыз», – деді кәсіпкер Екатерина Ким.
Мәжілісмен Айтуар Қошмамбетов жеңілдетілген салық режимін сақтап қалу дұрыс екенін айтты. Өйткені қазір бар болғаны 40 шақты бизнес осы режиммен жұмыс істейді. Оның ішінде, бөлшек сауданың да үлесі бар. Депутаттың айтуынша, мемлекеттің бұл шектеуі көлеңкелі экономиканың үлесін арттырады.
«Онлайн сауда, балабақша, бала секциялары, спорт, креативті индустрия, көлік тасымалдау, таксопарктер бухгалтер алып, салық есебін жүргізіп, төлеуі қажет болады. Ал бухгалтер қазір тапшы. Оны табу қиын. Үйде отырған, саудамен айналысқан көп балалы ана бухгалтерді қайдан табады? Есеп жүргізу деген оңайға түспес. Сондықтан біздің жоспарымыз бойынша бұл кісілер көлеңкелі экономикаға кетуі мүмкін немесе кәсібін жауып, өздері жалдамалы жұмысқа шығады», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Айтуар Қошмамбетов
Айтуар Қошмамбетовтің ұсынысы қазір Үкіметте қаралып жатыр. Бүгінге дейін Парламент қабырғасындағы жұмыс тобында салық режимі 31 рет қаралып, жүзден астам ұсыныс айтылған.
Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Дастан Темірбекұлы, Астана
Оқи отырыңыз: Алматының әлеуметтік қамсыздандыру және білім беру саласының қызметкерлерінің жалақысы өседі