Болашақта бұл экологиялық жобаны қаланың барлық емханаларында ашу жоспарланған
Алматыда дәрі-дәрмек қалдықтарын қауіпсіз түрде жойып, кәдеге жаратуға арналған стационарлық қабылдау пунктері ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Осы айдан бастап қаладағы 36 емханада арнайы контейнерлер орнатылып, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен және қолданылған препараттарды өткізу мүмкіндігі пайда болады. Былтыр елде шамамен 1,5 миллиард дәрілік зат алыныпты. Алайда оның басым бөлігі түрлі себеппен пайдаланылмай, қоқыс күйінде тасталған. Эколог мамандардың айтуынша, дәрі-дәрмекті арнайы технологиямен сұрыптап жоймаса, қалдықтардан бөлінетін зиянды қоспа келешекте адам денсаулығына зиянын тигізеді.
«Дәрілік препараттардың қалдығы ең қауіпті екені белгілі. Сондықтан бұл жобаның сәтті іске қосылуы қаланың экологиялық мәдениетін қалыптастыру үшін маңызды. Былтыр пилоттық түрде енгізгенімізде, халық 122 келі қоқыс жинаған. Егер бұл дәрілерді кәдімгі қалдықтармен бірге тастаса, ол уақыт өте келе жерасты суларына ыдырап кетеді. Кейін фермерлер сол жерде қызанақ, құлпынай өсіріп, оны халыққа таратады. Сонда зияны өзімізге тиеді», – деді эколог Евгений Мұхамеджанов.
Дәрілік заттардың құрамындағы белсенді химиялық қоспалар топырақ пен суға сіңіп, жыл өткен сайын экожүйеге қауіп төндіретіні дәлелденген. Сондықтан препараттарды зияндылығына қарай бөліп, сұрыптап жою керек. Болашақта бұл экологиялық жобаны қаланың барлық емханаларында ашу жоспарланған.
«Медициналық қалдықтар бес классқа бөлінеді. Осының арасында А классын, Б классын, В классын сақтап, арнайы кабинетке жинап, одан кейін келісімшартқа отырған компания өзіне алып кетеді. Қауіпсіз түрде жояды», – деді № 4 қалалық емхананың дәрігері Жансая Нұрмолда.
Оқи отырыңыз: Қауіпсіздік талаптарын бұзған 7,5 мыңнан астам нысан жұмысын тоқтатты