Іс-шара Кореяның азат етілгеніне 80 жыл толуы мен Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған
Алматыдағы Республика сарайында Korea–Kazakhstan Culture and Trade Week атты мәдени әрі іскерлік бағыттағы апталық өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оған қос елдің 12 мемлекеттік және қоғамдық ұйымдары қатысуда. Іс-шара Кореяның азат етілгеніне 80 жыл толуы мен Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған. Бұл бастама екі ел арасындағы тарихи достықты, мәдени және сауда қатынастарын нығайтуды көздейді.
Оңтүстік астанада кеше бастау алған қазақ-кәріс мәдени іс-шарасы 28 маусымға дейін жалғасады. Үш күнге жоспарланған ауқымды бағдарлама аясында екі елдің ұлттық құндылықтары, киім үлгілері мен қолөнер туындылары жұрт назарына ұсынылады. Іс-шара барысында қонақтар кәріс халқының бай мәдени мұрасымен жақынырақ танысып, театрландырылған қойылымдарды көре алады.
«Қазақстан — Кореяның Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі және екі ел де алтай халықтарының ортақ мәдени кеңістігіне жатады. Мұны тіл мен дәстүрдегі ұқсастықтардан анық байқауға болады. Мәдениет пен экономиканы біріктіретін мұндай ауқымды іс-шаралар халықтар арасындағы серіктестік пен жақындықты нығайтуға сеп болады деп сенемін», – деді Корей мәдени орталығының директоры Ку Бон Чхоль.
Айрықша айта кету керек, аталған апталық аясында Central Asia K-Pop Cover Dance би байқауы ұйымдастырылды. Онда Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген 12 топ корей хиттеріне қойылған үздік билерін ұсынды. Байқау аймақ жастарының өнерін ортаға салып, мәдени байланысты нығайтты.
«Бүгін К-поп жанрында билейміз. Байқауға қатысатын 12 топтың әрқайсысы кавер дайындады. Бізде 13 адам өнер көрсетеді. Әлбетте, Астанадан арнайы келген соң, байқауда жеңіске жетеміз деген мақсатымыз бар. Бар күшімізді көрсетуге дайынбыз», – деді байқауға қатысушы Айсұлтан Боранбаев.
Айта кету керек, үш күндік мәдени іс-шарадан жиналған қаражат Қазақстандағы көмекке мұқтаж 100 балаға таратылады. Ұйымдастырушылардың болжамынша, апталықта шамамен 15 мың доллар жиналмақ. Бұл бастама іс-шараның тек мәдени ғана емес, әлеуметтік маңызын да айқын көрсетеді.
Гүлмарал Изатқызы, Мәди Мәлік, Хангелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына қатысты