Елімізде киберқылмысқа қарсы күрес департаменті жұмыс істейді
Елімізде киберқылмысқа қарсы күрес департаменті жұмыс істейді. Мамандар интернет желісіне тәулік бойы мониторинг жүргізіп, заңсыз сайттарды бұғаттайды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Осы бағыттағы жұмыс туралы толығырақ Ішкі істер министрі Ержан Сәденов айтып берді.
"Балаларды қорғау мемлекеттік саясат пен министрліктің негізгі жұмыс бағыты. Бүгінде технология өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Әрине, технология, интернет білім алуға, қарым-қатынас құруға шексіз мүмкіндік береді. Дегенмен интернеттің қаупі де бар, оны бүгін көріп отырмыз, ол заңсыз және зиян контенттер, яғни деструктивті идеология, суицидтік бағыттағы ойындар, кибербуллинг, қудалау, бопсалау, алаяқтық, есірткі сату тағы басқа қылмыстарға тарту қолжетімді болып отыр", - деді Ержан Саденов елордада өткен жасөспірімдердің онлайн қауіпсіздігіне арналған іс-шарада.
Министрдің айтуынша, ведомство интернеттегі заңсыз әрі зиян контенттермен күнделікті күресіп жатыр.
"Бұл әлемдік проблема. Біз мүдделі органдармен бірлесіп күресіп жатырмыз. Нақты айтқанда, интернет ресурстардың әкімшілігі, ата-аналар, мемлекеттік және құқық қорғау органдары бұл мәселені шешуге белсенді қатысу керек. Біздің министрлік өз кезегінде жүйелі шаралар қабылдап жатыр. Біріншіден, киберқылмысқа қарсы күрес департаментін құрдық, интернет желісіне тәулік бойы мониторинг жүргіземіз, заңсыз сайттарды бұғаттап жатырмыз", - дейді ведомство басшысы.
Бүгін елордада Қазақстанда Teen Accounts-тің іске қосылуы және жасөспірімдердің онлайн қауіпсіздігі тақырыбында кездесу өтті. Іс-шараға Ішкі істер министрі, Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі (онлайн), Балалар құқығы жөніндегі уәкіл және Meta өкілдері қатысты.
Дереккөз. ҚазАқпарат
Оқи отырыңыз: Шымкентте ауаға таралатын зиянды шығындылар артқан