Наурыз мейрамы: Ақорда құттықтау видеосын жариялады

Ақорданың баспасөз қызметі
Ақорданың баспасөз қызметі

Қазақстанда Ұлыстың ұлы күні он күн бойы аталып өтеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі Наурыз мейрамына орай мерекелік бейнеролик жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтады. «Expo» көрме орталығындағы этноауылда сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Наурыз мейрамы былтырдан бастап жаңа тұжырымдамаға сәйкес он күн бойы аталып өтетініне назар аударып, Наурызнаманың әр күні тағылымға толы екенін айтты.

– Ұлыстың ұлы күні – ұлтымыздың ұлық мейрамы. Бұл – біздің ата дәстүріміз. Шуақты көктем мерекесінде бүкіл дүние қайта жаңғырады. Күн мен түн теңеледі. Қазақ елі әз-Наурызды көне заманнан бері тойлап келеді. Наурыз – ең алдымен, игілікті істердің мерекесі. Осы күндері әр үйде ақ дастархан жайылады. Ел-жұрт бір-бірімен қауышып, ақ тілегін айтады. Мұқтаж жандарға қайырымдылық жасап, қамқорлық көрсетеді. Ұлыстың ұлы күні биыл да қасиетті Ораза айымен тұспа-тұс келіп отыр. Еліміз үшін мұның мән-маңызы зор. Себебі біздің дініміз бен дәстүріміз – егіз. Қос қазынамыз халқымыздың бірегей болмысын айшықтай түседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бүкіл әлемнің алмағайып жағдайда өмір сүріп жатқан шағында қоғамның тұрақтылығын нығайту саясатымыздың басты бағыты болып қала беретінін айтты.

Наурыз - Орталық Азия халықтарының Жаңа жылы. Бұл мереке бірнеше мың жылдан бері аталып келеді. Өкінішке қарай, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан қасиетті мерекені тойлау кеңес заманы кезінде үзілді. Қазақстанда да талай жылдар бойы бұл діни мереке деп саналып, тыйым салынды. Соңғы рет 1926 жылы тойланған Наурыз мейрамы елімізде 1989 жылдан бастап қайтадан ресми түрде атала бастады. 2001 жылы Наурыз мейрамы мемлекеттік мереке ретінде жарияланды.

2010 жылдың 10 мамырынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының 64-қарарына сәйкес 21 наурыз «Халықаралық Наурыз күні» ретінде аталып өтеді. Бас ассамблея өзінің берген түсініктемесінде «Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орта Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатқанын» мәлімдеді. Ал UNESCO 2009 жылдың 30 қыркүйегінде Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізді.

Қазақстанда Наурыз мейрамы үш күн: 21-23 наурыз аралығында аталып өтіледі (2009 жылдан бастап). Жалпы, Наурыз парсы, кавказ және түрік секілді халықтардың арасында көктем мейрамы және жаңа жылдың басталуы ретінде тойланады.

Оқи отырыңыз: Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы

Новости партнеров