Наурызнама: бүгін – Тазару күні

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Наурыз мейрамы ертеден табиғат тазалығын сақтауды үндейді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Наурызнама» онкүндігінің соңғы күні ұлттық экологиялық науқанға арналған. Тазару күні – мемлекеттің экологиялық түйткілдерді шешуге бағытталған іс-шараларына азаматтарды қолдау білдіруі, деп хабарлайды  Аlmaty.tv.

Бұл күн азаматтарға қоршаған ортаны қорғау туралы түсінікті кең таратып, қоғамда экологиялық мәдениетті дамытуға мүмкіндік береді. 

Наурыз мейрамы ертеден табиғат тазалығын сақтауды үндейді. Мерекенің мәні – көктемнен қысқа көшу, табиғаттың жаңа өмір бастауы осының нышаны.

Бұл күн тек қоршаған ортаны тазарту ғана емес, рухани тазалықты да дәріптейтін мейрам. Табиғатты қорғау мен ішкі жан дүниені жаңғырту идеясы осы күннің негізгі ұранына айналған. Биыл еліміздің түкпір-түкпірінде осы күнге орайластырылған ауқымды экологиялық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.

Қазақстанның барлық аймағында 23 наурызда сенбіліктер, ағаш отырғызу акциялары, қалдықтарды сұрыптау шаралары ұйымдастырылады. Жастар ұйымдары, еріктілер мен белсенді азаматтар қала көшелерін, аулаларды, өзен-көл жағалауларын тазартуға атсалысады. Бұл – тек бір реттік шара емес, халықты экологиялық мәдениетке үйретуге бағытталған бастама. Экологтардың айтуынша, мұндай акциялар табиғатты қорғауға деген көзқарасты өзгертеді. 

Айта кетсек, биыл 17-24 наурыз аралығында Алматыда «Алматы – ортақ үйіміз» қалалық науқаны және «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында үшінші тазалық апталығы өтіп жатыр. 

«Таза аулалар» атауымен өтетін бұл шаралар 4 мың ауланы көркейтуге, тұрғын үйлердің санитарлық жағдайын жақсартуға және қаланы көгалдандыруға бағытталған.

Апта барысында қаланы таза әрі жайлы етуге арналған бірқатар іс-шара өтуде. ПИК (пәтер иелері кооперативтері) күшімен 9 мыңнан астам тұрғын үйде тазалық жұмыстары жүргізіліп, жертөлелер желдетілді, қоқыс пен антисанитарлық ошақтар жойылды. Сонымен қатар осы аптада «Үздік коммуналдық қызметкер» байқауының қорытындыланды, жеңімпаздар аулаларды көркейтуге қосқан үлесі үшін марапатталды.

Көгалдандыру жұмыстары жалғасады: қураған бұтақтар мен ұсақ қураған ағаштар кесіліп, орындықтар сырланып, жаңа қоқыс жәшіктері орнатылып, 1454 қоқыс контейнер алаңы тазартылады. Сонымен бірге, тұрғындар «Қоршауыңды/орындықты боя» акциясы аясында аулалық нысандарды жаңартуға қажетті бояуларды ала алады. «Жақыныңа жәрдемдес» атты әлеуметтік акция аясында еріктілер жалғызбасты зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың жеке үйлерінің аумағын тазалауға жәрдемдеседі.Тазалық апталығы аясында арықтарды тазалау, қоқыс жинау, шағын сәулеттік пішіндерді, балалар және спорт алаңдарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, жол белгілерін жуу және жөндеу, аула жолдарын ағымдағы жөндеу жұмыстары қолға алынады. Бұған қоса, аулаларда 100 ағаш пен бұта отырғызылады.

Байқау аясында ең үлгілі көркейтілген медициналық ұйым аумағы анықталады. Ал мектеп оқушылары болашақ көгалдандыру жұмыстары үшін көшеттерді дайындау акциясына қатысады.

23 наурызда Наурыз мерекесі аясында өтетін Almaty Clean & Green атты жалпықалалық экоакцияда мыңдаған қала тұрғыны аулаларды, көшелер мен саябақтарды тазартуға шығады.

«Алматы – ортақ үйіміз» науқаны экологиялық сана-сезімді арттыруға және қала тұрғындарының қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға бағытталған.

Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында да Президент «Таза Қазақстан» бастамасы туралы айтты.

− Тазалық мәселесі әрдайым назарда болуға тиіс. Былтырдан бері елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатыр. Бастамаға азаматтар жаппай қолдау білдірді. Акция жалпыұлттық сипатқа ие болды. Күн жылынып келеді, енді жұрт сенбілікке шығып, айналасын тазалайды. Бұл – өте дұрыс. Мен бұған дейін де айттым, «Таза Қазақстан» – жай науқан емес. Бұл әр адамның және барша халықтың күнделікті дағдысы, өмір салты болуы қажет, − деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске салайық, Қазақстанда биыл Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа тұжырымдамасы қабылданды. Наурыз мейрамының мән-мағынасы мен мазмұнын байыту үшін жыл сайын 14-23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігі жарияланды.

Наурызнама онкүндігі:

  • 14 наурыз – Көрісу күні – Амал мерекесі тойланады. Негізінде еліміздің батыс өңірлерінде сақталған мереке енді барлық аймақтарда тойланады.
  • 15 наурыз – Қайырымдылық күні. Бұл күн қайырымдылыққа, мейірім мен тату көршілікке арналады.
  • 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күн мәдениетімізді, өнеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға арналады.
  • 17 наурыз – Шаңырақ күні. Осы күні отбасылық құндылықтарымызды дәріптеуге, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.
  • 18 наурыз – Ұлттық киім күні. Наурызнаманың онкүндігінде еліміздің барлық өңірінде ұлттық киімдерімізді насихаттауға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізіледі.
  • 19 наурыз – Жаңару күні. Осы күні көктемгі ағаш егу дәстүрін жалғастыру ұсынылды.
  • 20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл күні елдің барлық аймағында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады.
  • 21 наурыз – Ынтымақ күні. Бұл күннің идеясы – жалпы халық бір-біріне деген сый-құрметтерін арттырып, татулық пен бірлікті насихаттау.
  • 22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этноауылдар мен түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылады.
  • 23 наурыз – Тазалық күні. Оныншы күн ұлттық экологиялық науқанға арналған. «Тазару» күні – мемлекеттің экологиялық түйткілдерді шешуге бағытталған іс-шараларына азаматтарды қолдау білдіруі.

Оқи отырыңыз: Тоқаев Халықаралық олимпиада комитетінің жаңа сайланған президентін құттықтады

Новости партнеров