Шымкентте тұрғындардың басым бөлігі ұлттық киім киіп келген
Шымкентте көктемгі көңіл күй, нағыз қазақы рух сезіліп тұр! Мал аузы көкке, адам аузы аққа тиген осынау Ұлы күнді тойлауға мегаполис жұрты тайлы-тұяғы толық жиналған. Астана алаңында Ұлыстың Ұлы күніне арналған негізгі салтанатты іс-шаралар өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алаңда әдеттегідей киіз үйлер тігіліп, қолөнер шеберлерінің көрмелері, жәрмеңкелер, ұлттық спорт ойындары мен түрлі сайыстар ұйымдастырылды.
«Бүгін – ақ түйенің қарны жарылған күн. Әжелер «немереміздің болашағы жарқын болсын» деп тілейміз! Елімізде тыныштық болсын!» – деді қала тұрғыны.
Шымкентте тұрғындардың басым бөлігі ұлттық киім киіп келген. Ақ жаулықты аналар әсем оюлы камзолдарын киіп, қыз-келіншектер бүрмелі көйлекпен, ал жігіттер шапан, тақиямен сәнденіп жүр. Бұл мерекенің ажарын аша түскендей!
Ұлттық киімнің әрбір деталінің өзіндік мән-мағынасы бар. Кестеленген оюлар сонау XIX ғасырдан сыр шертеді. Сол кезеңде қазақ қолөнерінде кестелеу өнері ерекше дамыған. Кестелеу негізінен түрлі-түсті жіптермен, әсіресе қызыл, көк, жасыл, сары түсті жіптермен тігілген. Ою-өрнектердің әрқайсысы белгілі бір мағына берген.
Қазақ қыздарының киімі нәзіктік пен сұлулықты айшықтайтын ерекше үлгіде тігілген. XIX ғасырдағы бойжеткендер кең етекті, бүрмелі көйлек киген. Ою-өрнек кестелеген, көбіне барқыттан тігілген камзол және де төбесіне үкі қадалған, кестемен немесе моншақпен өрнектелген бас киім киген.
Қазақ халқының ұлттық киімдері – ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі мәдениеттің бір бөлігі.
Айта кетейік, мейрам мегаполистің барлық ауданында кең көлемде өтіп жатыр.
Оқи отырыңыз: Ұлттық киім: Гиннес рекордын орнатуды көздеген маңғыстаулықтардың дайындығы қалай