ҰБТ: елімізде 4,5 мыңнан астам оқушы тест тапсырды

ҰБТ-ға қатысуға 7628 адам өтініш берген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ел бойынша ҰБТ-ға қатысуға 7628 адам өтініш берген. 7 шілдеге дейін жалғасатын білім бәйгесіне Алматыдан 21 мыңнан аса түлек қатысады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Таңмен таласа Алматыдағы тестілеу орталықтарына ағылған түлектердің жүзінен үміт пен күдік қатар байқалады. Республика бойынша білім сынағына қатысуға 216 мыңға жуық түлек өтініш білдірген. Ал колледж студенттері мен қандастарды қосқанда тіркелгендер саны – 399 мың жан. Алматыда 21 мыңнан астам оқушы ҰБТ тапсырады. Қалада тестілеу екі орталықта өтіп жатыр. Оның ашық әрі қауіпсіз болуы үшін қажетті жағдай жасалған.

 «Академиялық адалдықты қамтамасыз ету үшін талапкерлер барлық тыйым салынған заттарын жәшіктерге қалдырады. Одан кейін метал іздегіштен өтіп, аудиторияға өткізіледі. Барлық тыйым салынған заттар жәшікте қалуы керек. Олар – ұялы телефон, смарт сағаттар, калькулятор және де құлаққаптар», – деді Алматы қаласы бойынша Ұлттық тестілеу орталығы филиалының басшысы Жұмабике Сұлтанова.

Биыл тест форматы өзгеріссіз, 5 пән, 120 сұрақ, 4 сағат уақыт. Ерекше қажеттілігі бар оқушыларға қосымша 40 минут қарастырылған. Биыл тестілеуде ең көп таңдалған пәндер комбинациясы – математика-физика. Бұл – техникалық және инженерлік салаларға қызығушылықтың артқанын білдіреді. Сондай-ақ биология-химия мен математика-информатика комбинациялары да сұраныста.

«Мен биология және химия пәнін таңдадым. Дайындыққа 2 жыл арнадым. Өзім үшін кітап оқыдым. 7-11 сыныпқа дейінгі кітаптарды оқып, тест жасағам», – деді талапкер Нұрай Найманбаева.

 «Мен география – ағылшын пәнін таңдап отырмын. Бүгінгі көңіл күйім жақсы, тестті жақсы тапсырам деп ойлаймын. Астана қаласының Мақсұт Нәрікбаев университетіне түссем деген ниетім бар. Грантқа қатты үміттеніп отырған жоқпын. Грантқа түсу үшін 135 балл жинау керек, 100-ге жеткізем деп ойлаймын», – деді талапкер Әмір Арыстан.

Айта кетейік, биыл Алматыда 350 мыңға жуық оқушы мектеп бітіреді. Оның 18 мыңнан астамы – 11-сыныптың түлектері. ҰБТ-ның алғашқы күнінде ел бойынша 4,5 мыңнан астам оқушы тест тапсырды.

Мәди Мәлік, Рашиддин Якупов

Оқи отырыңыз: Шамшырақ – ұлттық рухтың бесігі: білім ордасында есеп беру кеші өтті

Новости партнеров