Ұлттық спорт: тоғызқұмалақ – ұлттық мұрамыздың ажырамас бөлігі

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Көкпар, бәйге, асық ату, тоғызқұмалақ – ұлттық мұрамыздың ажырамас бөлігі. Наурызнама онкүндігі аясында өтетін Ұлттық спорт күнінде осы төл ойындарымыз кеңінен насихатталады. Онда көшпелі елдің рухы мен мәдениеті бар. Ал аударыспақ пен қазақша күрес қазақ қоғамының ежелгі дәстүрлері мен құндылықтарын дәріптеп көрсетеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ұлттық спорт – ұлт құндылығы. Бүгінде көкпар, бәйге, тоғызқұмалақ секілді ойындар тек ел ішінде емес, халықаралық деңгейде де танылып келеді. Оған жазда өткен 5-дүниежүзілік көшпенділер ойыны секілді ауқымды жобалар дәлел. Спортшыларымыз әлемдік додаларда топ жарып, ұлттық ойындардың беделін арттырып келеді. Солардың бірі – тоғызқұмалақшы Елдар Дәкен. Айтуынша, төл спортты жанына серік еткеніне 12 жылдан асқан.    

«Бала кезде футбол ойнап жүргенбіз. Демалып отырған кезде бір неміс кісі келіп, тоғызқұмалақты үйретті. Қазақтың ұлттық ойынын неміс кісі үйретті. Тоғызқұмалақ ойынын негізі үйрену оңай. Бірақ әрі қарай алып кету қиын. Уақыт өте келе қиындай береді. Мидың мүмкіндіктерін, стратегиялық, логикалық ойлау қабілетін өте жақсы дамытады. Мидың жұмысын жақсартады», – деді Тоғызқұмалақтан әлем кубогының иегері Елдар Дәкен.

Тоғызқұмалақтан әлемдік сайыстар Алматыда да ұйымдастырылып келеді. Былтыр жастар арасындағы бәсеке оңтүстік астанада өтіп, оқушыларымыз жеңіс тұғырынан көрінген. Федерация өкілдерінің мәлімдеуінше, мегаполисте 10 мыңға жуық адам осы спорт түрімен шұғылданады. Сонымен қатар әлемнің бірнеше елінде тоғызқұмалақ федерациясы өз жұмысын бастапты. 

 «Оңтүстік Америкада, Колумбияда, Бангладеште тоғызқұмалақ федерациясы ашылды. Оны біз мақтанышпен айта аламыз. Тоғызқұмалақ – ұлттық ойынымыз қарқынды дамып келе жатыр», – деді қалалық Тоғызқұмалақ федерациясының мүшесі Досым Жұмабаев

Тоғызқұмалақ ойыншының ақыл-ойын шыңдап, ми қызметін жақсартады. Ойынға екі адам қатысады. Ал бастаушы ойыншы жеребе арқылы немесе рейтингтік көрсеткішке байланысты анықталады. Ойын тақтасында 2 қазандық, 18 отау, 162 құмалақ болады. Ойын басында әр ойыншыға бір-бір қазандық пен 81 құмалақтан тиеді. Өз жағыңыздағы отаудан бір құмалақты қалдыра отырып, жүріс жасайсыз. Әр ұңғымаға бір құмалақтан салып шығамыз. Егер өз жағыңыздағы ұңғымадан артылып қарсылас жаққа өтсеңіз, қарсыластың тақ санды құмалағын жұп санды етіп, оны өзіңізге ұтыс пайдасына шығарасыз. Осылайша, кім 82 құмалақты бірінші болып жинайды сол жеңімпаз атанады.  

Төл спорттың тағы бір танымал түрі – асық ату. Бір кездері ауыл баласына серік болған ойын бүгінде қалада да қолжетімді. Соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Республикалық маңызы бар қалалар мен облыстарда федерация филиалдары ашылып, құрама командалары жасақталуда. Ал мектептер арасында «Алтын сақа» республикалық олимпиадасы ұйымдастырылады.

 «Ұлттық спортымыз асық ату, бесасықты дәріптеуде зор үлес қосып жатырмыз деп ойлаймыз. Алматы қаласы бойынша 8 ауданда 8 төрешілер тағайындалып, қалалық жарыстар, іріктеу жарыстары өткізіліп, республикаға іріктеліп шығамыз», – деді қалалық Асық ату федерациясының мүшесі Асан Қанапиянов.

«Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» дейді. Шынтуайтында керісінше. Асық адамды шапшаңдыққа, ептілікке, мергендікке баулиды. Бүгінде республикалық федерация тарапынан бекітілген асық ойынының бір түрі бар. Ол бестабан деп аталады. Сәйкесінше жоғары деңгейдегі жарыстардың бәрі сол ереже бойынша өткізіледі.

Бестабанда ең бастысы асықты шеңберден шығарып тастау. Бұл ер балаларға арналған. Қыздар үшін бесасық ойыны бекітілген. Оның шарты қарапайым. Қатысушы жердегі асықтарды жинағанда, басқаларына қолы тимеуі керек. Ереже бұзылса, кезек келесі ойыншыға беріледі. Ол ойынды тоқтаған жерінен жалғастыра алады.

 «Асыққа қатысып келе жатқаныма үш жыл болды. Бұл – біздің ұттық ойынымыз. 5-сыныпта сынып жетекшіміз үйірмелерді жіберген кезде, асыққа қызықтым», – деді мектеп оқушысы Гүлім Сағат.

Ұлттық спорт – халқымыздың мәдени мұрасы. Білек пен білім, күш пен мінез, төзім мен сабыр сынға түсетін сан түрлі сайыстар арқылы жастарымыздың тәрбие мен тағылымды бойына сіңірері сөзсіз.

Олжас Омарбек, Ханкелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: Алматы метросында тұлғаларын дәріптейтін ерекше фотокөрме ұйымдастырылды

Новости партнеров