Қолөнер жәрмеңкесінде шеберлердің қолынан шыққан зергерлік бұйымдар, ұлттық нақышта безендірілген кілемдер көптің назарына ұсынылды.
Көктемнің шуағымен бірге келген Наурыз мейрамын Алматы жұрты ерекше сән-салтанатпен атап өтіп жатыр. Қаланың әр ауданында ұйымдастырылған мерекелік іс-шараларда дәстүр мен жаңашылдық үйлесім тапқан. Өнерпаздардың ән-күйі той көркін қыздырды. Тұрғындар Жаңа жылға аман-есен жеткендеріне саулық айтып, ақ тілекпен тағы бір қуанышты күнмен қауышты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ұлыстың ұлы күні әсем шаһардың әр бұрышында тойланып жатыр. Қаланың 8 ауданы мерекеге ерекше дайындалған, көшелер безендіріліп, сан алуан іс-шаралар ұйымдастырылған. Алатау халқы бір-біріне ақ тілегін арнап, Ұлыстың ұлы күнін ерекше сән-салтанатпен қарсы алды.
«Бүгінгі іс-шараға 30 киіз үй құрылып отыр. Әр аудан белсенділері мен білім беру мекемелері бірлесіп шағын этноауыл жасап, тойлап жатырмыз. Шамамен алғанда бүгінгі мейрамға Алатау ауданының тұрғындары мен қала қонақтары 10 мыңға жуық тұрғын келді, – деді Алатау ауданы әкімі аппараты Қоғамдық даму бөлімінің басшысы Алмат Сайділбаев.
Біз де дәл қазір мерекенің бел ортасынан, халықтың қуанышын бөлісуге келдік. Думанды той, шат-шадыман халық, ұлттық киімдегі жұртшылық Алатау ауданындағы думанға келіп отыр. Мұнда әсем ән мен күй төгіліп, алып әуе шарлары тізілген. Ал бой көтерген этноауылда ақ жаулықты аналар бауырсақ пісіріп, құрт-май ұсынып, қонақ күтіп жатыр.
«Бүгін оқушылардың шығармашылық орталығынан шәкірттер жасаған көрмені көрерменге алып келдік», – деді қала тұрғыны Күнқияш Біләлова.
Қолөнер жәрмеңкесінде шеберлердің қолынан шыққан зергерлік бұйымдар, ұлттық нақышта безендірілген кілемдер көптің назарына ұсынылды. Сондай-ақ қазақ күресі, асық ату, арқан тарту сынды ұлттық спорт ойындары ұйымдастырылып, білекті, жүректі жігіттер сынға түсті. Жаңару мерекесінде қала көшелерінің тазалығына жауапты коммуналдық қызметкерлердің еңбегі еленді. Қала билігі тынымсыз тер төккен азаматтарды құттықтап, олардың жұмысын жоғары бағалады. Күні-түні шаһардың көркін келтіріп, көшелерді мұнтаздай таза ұстап жүрген қызметкерлерге алғыс хаттар мен ақшалай сыйақы берілді.
«2015 жылдан бастап төртінші марапатым, құдайға шүкір. Жалақыны уақытылы аламыз. Ескеріп, марапат беріп жатқандарына рақмет!», – деді коммуналдық қызметкер Ержан Қожамқұлов.
«Бұл марапат – мен үшін өте маңызды, еңбегімінің жемісі», – деді коммуналдық қызметкер Жансерік Дүйсенәлі.
Ұлыстың ұлы күні бірнеше күн бойы тойланып, қаланың әр бұрышында Наурыздың сән-салтанаты сезіле береді. Күн мен түн теңеліп, жаңару мен жақсылықтың бастауы болған мереке халқымызға құт-береке әкелсін! Наурыз мейрамы құтты болсын!
Әйкерім Пернебек, Жақсылық Тілепберген
Оқи отырыңыз: Ұлттық спорт: Сыр өңірінде 200-ге жуық шабандоз кәсіби мамандардан тәлім алуда