«Бес минуттық» тосап: жимолость дәруменін сақтап қайнату тәсілі
Жазды бір банкаға «салып қоюдың» ең оңай жолы – жимолостьтан жасалатын «бес минуттық» тосап. Бұл тәсіл арқылы дайындалған тосап әрі дәмді, әрі әдемі, ең бастысы – құрамындағы пайдалы дәрумендерін жоғалтпайды.
Құпиясы неде?
Тосаптың басты құпиясы – жидектерді ұзақ қайнатпау. Оның орнына қысқа уақыт қайнатып, әр жолы суытып алу керек. Бұл әдіс жеміс бүтіндігін сақтап, тосапты қою әрі дәмі бай етіп шығарады.
Қажетті өнімдер:
- Жимолость – 2 кг
- Қант – 2 кг
- Су – 1 стакан
- Лимон қышқылы – 2 г
Осы мөлшерден шамамен 30 порция тосап алынады.
Дайындау тәсілі:
1. Жидектерді дайындау
Жимолостьты сұрыптап, майысқан, бүлінгендерін алып тастаңыз. Суық суға салып, ақырын шайып, сүлгіге жайып кептіріңіз.
2. Қантпен жабу
Жидектерді қазанға салып, үстінен біркелкі етіп қант себіңіз. Қатты езілмейтіндей етіп қазанды жайлап шайқаңыз.
3. Алғашқы қайнату
Қазанды баяу отқа қойыңыз. Жидек шырыны бөлінген соң, су құйып, араластырып, 5 минут қайнатыңыз. Көбігін алып тастауды ұмытпаңыз. Суытып қойыңыз.
4. Қайнатуды қайталау
Толық суыған соң, тағы да 5 минут қайнатыңыз. Сосын қайта суытыңыз. Бұл тәсілді кемінде 3 рет қайталау қажет. Осылайша тосап қоюлана түседі.
5. Соңғы кезең
Соңғы қайнату кезінде лимон қышқылын қосып, тағы 5 минут қайнатыңыз. Дайын тосапты алдын ала стерильденген банкаларға құйып, қақпағын мықтап жабыңыз.
6. Сақтау
Банкілерді төңкеріп, сүлгімен жауып қойыңыз. Толық суыған соң, салқын әрі қараңғы жерде сақтауға болады.
Пайдалы кеңес:
Жимолостьты ағын судың астында жумай-ақ қойған жөн – бұл жидек өте нәзік, оңай езілгіш. Ең дұрысы – су толы легенге салып, жайлап жуу.
Анықтама:
Жимолость (лат. Lonicera) – бұталы, шырмалып не төселіп өсетін өсімдіктер тобы. Бұл – Жимолостылар тұқымдасының негізгі өкілі. Жидегі дәруменге бай, қышқылтым-тәтті дәмімен және пайдалы қасиеттерімен ерекшеленеді.
Дереккөзі: Pravda.ru / Ольга Сакиулова