Астанада Кардифф университетінің кампусы ашылады
Онда 2026 жылдан бастап бакалавриат бағдарламалары оқытылады

Кардифф университеті 2025 жылы Астанада өз кампусын ашады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, алғашқы жылы оқу орны STEM (ғылым, технология, инженерия және математика) және бизнес бағыттары бойынша дайындық бағдарламаларын іске қосады. 2026 жылдан бастап бакалавриат бағдарламалары оқытылады.
«Студенттер Кардифф университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы мен ғылыми-зерттеу тәжірибесіне қол жеткізе алады. Бұл олардың халықаралық деңгейде сұранысқа ие маман болуына мүмкіндік береді. Кампустың дамуы Qualified Centre of Education қоғамдық қорымен бірлесіп жүзеге асырылады», – делінген ведомство хабарламасында.
Қазақстан Үкіметі алғашқы үш жылда 500 дарынды студентке стипендия бөлуді жоспарлап отыр. Кампус толық қуатында жұмыс істегенде жылына 2500-ден астам студентті қабылдай алады.