Шымкентте науқастарды зорлаған аурухана қызметкерлері сотталды
Жабық сот отырысында екі сотталушыға үкім шықты

Шымкентте науқастарды зорлаған психикалық аурухана қызметкерлері 15 жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық сотқа сілтеме жасап.
Теледидар көретін бөлмеде зорлаған
Қызметтік міндеттерін орындау кезінде кәмелетке толмаған адамды зорлау (ҚК-нің 120-бабы 3-1-бөлігінің 1) тармағы) дерегі бойынша қылмыстық іс жабық қаралды.
Сотталушылар Түркістан облыстық «Психикалық денсаулық орталығының» №3 әйелдер бөлімшесінде санитар-бақылаушы ретінде қызметтік міндеттерін атқарған.
«2024 жылы шілде айының ортасында орталықта емделіп жатқан науқастар Б. және сол кезде кәмелетке толмаған өзінің іс-әрекетіне жауап бере алмайтын Қ.-ны бөлімшенің теледидар көретін бөлмесінде және аулаға шығатын баспалдақтың алаңшасында дәрменсіз күйін пайдаланып еркінен тыс бірнеше рет зорлаған», - деп жазылған сот хабарламасында.
Прокурор сотталушылардың әрқайсысын 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады.
Жәбірленушілер мен олардың өкілдері және адвокаттары қатаң жаза тағайындауды сұрады. Ал сотталушылар қылмыстық әрекеттер дәлелденбеуіне байланысты өздерін ақтауды сұрады.
Әрқайсысы 15 жылға сотталды
Сот сотталушылардың қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушылардың асырауында жасөспірім балаларының болуын (2 бала, 6 бала) ескерді. Іс бойынша олардың жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
«Сот сотталушыларды ҚК-нің 120-бабы 3-1-бөлігінің 1) тармағымен кінәлі деп танып, оларды осы баппен педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, әрқайсысына 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын кесті», - дейді сот қызметкерлері.
Жәбірленушілер Б. мен Қ.-ның пайдасына әрқайсысына 10 млн теңгеден моральдық зиян өндірілді. Сонымен қатар жәбірленуші Б.-ның пайдасына адвокат қызметіне төленген 600 мың теңге өндірілді.
Үкім заңды күшіне енбеген.