Келесі жылдан бастап елімізде ұл балаларға адам папиллома вирусына қарсы вакцина салынады. Бұл туралы Сенат кулуарында Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның айтуынша, Үкімет қаулысына өзгерістер енгізу қарастырылып жатыр. Сондай-ақ министрлік енді аталған екпені 14 жасқа толған қыздарға да салуды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, былтыр күзден бері адам папиллома вирусына қарсы вакцинаны 11 мен 13 жас аралығындағы қыздарға салу басталған.
Бірінші кезеңі бітті. Екінші кезеңнің екпесі егіліп жатыр. 700 мың вакцина алынған. Сол қажетті мөлшерде 12-13 жастағы қыздарға вакцина салынған. Соның 350 мыңы егілді, – деді ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев.
Сондай-ақ Тимур Сұлтанғазиев дәрігерлерге қол көтеретіндерге жаза күшейтілетінін жеткізді. Айтуынша, қылмыстық кодекске арнайы бап енгізілмек. Бұл бастаманы бұған дейін Мәжіліс депутаттары қолдаған. Қазір Үкіметте талқыланып жатыр. Сондай-ақ вице-министр алдағы уақытта ауруханалардың науқастарды қабылдайтын бөлімдерін полицейлер күзететінін айтты.
Шұғыл түймесін енгізу туралы ұсыныстар келіп жатыр. Жұмысты полициямен бірге қатаңдатып жатырмыз, – деді Тимур Сұлтанғазиев.