Келіні зағип енесінің атына кредит рәсімдеп, Алматыға қашып кеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жамбыл облысында жас келін зағип енесінің атына бірнеше кредит рәсімдеп, қаржыны иемденіп кеткен.
Көру қабілеті зақымданған енесіне алаяқтық жасаған аудан тұрғыны Г.-ға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шықты. Тергеу деректеріне сәйкес, 2025 жылдың наурыз айында айыпталушы Г. өзінің енесі М.-ның көру қабілеті шектеулі екенін біле тұра, электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) рәсімдеу сылтауымен оның атынан бірнеше кредит рәсімдеген. Нәтижесінде алынған 514 мың теңгені иемденіп, Алматы қаласына кетіп қалған,- деп жазылған Мойынқұм аудандық сотының хабарламасында.
Сот отырысында Г. өз кінәсін толық мойындады. Істеген ісіне өкініш білдіріп, жәбірленушімен татуласқанын жеткізді. Прокурор айыпталушыға бір жылға бостандығын шектеу жазасын сұрады.
Сот айыпталушының кінәсін мойындауын, өкінуін және ауырлататын мән-жайлардың болмауын ескере отырып, Г.-ны 1 жылға бостандығын шектеу жазасына кесті.
Үкім заңды күшіне енді.