Алматы әкімдігі Сайран көліндегі тыйымға қатысты түсініктеме берді

27 Маусым 2025, 09:47
614
Бөлісу:
 Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыдағы Сайран су қоймасының толтырылуы уақытша техникалық шара болды. Су санитарлық-гигиеналық тексерістен өткен жоқ, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының мәліметінше, су санитарлық-гигиеналық тексерістен өткен жоқ. Сондықтан ҚР "Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы" және "Қоршаған ортаны қорғау туралы" заңдарына сәйкес, су айдындарына азаматтардың кіруіне шектеу қойылады. Бұл — адамдардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіптің алдын алу мақсатында жасалады.

Қазір Сайран көлінің аумағы қоршалды, себебі онда құрылыс және инженерлік-техникалық жұмыстар әлі де жүргізіліп жатыр. Су айдыны заңда белгіленген тәртіппен пайдалануға берілген жоқ, - делінген басқарма хабарламасында.

Әкімдік өкілдері көлге су жіберу жұмыстары тек уақытша іске қосу кезеңі аясында жүргізілгенін атап өтті. Қазір су деңгейі бекітілген кестеге сәйкес төмендетілді.

Қазақстан Республикасының "Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы туралы" заңының 20-бабы, 3-тармағына сәйкес, су рекреациялық мақсатта пайдалануға жарамды екені жөнінде санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің қорытындысы алынғанға дейін, шомылуға қатаң тыйым салынады, - деп нақтылады әкімдіктен.

Еске салайық, 26 маусым кешкісін Сайран көлінен тағы бір ер адамның денесі табылды. Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 25 маусым күні сағат 19:26-да сүңгуірлер 1977 жылы туған ер адамның денесін судан алып шықты. Куәгерлердің айтуынша, марқұм мас күйінде тыйым салынған жерде суға түскен.

Оған дейін республикалық жедел-құтқару жасағының сүңгуірлері жасөспірімнің денесін судан алып шыққан болатын

Тағы оқыңыз: Алматыдағы Сайран көлінде шомылуға бола ма?

Өзгелердің жаңалығы