АҚШ сенаты Трамптың ауқымды заң жобасын қабылдады

29 Маусым 2025, 10:45
718
Бөлісу:
 Getty Images
Фото: Getty Images

АҚШ Сенаты президент Дональд Трамптың федералдық шығындарды қысқартуға бағытталған "Үлкен, біртұтас, көркем" (The Big Beautiful Bill) деп аталатын ауқымды заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

NBC таратқан мәліметке сүйенсек, заң жобасын 51 сенатор қолдап, 49-ы қарсы дауыс берді. Қарсы шыққандардың қатарында екі республикашыл сенатор – Солтүстік Каролинадан Том Тиллис пен Кентуккиден Рэнд Пол бар.

2025 жылы ұсынылған бұл заң жобасы Трамптың сайлауалды негізгі уәделерін жүзеге асыруды көздейді. Құжат АҚШ ішінде де, халықаралық деңгейде де кең талқыға түсті.

Журналистердің мәліметінше, заң жобасы 2017 жылы қабылданған салық жеңілдіктерін ұзартуды, әлеуметтік бағдарламалар – Medicaid пен SNAP секілді қолдау жүйелерінің қаржысын қысқартуды көздейді. Сонымен қатар, миграциялық бақылау бағдарламаларын жүзеге асыру үшін қосымша қаражат бөлінеді. Құжатта әскери шығындарды биылғы жылы 150 миллиард долларға арттыру және мемлекеттік қарыздың шегін 4 триллион долларға дейін көтеру қарастырылған.

Айта кетейік, 27 маусымда АҚШ Конгресінің Сенаты президент Трамптың Иранға қарсы әскери операцияларды Конгрестің мақұлдауынсыз жүргізуіне тосқауыл қоюға бағытталған резолюцияны кері қайтарды.

Өзгелердің жаңалығы