15 маусым — Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереевпен сұхбаттасып, өңірде атқарылып жатқан жұмыстар мен бірқатар мәселелер жайында сұраған едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
- Жыл сайын маусымда Медицина қызметкерлері күні атап өтіледі. Биыл бұл орайда облыста қандай шаралар өтеді? Кімдер марапатталады?
- Биыл медицина қызметкерлері күнін жоғары деңгейде атап өту жоспарлануда. Басқарманың ұйымдастыруымен жоспарлы түрде облыс әкімінің қатысуымен марапаттау рәсімін өткізу жоспарланған. Еңбек өтілдерін ескере отырып, осы шарада мемлекеттік емдеу мекемелерінің тәжірибелі, осы салаға еңбегі сіңген қызметкерлері Денсаулық сақтау министрлігінің ведомствоаралық төсбелгілерімен, сонымен қатар министрдің Алғыс және Құрмет грамоталары, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталады. Одан бөлек, әр емдеу мекемесінде өз алдына мерекені ескере отырып, іс-шаралар ұйымдастырылды.
- Биылғы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша облыстың медицина саласындағы көрсеткіштерге тоқталсаңыз. Қандай ауру түрлері көбеюде? Өлім-жітім көрсеткіші қандай?
- 2025 жылдың бірінші тоқсанында Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен индикаторлар бойынша Ақтөбе облысы 18 индикаторға қол жеткізді. Ал қол жеткізілмеген индикаторлар бойынша алқа отырысы ұйымдастырылып, алдағы уақытта көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Өлім-жітім көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 7,5 пайызға төмендеді. Бүгінде 1000 тұрғынға шаққанда 6,59-ды құрап отыр.
.jpeg)
- Соңғы жылдары елімізде қан айналымы жүйелері, сондай-ақ онкологиялық аурулар көбеюде. Бұл тұрғыда біздің өңірдегі көрсеткіштер қандай?
- Биылғы 1-тоқсанның қорытындысы бойынша қан айналым жүйесінің аурулары бойынша аурушаңдық деңгейі 100 мың тұрғынға шаққанда 2240,4 көрсеткішін құрады. Бұл республикалық көрсеткіштерден төмен, дегенмен 2024 жылы 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіштерден 7,3 пайызға өскен. Осыған байланысты қан айналым жүйесі ауруларының алдын алу мақсатында Денсаулық сақтау министрлігінің № 174 бұйрығына сәйкес, 30 жастан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдердің скринингтік зерттеулері жүргізіледі. Емханаларда ауруды анықтау үшін 2025 жылдың 1-тоқсанында қан айналым жүйесінің ауруларын ерте анықтауға қаралғандар саны 25 667 адамға (18,9%) жетті. Оның ішінде 1359 науқас анықталып, қажетті тексерулерден өтіп, 1146 (84,3%) науқас диспансерлік есепке алынды.
Облыста инфарктпен ауыратын науқастарға шұғыл коронарография және стенттеу, жүректің ишемиялық ауруы бар науқастарға жоспарлы коронарография және стенттеу жүргізілетін 3 тері арқылы коронарлық араласу орталығы жұмыс істейді. Барлығы 651 коронарография, 369 стенттеу жүргізілді. Сондай-ақ, облыста кардиохирургиялық бөлімше жұмыс істейді, онда коронарлық артерияны айналып өту, ақаулар кезінде клапандарға операция жасалады. Соңғы уақытта облыста аритмологиялық қызмет дамуда: абляциялар, кардиостимуляторлар, қосалқы құрылғылар орнату жүргізілуде. МСАК деңгейінде скрининг, ХСН кабинеттері жүргізіледі және дислипидемия кабинеттері ашылды. Онкологиялық қызмет туралы биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша қатерлі ісіктердің аурушаңдығы 193,5-ті (100 мың тұрғынға шаққанда) құрады. 2024 жылдың осы кезеңінде 193,2-ні құраған болатын. Биыл жыл басынан бері диспансерлік есепке 766 науқас алынды, оның 349-ы ер адам болса, 417-сі— әйел адам. Ал былтыр 757 науқас тіркелген, оның 312-і — ер адам, 445-сі — әйел адам.
Бүгінде өңірде қатерлі ісіктерден бірінші орында колоректальды қатерлі ісік ауруы тұр, бұл бойынша 87 жағдай тіркелді, екінші орында — өкпенің қатерлі ісігі (87 жағдай), үшінші орында — сүт безінің қатерлі ісігі. Бұл аурулар бойынша өлім-жітім көрсеткіші өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 100 мың тұрғынға шаққанда 50,8-ге немесе 1,5 пайызға азайды. Қатерлі ісіктерді ерте анықтау сатысының көрсеткіші 25 пайызға артты. Бұл бағытта Ақтөбе облысында онкологиялық орталық базасында науқастарға “Жасыл дәліз” ахуалдық орталығы жұмыс істейді.
- Ана мен бала денсаулығын сақтауда өңірде қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
- Ана мен бала өлімін төмендету мақсатында Ақтөбе облысында көптеген жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, облыстық перинаталдық орталық базасында экспресс-бактериологиялық зертхана ашылып, жұмыс істеуде. Ақтөбе медициналық орталығы, облыстық перинаталдық орталығы және көпсалалы облыстық ауруханасы базасында госпитальдық фармация бөлімшелері ашылды. Акушер-гинеколог және неонатолог дәрігерлерді оқыту мақсатында облыстық перинаталдық орталығы базасында симуляциялық орталық ашылды. Акушерлік және неонатологияға арналған манекендерді, инъекция, пункция және катетеризация дағдыларын меңгеруге арналған жабдықтарды сатып алу жоспарлануда. Сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармасы 2025 жылға арналған аудандық мамандарды ротациялау және бас штаттан тыс акушер-гинекологтардың іссапар кестесін бекітті. Облыстық перинаталдық орталықта неонаталдық бөлімше ұйымдастырылды: жаңа туған нәрестелердің жансақтау бөлімі, жоғары тәуелді жаңа туғандар бөлімі, арнайы күтім бөлімі. Аталған бөлімшелердің штаттық құрылымы неонаталдық көмек стандартына сәйкес қайта қаралды. Ал ауыр жағдайда жатқан балаларға арналған онлайн-консультацияларды Қазақстанның штаттан тыс бас неонатологы Бектұрған Кариннің тұрақты түрде жүргізіп келеді. Биыл бұл бағытта облысымызда Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің базасында, UMC ұйымымен бірлесіп және Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен “Экстрагенитальды патология және жүктілік” тақырыбында республикалық конференция өткізілді. Алдағы уақытта өңірде алыс аудандардан келген жүкті әйелдерге арналған пансионат салу жоспарлануда.
- Облыста құрылысы ұзаққа созылған қанша медициналық мекеме бар? Биыл облыс бойынша қанша нысан салынып жатыр? Осыдан бірнеше жыл бұрын салынған туберкулезбен ауыратындарға арналған диспансер ғимаратының “тағдыры” не болды?
- Бүгінде денсаулық сақтау саласы бойынша Ақтөбе облысында құрылысы ұзаққа созылған бір ғана нысан бар. Ол — 300 кереуеттік облыстық туберкулезге қарсы диспансер. Бұл жобаны 2013 жылы "Актюбгражданпроект" өндірістік кооперативі әзірлеген, сараптама қорытындысы 2015 жылғы 12 ақпанда жасалды. Жалпы, бастапқы жобалау кезінде емхананың, дәріхананың және қойма үй-жайларының болуын қоса алғанда, диспансердің толық функционалдығы көзделді. Сәулет-жоспарлау шешімдерін оңтайландыру инфекциялық медициналық мекемелерге қойылатын талаптардың бұзылуына әкелді.
Бүгінде қаладағы Ақтөбе медициналық орталығы мен Батыс Қазақстан медициналық университетінің медициналық орталығы жанында орналасқан құрылысы аяқталмаған нысанның болуын назарға алып, бұл нысанды Ақтөбе облысында инфекциялық қызметті күшейту үшін инфекциялық науқастарға мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін 250 келушіге арналған емханасы бар 300 төсектік инфекциялық корпусы бар көпбейінді стационар салу көзделіп отыр. Бұл жоба үшін біз Ақтөбе облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына ұсыныс хат жолдадық. Қазіргі таңда бұл ұсынысымыз қаралып жатыр.
Нысандарға келсек, биыл облыста “Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту” пилоттық ұлттық жобасы аясында 11 нысан пайдалануға беріледі.
.jpeg)
- Қазір көпшілік жеке клиникаларға барғанды дұрыс көреді. Себебі оларда қолайлы жағдай бар. Ал мемлекеттік емханаларға барсаңыз, кезек күту, талонға таласу, дәрі-дәрмекті айлап күту, одан қалды дәрігерлердің жауапсыздығын кездестіруге болады. Облыстың бас дәрігері ретінде бұған не дейсіз? Өңірімізде тәртіп пен жауапкершілік қашан күшейеді?
- Денсаулық сақтау министрлігінің 2023 жылғы 30 наурыздағы №49 бұйрығының 107-бабына сәйкес, емхана дәрігерлерінің халықты қабылдауы алдын ала жазылу бойынша, сондай-ақ науқастар өз бетінше жүгінген кезде телефон байланысы арқылы, медициналық ақпараттық жүйенің мобильдік қосымшалары арқылы немесе "Электрондық үкіметтің" веб – порталы арқылы жүзеге асырылады. Шұғыл жағдайда келген науқастарға қатысты дәрігерлер алғашқы көмек көрсетіп, қажет болған жағдайда стационарлық көмек көрсету үшін ауруханаларға жеткізеді.
Биыл Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасына қарасты 39 амбулаториялық медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымнан 172 038 азаматты тегін дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету үшін өтінім келіп түсті. Осыған сәйкес, республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, басқармаға қарасты медициналық ұйымдар тұрғындарды тегін дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен тұрақты түрде қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар 2025 жылға арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға қажеттілікті өтеу мақсатында жергілікті бюджет есебінен және “Қазақстан Халқына” қоғамдық қорынан қосымша қаражат қарастырылды. 2024 жылы бұл бағытта 171 612 азамат осы тегін қамтамасыз ету жүйесімен қамтылды.

- Қазір медицина саласы қызметкерлерінің жалақысы көбейіп келеді. Мамандарға жақсы жағдай жасалып жатыр. Ауылдардағы дәрігерлер жайы қалай? Ауылдарда мамандар жетіспеушілігі бар ма?
- Медициналық қызметкерлерді қолдау мақсатында қазіргі таңда ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге барған мамандарға 8,5 миллион және 3 миллион теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Өткен жылдың өзінде 40 білікті маман ауылға жұмыс істеуге барды. Биыл кадр тапшылығы 166 маманды құрап отыр. Оның ішінде жалпы тәжірибелік дәрігерлер, анестезиолог-реаниматолог, травматолог, радиолог, балалар хирургі секілді мамандарға тапшылық бар. Кадр тапшылығын жабу мақсатында биыл жергілікті және республикалық бюджеттен грант есебінен аяқтайтын түлектерді тапшылығы бар емдеу мекемесіне жұмыс жасауға жіберуді қарастырып жатырмыз.
Дәрігерлердің жалақысы соңғы рет 2023 жылы 3,42 коэффицентке өскен болатын, қазіргі уақытта дәрігерлердің орташа айлық мөлшері — 548 мың теңге, ал орта буын қызметкерлерінің еңбекақысы — 271 мың теңге. Бүгінде медицина саласының мамандарына мемлекеттен жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Жалақының артуы — осындай қолдаудың бір айғағы.
Қорыта айтсақ, жуырда Ақтөбеге жасаған жұмыс сапары барысында Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев: “Ақтөбенің еліміздің батыс өңірінде медицина саласы бойынша көшбасшы болуға толық мүмкіндігі бар”,- деген болатын. Сондықтан облысымызда осы саланы дамытуда жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы, Ақтөбе медицинасының артықшылығы — мұнда мамандар даярлайтын медициналық университеттің болуы. Бүгінде осы оқу орнының түлектері еліміздің барлық дерлік аймағында жемісті еңбек етіп жүр. Сондықтан алдағы уақытта біз көрші облыстармен, әсіресе, батыр өңірлермен өзара тәжірибе алмасып, байланысты күшейтеміз.
Сөз соңында барша әріптестерімді алдағы мерекемен құттықтай отырып, еңбектеріне табыс, отбасыларына амандық, жаңа жетістіктер тілеймін. Жанына шипа іздеген жандар дертінен айығып кетсін! Дені сау ұрпағымыз көп болсын!
-Әңгімеңізге рахмет!