Ақтөбе қаласында Расул мен Полина Саматовтар отбасында үшем дүниеге келді. Амир, Амин және Айша есімді нәрестелер перзентханадан шығарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақтөбе облысының әкімдігіне сілтеме жасап.
Әкімдік мәліметінше, 30 мамыр күні сәбилерді Ақтөбе медициналық орталығының білікті мамандары сәтті қабылдап алды.
М.Оспанов атындағы БҚМУ кафедрасының профессоры Светлана Шиканованың айтуынша, статистика бойынша үшем сирек кездесетін жүктілік, әсіресе ЭКҰ (экстракорпоральды ұрықтандыру) технологияларын қолданбай болған жағдайда.
Полинаның отбасында көпбалалы жүктілікке тұқым қуалайтын бейімділік бар. Жүктілік пен босану кезеңі еш қиындықсыз өтті. Үшемнің жағдайы қанағаттанарлық, олар үйге шығарылды, - деді профессор.
Расул мен Полина – тәжірибелі ата-аналар. Үшемнен бөлек, олардың бес жасар қызы Даяна мен үш жасар ұлы Ислам бар. Балалар да бүгінгі перзентханадан шығару сәтіне қатысып, сәбилерді алғаш қарсы алды.
Жас отбасын қуанышты сәтімен облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері мен Ақтөбе қаласы Астана ауданының әкімі арнайы құттықтап келді.
Айта кетейік, 2025 жылдың басынан бері өңірде 5255 сәби дүниеге келген. Оның ішінде 51-і – егіздер, ал екі жағдайда үшем тіркелген.
Қазіргі таңда Ақтөбе өңіріндегі барлық перзентханалар заманауи медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Жүктілік, босану және босанғаннан кейінгі кезеңде әйелдерге сапалы медициналық көмек көрсетуге толық жағдай жасалған.