Мемлекет басшысы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев "Орталық Азия – Еуропа Одағы" саммитіне ерекше мән беретінін жеткізіп, аталған жиын аймақ елдерінің Еуропа Одағымен диалогын ілгерілетуге ықпал ететініне сенім білдірді.
Президенттер Алматыдағы бейресми кездесудің нәтижелі өткеніне назар аударды. Сондай-ақ оның қазақ-өзбек қатынастарын тағы бір пысықтап, бірлескен жұмыс бағыттарын айқындауға мүмкіндік бергеніне тоқталды, - делінген Ақорда хабарламасында.
Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Өзбекстан ынтымақтастығы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, екіжақты байланыстардың барлық бағыты бойынша өзара тиімді серіктестік аясын кеңейту ниетін растады.