Атырау қаласынан 15 шақырым жерде, Еркінқала ауылы маңындағы "Ақ Жайық" мемлекеттік табиғи резерваты аумағында шамамен 600 гектар аумақта қамыс өртенуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің "Қазавиақұтқару" АҚ-на тиесілі су төгу құрылғысы бар МИ-8 тікұшағы өрт ошақтарына 9 рет су шашып, жалпы көлемі 27 тонна су төкті. Өрттің елді мекендерге таралу қаупі жоқ.
Тілсіз жаумен күреске Атырау облысы ТЖД-ның жеке құрамынан және "Ақ Жайық" табиғи резерваты қызметкерлерінен құралған 82 маман мен 17 техника, сондай-ақ ТЖМ-нің тікұшағы жұмылдырылды.
Оқиға орнында жедел ақпарат алмасу мен басқаруды қамтамасыз ету мақсатында командалық-штабтық автокөлік арқылы байланыс орнатылды.
Қазіргі таңда шамамен 300 гектар аумақта өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда.