Қазақстанның соңғы жаңалықтары

«Азаматтық қоғам және үкіметтік емес сектор хақында...»

28 Наурыз 2025, 14:08
1268
Бөлісу:

Азаматтық қоғам мемлекеттің серіктесі ретінде қарастырыла бастағанына біраз болды, бірақ шынайы әріптестік деңгейі әлі толыққанды емес. Қазақстанда 22 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым (ҮЕҰ) тіркелген, соның ішінде көп болса 10 пайызы ғана тұрақты белсенді жұмыс істейді. 

Көптеген ҮЕҰ-дар әлеуметтік жобалармен айналысқанымен, саяси процестерге араласуы шектеулі. Соңғы жылдары билік кейбір белсенді азаматтарды түрлі кеңестерге, қоғамдық комиссияларға тартты (мысалы, Адам құқықтары жөніндегі комиссияға, саяси реформалар жөніндегі Ұлттық кеңеске). Дегенмен, азаматтық сектордың пікірін шешім қабылдау кезінде жүйелі есепке алу механизмі жоқ. 

Волонтерлік қозғалыс 2020 «Еріктілер жылынан» бері жанданса да, оны қолдау эпизодтық. Азаматтық қоғамның бір бөлігі мемлекетке сенімсіздікпен қарайды, шынайы диалогқа дайын емес топтар да бар. Қорыта айтқанда, азаматтық қоғаммен жұмыста сенім көпірін орнату міндеті тұр, оны ескі тәсілдермен емес, жаңа қадамдармен іске асыру керек.

Қоғамның сұранысын ескеріп, билік жанынан түрлі кеңесші органдар құру тәжірибесі бар, бірақ олар көбіне біржақты тәртіпте (билік ұсынады, қоғам мүшелері талқылайды) жұмыс істеуде. Енді оны шын мәніндегі үшжақты форматқа көшіру қажет (Үкімет – ҮЕҰ – Азаматтар). Мысалы, экологиялық мәселені алайық – бір өңірде зауыттың қалдықтарына тұрғындар шағымданды делік. 

Осы мәселе бойынша сол өңірде ҮЕҰ өкілдері, тәуелсіз экологтар, жергілікті әкімдік және зауыт басшылығы бір үстелге отырып, тең дәрежеде мәселені қарасын. Шешім іздеу кезінде билік ара ағайын, модератор ғана болып, негізгі ұсынысты қоғам өкілдері айтсын. Үшжақты келісім нәтижесі хаттамаға түсіп, оның орындалуын бірге бақыласын. 

Осындай тәсілді барлық салаларда қолдануға болады: білім, медицина, қала құрылысы, бюджет шығындары, гендерлік саясат, мүмкіндігі шектеулі жандар мәселесі – әр тақырыпқа қатысты диалогтық кездесулер тұрақты өткізілсін. Нәтижесінде Үкіметтік емес ұйымдарды тек грант орындаушы ретінде емес, саясат жасаушы серіктес ретінде қарастыру көзқарасы қалыптасуы керек.

2015 жылдан бері орталық және жергілікті деңгейде Қоғамдық кеңестер жұмыс істейді. Алайда олардың ықпалы көбіне формалды кеңес берумен шектелуде. Енді Қоғамдық кеңестерге кеңейтілген өкілеттік беру қажет сияқты. Мәселен, әр министрлік жанындағы қоғамдық кеңес сол министрліктің стратегиялық жоспарларын бекіту алдында қарауға құқылы болсын. 

Жергілікті әкімдік жанындағы кеңес сол өңірдің бюджет жобасын талқылап, кем дегенде консультативтік қорытынды шығаратын мәртебе алсын. Қоғамдық кеңес мүшелерінің ұсыныстары назарға алынбаса, тиісті мемлекеттік орган жазбаша түсіндірме беруге міндетті болуы тиіс (мұны заңдвқ актілерге енгізу керек). 

Сонымен бірге, Қоғамдық кеңеске мүше болу процесі ашықтықты талап етеді – қазір кейбір жерлерде кеңеске бір ғана ұйымның адамдары немесе әкімдікке жақын тұлғалар өтіп кетеді деген сын бар. 

Сондықтан кеңеске үміткерлерді балама негізде (сайлау тәрізді) таңдауды енгізу немесе беделді ҮЕҰ коалициялары арқылы іріктеу механизмін қарастыру қажет. Қоғамдық кеңестер шын мәнінде «билік пен қоғамның көпірі» рөлін атқаруы үшін олардың жұмысы жария болып, ұсыныстарының жүзеге асуы тұрақты мониторингке алынуы тиіс. Марғұлан Ермағанбетұлы бір постында айтқандай, ҚК зейнеткерлердің жиналатын орнына да айналмау керек.

Көптеген әлеуметтік жобаларды мемлекет өзі немесе мемлекеттік тапсырыс арқылы жүзеге асырады. Бұл ретте кей салада ҮЕҰ-лар мемлекеттен де тиімді жұмыс істей алады (мысалы, мүгедектерді реабилитациялау, ата-анасыз балаларды бейімдеу, тұрмыстық зорлықтың алдын алу т.б.). Сондықтан жаңа тәсіл – мемлекеттік қызметтерді конкурстық негізде ҮЕҰ-ларға беру. 

Әлеуметтік саладағы белгілі бір қызметті атқаруға үш жылдық мемлекеттік келісімшарттарды бәсекеге салып, білікті қоғамдық ұйымдарға тапсыруды қарастырса болады. Олардың нәтижесін KPI арқылы өлшеп, жақсы орындағандарына келесі кезеңде артықшылық берілсін. Бұл бір жағынан ҮЕҰ қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етеді, екінші жағынан қызмет сапасын арттырады (бәсеке есебінен). 

Сондай-ақ, корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік аясында ірі бизнес пен ҮЕҰ әріптестігін ынталандыру керек. Үкімет кәсіпкерлерге белгілі бір ҮЕҰ-ға демеушілік еткені үшін салықтық жеңілдік беру сияқты тетіктерді қарастырса болады. Орта мерзімде азаматтық қоғам өзі шешім ұсынатын, өзі ресурстар тартатын дәрежеге жетсе, мемлекеттің жүктемесі азайып, қоғамның саморегуляциясы күшейеді.

Мемлекеттік органдар мен азаматтық секторының арасында кадр алмасуын жолға қою – бір-бірін түсінуді арттырады. Мысалы, жылына бір рет «Азаматтық қоғамнан – мемлекеттік қызметке» ашық конкурс жариялап, белсенді ҮЕҰ лидерлерін, сарапшыларды орталық атқарушы органдарға кеңесші немесе жобалық офис жетекшісі ретінде бір жылдық келісімшартпен алу ұсынылады. 

Олар өз саласында (экология, білім, әлеуметтік қорғау т.б.) министрге тәуелсіз кеңес беріп, қоғамдық пікірді жеткізіп отырсын. Керісінше, мемлекеттік қызметкерлерге арналған «қоғамдық ұйым тағылымдамасы» бағдарламасын енгізуге болады – жас шенеуніктер 1 ай уақытын ҮЕҰ-да ерікті болып өткізіп, азаматтық сектордың жұмыс тәсілдерін үйренсін. Мұндай ротация екі тараптың да көзқарасын кеңейтіп, әріптестік мәдениетін қалыптастырады. Билік аппаратында азаматтық секторының тәжірибесі бар тұлғалар көбейсе, шешім қабылдау сапасы артады, өйткені олар қоғам қалай қабылдайтынын ескеріп отырады.

Өзгелердің жаңалығы