Баланың қолындағы смартфон: қауіп пе, мүмкіндік пе?

30 Маусым 2025, 01:27
688
Бөлісу:
 pexels
Фото: pexels

Бүгінгі баланың ермегі – қуыршақ не доп емес, смартфон. Ол арқылы әлемді танып, қызыққа қанып, жаһанмен байланыс орнатады. Дегенмен, бұл байланыс тек пайдамен шектелмейді – интернет кеңістігімен бірге бала жанына жасырын қауіптер де еніп жатыр. Жас ерекшелігіне сай келмейтін контент, кибербуллинг, алаяқтық, тіпті тәуелділік – бүгінде ата-аналар мен ұстаздарды алаңдататын басты мәселелерге айналды.

Мемлекет, қоғам, отбасы – барлығы осы сандық дәуірдің баласын қоршаған цифрлық әлемге бейімдеудің, оны қауіпсіз әрі пайдалы кеңістікке айналдырудың жолын іздеп жүр. Қазақстанда да бұл бағытта кешенді жұмыстар жүргізілуде: заңдар жаңартылып, платформалар бақылауға алынып, балалар мен ата-аналарға арналған арнайы жобалар іске қосылуда.

Ендеше, баланы интернеттегі көзге көрінбейтін қауіптерден қалай қорғаймыз? Қандай платформа пайдалы, қайсысы зиян? Мемлекет қандай шараларды қолға алды? Маман не дейді? Ата-ана не сезінеді?

BAQ.KZ тілшісі осы сауалдарға жауап іздеп көрген еді.

Балалар үшін пайдалы контенттер

Ғаламтор балалардың ой-санасын дамытуға, таным көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік беретін ауқымды орта. Қазіргі таңда арнайы жас ерекшеліктеріне сай бейімделген сапалы платформалар мен қосымшалар саны артып келеді.

Мәселен, "Balapan" телеарнасының интернеттегі мультимедиялық өнімдері бүлдіршіндердің дүниетанымын ұлттық тәрбие негізінде қалыптастыруға бағытталған. Ал халықаралық деңгейдегі Khan Academy Kids, National Geographic Kids сынды ресурстар арқылы балалар ғылыми деректермен танысып, логикалық ойлауын жетілдіре алады.

Сондай-ақ Bilimland.kz, Mektep Online секілді отандық білім платформаларында мектеп бағдарламасына сай бейнесабақтар мен жаттығулар ұсынылады. Ал kitap.kz, balalaralemi.kz секілді сайттардан қазақ ертегілері мен әдеби шығармаларды оқуға мүмкіндік бар. Мұндай ресурстар балалардың тіл байлығын дамытып, әдебиетке деген қызығушылығын оятады.

Интернеттегі жасырын қауіптер

Ғаламтор кеңістігі балаларға мол мүмкіндік сыйлағанымен, бірқатар көрінбейтін қауіптерді де бірге ала келеді. Солардың ішінде ең өзектісі — агрессия, үрей, зорлық-зомбылық элементтері бар мазмұнның қолжетімділігі. Әсіресе әлеуметтік желілер мен видеохостинг платформаларында мұндай контент жиі кездеседі.

Көп жағдайда бала мұндай материалдарды кездейсоқ қарап қоюы мүмкін. Жас ерекшелігіне сай келмейтін видеолар, қорқынышты анимациялар немесе жағымсыз көріністер бала психикасына кері әсер етеді. Бұдан бөлек, интернетте жалған ақпараттар, күмәнді жарнамалар, алаяқтық әрекеттер мен кибербуллинг мәселесі де ушығып барады. Мұндай виртуалды қысым баланың мінез-құлқына, оқу үлгеріміне және өз-өзіне деген сеніміне кері ықпал етуі мүмкін.

Тағы бір күрделі мәселе — интернетке тәуелділік. Виртуалды ойындар мен бейнежазбалар баланың бос уақытын түгелдей жаулап алып, шынайы өмірдегі қызығушылықтарын екінші орынға ысырып тастауы мүмкін. Бұл жағдай баланың денсаулығына ғана емес, әлеуметтік қарым-қатынас дағдыларына да нұқсан келтіреді.

Мұндай ахуалмен бетпе-бет келген ата-аналар да бар.

Ортаншы ұлымның жасы 11-де. Карантиннен кейінгі кезеңде гаджетке байланып қалғанын байқадық. Бұрын аулада доп теуіп, достарымен ойнайтын. Қазір болса – сабақтан келе салып, планшетіне үңіледі. TikTok, ойын, YouTube – басқа қызығы жоқ сияқты. Далаға шығуға ерінеді, достарымен де сирек араласады. Бірде демалыс күні үйде интернет сөнді – сол кезде балам ашуға мініп, мазасыздана бастады. Сол сәт бізге шындықты көрсеткендей болды: бұл жай ғана ойын қызығушылығы емес, бұл – тәуелділік екен. Қазір отбасы болып экран уақытын шектеуді қолға алдық. Уақыт белдеуін қойдық, әр кеш сайын отбасылық әңгіме жүргіземіз. Қызықты кітаптар, үстел ойындары арқылы біртіндеп виртуалды әлемнен алыстатуға тырысып келеміз, - дейді үш баланың анасы астаналық Дамира Сапарбекова.

Бұл – бір ғана отбасының мысалы. Бірақ дәл осындай жағдай бүгінде мыңдаған қазақстандық отбасында қайталанып отыр. Сондықтан интернеттегі қауіптерге көз жұмуға болмайды – ата-ана да, ұстаз да, қоғам да қырағылық танытып, баланы цифрлық әлемде жалғыз қалдырмауы тиіс.

Баланың ғаламтордағы жүріс-тұрысы мен қызығушылығына бірінші кезекте ата-аналар мен мұғалімдер жауапты. Цифрлық технологиялар дәуірінде баланы ғаламтордан толық шектеу мүмкін емес, әрі бұл қажетті де емес. Керісінше, оның желідегі белсенділігін бақылап, пайдалы ресурстарға бағыттап, зиянды контенттен қорғай білу маңызды.

Ол үшін арнайы ата-ана бақылауына арналған қосымшаларды пайдалану, интернеттегі қауіпсіздік ережелерін үйрету, балаға жеке деректерді қорғау, бейтаныс адамдармен байланысқа түспеу сияқты дағдыларды қалыптастыру қажет.

Мектептерде де "Цифрлық сауаттылық" пен интернет мәдениетін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуі керек. Бұл тек информатика пәнімен шектелмей, тәрбие сағаттары мен сыныптан тыс іс-шараларда да көрініс табуы тиіс.

Мамандар не дейді?

Мамандардың айтуынша, баланың интернеттегі мінез-құлқы мен дағдыларына отбасы мен мектеп тең дәрежеде әсер етуі тиіс. Психологтар мен IT саласының сарапшылары бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін екі бағыт – эмоциялық қолдау мен техникалық бақылау қатар жүруі қажет екенін айтады.

Соңғы жылдары бізге ата-аналар тарапынан «балам интернетке байланып қалды», "телефонсыз өмір сүре алмайды" деген мазмұндағы шағымдар жиілеп келіп жатыр. Баланың экран алдындағы уақыты үш сағаттан асса, бұл – дабыл қағарлық деңгей. Ең тиімді тәсіл – баламен бірлесе отырып сапалы контентті қарау және оны бірге талқылау. Бұл тек бақылау емес, тәрбиелік қарым-қатынастың бір бөлігі болуға тиіс, - дейді педагог-психолог Рахат Исақұлова.

Осы тұрғыдан алғанда, цифрлық ортада баланы қорғаудың техникалық аспектілері де маңызды.

Қазір балалар қолданатын көптеген танымал қосымшаларда арнайы "балалар режимі" бар. Алайда кей ата-ана бұл функцияларды қолданбайды немесе қалай іске қосу керектігін білмейді. Балаға қарапайым тілмен цифрлық қауіпсіздік ережелерін түсіндіру – болашақта өз мәліметін қорғауға үйрететін маңызды мәдениет, - дейді ақпараттық қауіпсіздік маманы Ержігіт Сейілханов.

Қазақстандағы цифрлық қорғаныс: қандай шаралар жүзеге асырылуда?

Балаларды интернет кеңістігіндегі қауіптен қорғау — бүгінгі таңда мемлекет пен қоғам үшін басым бағыттардың бірі. Осы мақсатта елімізде бірқатар нақты шаралар жүзеге асырылуда:

1. «Кибер Тұмар» ақпараттық-білім беру жобасы
UNICEF пен ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен қолға алынған бұл жоба балалар мен ата-аналарға интернеттегі қауіп-қатерлерден қорғану жолдарын үйретуге бағытталған. Жоба аясында түрлі бейнероликтер, жадынамалар және интерактивті материалдар әзірленіп, ақпараттық қауіпсіздік дағдылары түсіндірілуде.

2. Ата-аналарға арналған мастер-класстар
2024 жылы еліміздің бірқатар қалаларында (Алматы, Ақтау, Қостанай, Түркістан, Семей) цифрлық қауіпсіздік, балалар психологиясы және әлеуметтік желілердегі мінез-құлық тақырыбында тегін тренингтер ұйымдастырылды. Бұл шаралар ата-аналардың цифрлық ортада жауапкершілігін арттыруға сеп болды.

3. Арнайы балаларға арналған SIM-карталар
Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен енгізілген жаңа тарифтік жоспарлар балалардың ғаламторды қауіпсіз қолдануын көздейді. SIM-карталарда ата-ана бақылауы, контент сүзгісі, геолокация және онлайн уақытты шектеу мүмкіндіктері қарастырылған.

4. Заңнамалық өзгерістер
2025 жылы елімізде «Балаларды ақпараттық кеңістікте қорғау» туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл түзетулер жас ерекшеліктеріне сай емес контентке шектеу қоюды, сондай-ақ әлеуметтік желілердің жауапкершілігін арттыруды міндеттейді. Бұдан былай платформалар 24 сағат ішінде заңсыз немесе зиянды контентті өшіруге міндеттеледі.

5. Халықаралық ынтымақтастық пен цифрлық технологиялар
Қазақстан UNICEF-пен бірлесіп «Kazakhstan Kids Online» атты кешенді зерттеу жүргізіп, балалардың интернеттегі мінез-құлқын зерделеуде. Сонымен қатар, Meta (Facebook) компаниясымен жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша әріптестік орнату бағытында жұмыстар жүріп жатыр.

Ғаламтор – балалардың дамуы мен білім алуына мол мүмкіндік сыйлайтын орта. Бірақ ол – тек пайда емес, тиісті бақылау мен бағдар берілмесе, қауіпке де айналуы ықтимал. Сондықтан қазіргі қоғам балаларға арналған онлайн контентті сапалы әрі қауіпсіз етуді басты назарда ұстауы тиіс. Бұл бағытта ата-ана, мектеп, мемлекет және ІТ компаниялары бірлесе әрекет етуі қажет. Себебі болашақ бүгін интернетпен танысып жатқан баланың қолында.

Өзгелердің жаңалығы