Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов палатаның жалпы отырысында ChatGPT-ге әріптесі депутат Ерлан Саиров туралы өлең шығартқызған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс “Жасанды интеллект туралы” заң жобасын бірінші оқылымда талқылап жатыр.
Қазір мен осында отырып чат джипитиге “Ерлан Саиров туралы өлең керек. Ол депутат, саясаткер. Шығыс Қазақстанның тумасы. Олигархтармен аяусыз күресіп жатыр” деп тапсырма бердім. Маған бес шумақ өлең жазып берді, - деді депутат.
ChatGPT депутаттың берген тапсырмасына сай Саиров туралы өлең шумақтарын шығарып берген.
Депутат өлеңнің бір шумағын оқып берді.
Қазір әлеуметтік желіде осындай қаптап жатыр. Жасанды интеллект туындыларына ешқандай авторлық құқық иесі жоқ. Технологиялық, коммуникациялық, инфрақұрылымдық тұрғыдан сөз жоқ керек. Ал енді шығармашылық тұлғалар, ақын, жазушылар, драматургтер қаптамай ма деген ой бар, - деп айтты Әшімжанов Мәжілісте.
Еске сала кетейік, осыған дейін Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев жасанды интеллектінің адамзаттың рухани дамуына қауіпті екенін айтып алаңдаушылық білдірді. Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева жасанды интеллекттің еңбек нарығына әсері туралы пікір білдірген еді.