Елордада автобус аялдамасын сындырған азамат жауапқа тартылды

14 Маусым 2025, 04:17
747
Бөлісу:
 Polisia.kz
Фото: Polisia.kz

Астанада қоғамдық тәртіпті бұзған 42 жастағы азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабрлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Патрульдік қызмет барысында полиция қызметкерлері сауда үйлерінің бірінің маңындағы аялдамада орындықта ұйықтап жатқан ер адамды байқайды. Қоғамдық орында болу себебі анықталып жатқанда, азамат кенеттен агрессия танытып, жерден тас алып, аялдама павильонының әйнегін сындырған.

Бұдан бөлек, құқық бұзушы жол жүру бөлігін кесіп өтіп, көлік қозғалысына кедергі келтірген және жол қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндірген.

Аталған азамат құқық бұзушылық әрекеттері үшін жауапқа тартылып, оған қатысты әкімшілік шаралар қабылданды.

Полиция департаментінің мәліметінше, елордада вандализм, бұзақылық және мәдениетсіздікке “нөлдік төзімділік” қағидаты негізінде жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру бойынша 115 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның 61-і қамауға алынған.

Құқық қорғау органдары "Заң және тәртіп" тұжырымдамасы аясында кез келген құқық бұзушылыққа қатаң тосқауыл қойылатынын ескертеді.

Полиция азаматтарды қоғамдық тәртіпке құрметпен қарауға және қандай да бір құқық бұзушылықтың куәсі болған жағдайда 102 нөміріне дереу хабарлауға шақырады.

Өзгелердің жаңалығы