Израиль Қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Ираннан бағытталған зымыран шабуылдарының төртінші толқыны басталғанын хабарлады. Әскери мәліметтерге сәйкес, бірнеше зымыран Израильдің әртүрлі аймақтарында тіркеліп, дабыл сиреналары қосылған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Біраз уақыт бұрын Израильдің бірнеше аймағында Ираннан бағытталған зымырандар анықталып, қауіп дабылдары қосылды, - делінген ЦАХАЛ мәлімдемесінде.
Армия өкілдері әуе шабуылынан қорғану жүйелерінің жұмыс істеп тұрғанын, алайда жүйенің "герметикалық" емес екенін атап өтті. Сондықтан ЦАХАЛ азаматтарға тыл қолбасшылығының қауіпсіздік нұсқауларын мұқият орындауға кеңес берді.
Бұған дейін 13 маусым күні Израиль Иран аумағындағы ядролық инфрақұрылымға алдын ала соққы жасаған еді. Оған жауап ретінде Иран тарапы 150-200-ге жуық зымырандық шабуыл жасап, нәтижесінде 63 адам жарақат алды, тағы 300-ге жуық адам эвакуацияланған болатын.
Израильдің әуе шабуылдары Иранның сегіз провинциясындағы кем дегенде 60 нысанды қамтыды. Сарапшылар бұл жағдайдың Таяу Шығыстағы қауіпсіздік ахуалына айтарлықтай әсер етуі мүмкін екенін айтып, ядролық шиеленістің ушығуына алаңдаушылық білдіруде.