Нидерланды астанасында өткен НАТО-ның Гаага саммиті – ұйым тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі болды. Қорғанысқа бөлінетін шығындарды арттыру қажеттілігі саммиттің басты тақырыбына айналды. ВВС саммиттің негізгі қорытындыларын жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қорғаныс шығындарының айтарлықтай артуы
НАТО елдері ЖІӨ-нің 5%-ын қорғанысқа жұмсау туралы уағдаласты. Бұл – қазіргі орташа 2% деңгейімен салыстырғанда күрт өсім. Оның ішінде 3,5% тікелей қарулы күштер мен әскери техникаларға бағытталуы тиіс, ал 1,5% киберқауіпсіздік, инфрақұрылым, инновация сынды жанама қорғаныс салаларына жұмсалмақ.
Бастама 10 жыл ішінде жүзеге асырылады. Жоспарлар жыл сайын жаңартылып, 2029 жылы қайта қаралады.
Ұжымдық қорғаныс принципі бекітілді
НАТО-ның 5-бабы – бір елге жасалған шабуылды барлығына жасалған әрекет ретінде қарастыратын қағида тағы да нақты расталды. Дональд Трамптың бұған дейін бұл бапты күмәнмен қабылдаған мәлімдемелеріне қарамастан, саммитте ол:
Мен 5-бапты қолдаймын, сол себепті осындамын, - деп мәлімдеді.
Бұл мәлімдеме Балтық елдері мен Шығыс Еуропадағы одақтастарға тыныштық сыйлады.
Испания – сынның ортасында
Испания премьер-министрі Педро Санчес қорғаныс шығындары бойынша төмен деңгейдегі көрсеткіш үшін Трамптың ашық сынына ұшырады. АҚШ президенті:
Испания біреудің есебінен өмір сүргісі келеді, - деп мәлімдеді.
Трамп пен Рютте арасындағы ерекше сәттер
НАТО-ның жаңа Бас хатшысы Марк Рютте мен Дональд Трамп арасындағы диалог ерекше есте қалды. Рютте Трампты "Иранмен байланысты батыл әрекеттері үшін мақтап", оны тіпті "әке" деп атады. Трамп мұны өзіне ұнап қалғандай қабылдап:
Егер ол мені жақсы көрмесе, қайтып келіп, оны қатты ұрамын, - деп әзілдеді.
Қорытындылай келе, Гаага саммиті НАТО үшін жаңа кезеңнің бастамасы болды. Қорғаныс шығындарын арттыру, ұжымдық қауіпсіздікті растау және Украинаға қолдауды жалғастыру – ұйымның басты стратегиялық бағыттарын анықтады. Алайда, саяси реңк пен лидерлер арасындағы тұлғалық қатынас саммиттің атмосферасына да әсер етпей қоймады.