Оңтүстік өңірлердегі су шаруашылығының жағдайы белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Айтуынша, жалпы республика бойынша 12 млрд текше метр суды алу жоспарда бар.
Оның 97%-ы оңтүстік өңірлерге ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1,2 млн гектар алқапты суару үшін бағытталады. Оның ішінде «Қазсушар» РМК-ның 2025 жылға арналған алдын ала су пайдалану жоспары бойынша 8,8 млрд текше метр суару мақсаттарына бөлінген. Бүгінгі таңда 4,8 млрд текше метр су алынған, бұл вегетациялық кезең жоспарының 55%-ы. Вегетация соңына дейін тағы 4 млрд текше метр су беру қажет, - деп атап өтті ведомство өкілі.
Сонымен қатар ол елдің оңтүстік өңіріндегі су шаруашылығының жағдайына тоқталды.
Қазіргі уақытта Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі су шаруашылығы жағдайы мынадай: Алматы және Жетісу облыстарында вегетациялық кезең тұрақты өтіп жатыр, аграрлық секторды сумен қамтуда елеулі тәуекелдер тіркелген жоқ. Жамбыл облысында да вегетациялық кезең жоспарлы тәртіпте жүргізіліп жатыр, - деді Нұрлан Алдамжаров.
Бұған дейін ол ауа райының күрт өзгерісі су ресурстарына қысым түсіріп отырғанын айтқан еді.