Ертіс өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне және ағынның қатты болуына байланысты Павлодар облысында жоғалған балықшыны іздеу жұмыстары уақытша тоқтатылды. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ведомствоның мәліметінше, іздеу шаралары 10 күн бойы белсенді түрде жүргізілді. Құтқарушылар эхолот арқылы өзен түбін 3800 шаршы метрден астам аумақта зерттеп, 240 шақырымға созылған жағалау сызығын тексерген. Жұмыс барысында таяз жерлер, аралдар, суға құлаған ағаштар мен дрифт аймақтарына ерекше көңіл бөлінді. Сонымен қатар 43 сүңгу жұмысы атқарылған.
Іздеуге күшті ағыс пен судың лайлылығы кедергі келтіріп отыр. Ертіс түбінде көріну нөлге тең. Сондықтан қауіпсіздік мақсатында іздеу уақытша тоқтатылды, — делінген ТЖД хабарламасында.
Аталған іздеу шараларына Абай облысынан қосымша құтқарушылар жұмылдырылған болатын.
Еске сала кетейік, 12-сінен 13 сәуірге қараған түні Тереңкөл ауданында балықшы өзенге баржадан секіріп, із-түссіз жоғалған. Қазіргі уақытта жағдай бақылауда, іздеу қайта жалғасуы мүмкін.