Павлодар қаласындағы мейрамханалардың бірінде болған жаппай улану дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралыBAQ.KZ «Pavlodar.News» сайтына сілтеме жасап хабарлады.
Аталған бап (санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормаларды бұзу, абайсызда жаппай улануға әкеп соғу) бойынша кінәлі тұлғаға мынадай жаза көзделген:
2000 АЕК-ке дейін айыппұл;
600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту;
2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру.
Сараптама қорытындысы
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мамандары тексеріс барысында дайын тағамнан, шикізат пен ас үй құралдарынан келесі қауіпті микробтарды анықтады:
Сальмонелла;
Стафилококк;
Ішек таяқшасы (E. coli).
29 адам зардап шекті
Оқиға 9 маусым күні тіркелген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше:
29 адам медициналық көмекке жүгінді;
15 адам ауруханаға жатқызылды;
Қалғандары амбулаториялық ем қабылдауда.
Ауруханаға түскендердің жағдайы — орташа ауыр. Науқастарда интоксикация, диарея және қызу (гипертермия) байқалған. Зардап шеккендердің қатарында жүкті әйел мен бір бала бар.
Тексеруден өтпеген қызметкерлер
Тексеру барысында банкет залында жұмыс істеген 7 қызметкердің медициналық тексеруден өтпегені анықталған. Олар уақытша жұмысынан шеттетілді.