PwC компаниясы жексенбі күні жариялаған Қытайдағы инвестициялық мүмкіндіктер туралы есебінде елдің тұтыну нарығындағы ауқымды өсу әлеуеті көрсетілген, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2024 жылы Қытайдың ЖІӨ 5%-ға өсіп, орташа көлемдегі бір елдің экономикасына тең қосымша құн өндіргені көрсетілген.
Қытай билігі тұтынуды арттыру мақсатында арнайы бастамалар қабылдады. Олардың қатарында қалалық және ауылдық тұрғындардың табысын көбейту, қызмет көрсету саласын кеңейту, тұрмыстық техника мен көліктерді жаңарту бағдарламаларына қолдау көрсету сияқты шаралар бар.
PwC есебінде жастардың тұтыну нарығында жетекші рөл атқаратыны айтылған. Олар өнер көрмелері, иммерсивті ойындар және ақылды гаджеттер сияқты салалардағы сұранысты арттыруда.
Ауылдық аймақтарда да тұтыну қарқыны өсуде. 2024 жылы ауылдық интернет-сауданың көлемі 6,4%-ға артып, ауыл шаруашылық өнімдерінің сатылымы 15,8%-ға өскен. Электронды сауда, логистика және білім беру қызметтері бұл аймақтағы перспективалы инвестициялық бағыттарға айналуда.
Егде жастағы тұрғындар сегменті де тұтыну нарығының маңызды бөлігіне айналды. 50-65 жас аралығындағы тұрғындар жоғары сапалы медициналық өнімдерге, туризмге, білім беру және тренингтерге қызығушылық танытуда. 2035 жылға қарай Қытайдағы егде жастағы тұрғындардың ЖІӨ-ге қосқан үлесі 6%-дан 9%-ға дейін артады.
2025 жылдың басынан бері Қытайдың бөлшек саудасы 4%-ға өсті, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 0,5 пайыздық тармаққа жоғары. Энергия үнемдейтін тұрмыстық техника сатылымы 166%-ға, жаңа энергия көздеріндегі көліктер сатылымы 52%-ға өсті.
Дүниежүзілік банктің бұрынғы вице-президенті Иэн Голдиннің айтуынша, Қытайдың экономикалық өсуі барған сайын ішкі сұранысқа негізделіп келеді.
Лондондық S4 Capital компаниясының негізін қалаушы сэр Мартин Соррелл Қытайдың тұтынуды ынталандыру жоспарының алғашқы нәтижелері көріне бастағанын айтты. Оның пікірінше, Қытайдың технологиялық, автомобиль және фармацевтикалық секторларында үлкен мүмкіндіктер бар.
АҚШ-тың Corning компаниясының бас директоры Уэнделл Уикс Қытайға инвестиция салуды жалғастыратынын мәлімдеді.
Біз бұл елге 45 жылдан бері инвестиция құйып келеміз және болашақта да жалғастырамыз, – деді ол.